ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

Судья ажырасуға бел буған ерлі-зайыптылардың арызын 3 айға дейін қарамауды ұсынды

 Бұл отбасын сақтап қалу үшін керек

Көрнекі фото

Парламентте «Медиация туралы» заң жобасын талқылау кезінде бірқатар ұсыныс жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ұлбосын Сүлейменова неке және отбасы туралы, азаматтық іс жүргізу, еңбек кодекстеріне өзгеріс енгізуді ұсынды. Олардың арасында отбасы мен неке институтын нығайтуға ықпал ететін рәсімдер де бар.

«Некені бұзу туралы қолданыстағы редакция бойынша сотқа арыз қабылданған сәттен бастап 1 ай өткенше сот еш әрекет жасамайды. Тараптар отбасын сақтап қалуды тағы да ойластыру үшін бұл мерзімді 3 айға дейін ұзарту ұсынылады», - деді  судья.

Құжатты талқылау кезінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин медиация институтына сенімнің төмендігі мен тиісті ұйымдардың кәсіби медиаторларды даярлау сапасына көңіл бөлмей отырғанын айтты.

Ал «Ұлттық медиаторлар палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Светлана Романовская «медиатор» мамандығын мемлекеттік мамандар тізіліміне енгізуді ұсынды. Сонымен қатар ол тұтынушылар құқығын қорғауда, еңбек және отбасылық дауларда медиацияның міндетті болуы маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры Жанділда Жақыпов медиаторлар ұйымдарының саны көптігі мен олардың арасында бірыңғай үйлесім жоқтығын айта келіп, реттеуші орган құру жайлы бастама көтерді.