$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қате болса да қабылдаған»: Ұлттық киноны қолдау орталығына қарсылық басылар емес

«AMANAT» партиясы Мәдениет және спорт министрлігінен тәуелсіз комиссия тобын құруды талап етті

«Қате болса да қабылдаған»: Ұлттық киноны қолдау орталығына қарсылық басылар емес
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Алматыда бір топ киногерлер енді қарсылық акциясын Астанада өткізбек. Олар апта соңында Мәдениет және спорт министрлігіне барып, кино саласындағы келеңсіздіктер жайында кеңес өткізбек. Мемлекеттік мекеме мен киногерлердің арасында өршіп тұрған даудың шешімін табу мақсатында «AMANAT» партиясы қос тарапқа алаң ұсынды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарапынан орын алған келеңсіздіктерді киногерлер тағыда жайып салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Байқау жарияладық. Сол байқауға жеке компаниялар өз жобаларымен қатысады, сценарийлерін жібереді. Орталықтың жанында кеңес құрылған, оған 13-15 адам кіреді. Сарапшылардың тізімі Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Біз тек сол жұмысты ұйымдастырып береміз. Комиссия өнер жағынан қарап, оқып шығып, үздік сценарийлерді таңдайды, қолдайды. Сосын біз таңдалған тізімді министрліктегі ведомствоаралық комиссияға жібереміз. Министрліктің ақшасын біз бұйрық бойынша компанияларға таратамыз. Кейін дайын фильмдерді, қаржылық есептерді де біз қабылдаймыз»,  - деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары Қанат Төребай.

Биыл 6 наурызда кезекті байқау жарияланып, оған киногерлерден 290 жоба түскен. Алайда осыншама фильмдердің сценариін жылдам қарап шыққан комиссия небәрі бір айдан астам уақыт ішінде 130 киноның құжатын қабылдап алған. 153 фильмнің сценариі талапқа сай емес деген сылтаумен өтпей қалған.Осы жағдайдан кейін киногерлер бас көтеріп, орталықтың заңсыздыққа барғанын айтып, мемлекеттің киноны дамытуға бөлген қаражаты әділетсіздікпен таратылмақ деп шықты. Тіптен киногерлер Алматыда арнайы митинг де өткізді. Партия өкілдері үш жүзге жуық жобаның сценариін қарап, танысып шығуға кемі жарты жыл керек екенін алға тартты. Сонымен қатар  орталық тарапынан қолдауға ие болған 130 фильмнің қандай ерекшеліктері арқылы өтіп кеткенін де орталықтың басшыларынан түсіндіруді сұрады. Ал байқаудың аяқталуына небәрі екі күн ғана қалғанда құрылған кинокомпаниялардың ұсынған сценарилері мен құжаттары еш қиындықсыз-ақ қабылданып кеткен. Тіптен талапқа сай емес, қате құжат жіберген компаниялар да кино түсіруге мүмкіндік алған. Бұл сұрақтарға Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы жауап бере алмады.

«Байқауға қатысу үшін талаптарымыз бар. 10-15 құжатты талап етеміз. 130 фильмнің құжаты келесі турға өткен. Жыл сайын министрлер ауысады, алдыңғы министр шығарған бұйрықты соңғысы бұзып, өзгертіп тастайды. Киноны дамытуда министрге де, комитетке де қарамайтын, Үкіметтен бекітілген бір бағдарлама, бір  ұстаным жоқ. Орталықтың кінәсі не? Ол тек орындаушы. Бізде де осы салада іргесі қаланған құжат, не  бағдалама жоқ»,  - деді орталықтың өкілі. 

Отырысқа Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан басқа киногер және зиялы қауым өкілдері қатысып, келеңсіздіктерді кезек-кезек көтерді. Осы жылдың 12 мамырында киногерлер Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталығының алдында наразылық акциясына шыққан еді. Заңсыз жиын өткізді деп айыпталған киногерлер мен актерлердің кейбірі сот пен полиция тарапынан қудалауға да ұшырады. «Miras» кеңесі осы келеңсіздіктердің  анық-қанығын біліп, екі тарапты да  тыңдап, кеңес мүшелерімен бірге проблеманы шешуге тырысатындарын хабарлады.

«Үздік сценарий» деп танылған жоба биыл өтпей қалған. Жинайтын қалың құжаттардан бұрын,  алдымен  сценарийлерді қарап, таңдау керек. Фильмнің сценрийлері сапалы таңдалса, содан кейін барып қана құжаттарды жинауға орталық көмектесу керек. Танымал адамдардың ықпалына қарамау керек. Орталыққа құжат маңызды ма, әлде елде сапалы киноны дамыту маңызды ма? Комиссиядан өтпей қалған бұл жігіттердің кино түсіруге қақысы бар. Екіншіден, қазір проюдсер деген қаптады. Не актер емес, не режиссер емес, не драматург емес, не сыншы емес. Қаржыгерлер, олар қалай осы салаға кіріп алады?  Мықты актерлерге ақша төлегісі келмейді де, көшеден адам әкеледі, таныстарын түсіреді. Ақшаны алып қалу, одан қайдан сапалы фильм шығады? Осындайларға қаржы беріледі»,- деді актер Болат Әбділманов.

Байқаудың аяқталуына небәрі екі күн қалғанда ғана құрылған компаниялардың жобалары өтіп кеткен

Орталықтың әрекетіне киногерлер ғана емес, актерлер де қарсы шығып жатыр. Киногерлер аптаның соңында Астанаға  барып, тікелей министрге шағымдары мен ұсыныстарын айтпақ.

«Әу бастан-ақ заңбұзушылық орын алған. Мысалы, министрліктегі Дәуешовтың атынан  17 ақпанда шығарылған бұйрық бар. Іріктеу ережелерінің қағидасын сол кезде бекіткен. Кейін байқау жарияланып кеткен соң, қазіргі министрдің бұйрығы 10 наурызда шығады, алдыңғысына өзгертулер енгізілген. Бұл да заңға қайшы, байқау жарияланып кеткен соң ережені қайта бекіту дұрыс емес. Алдыңғысында киногерлерді «өтініш беруші» десе, кейінгісінде байқауға қатысушыларды «қаржыны алушылар» деп бекіткен. Біз қаражатты алушы емеспіз, тек байқауға қатысушымыз. Келісімшарттан соң ғана кинокомпаниялар қаржыны алушы бола алады. Сосын «қате ақпарат» қабылданбайды делінген де,  ол «қате ақпарат» деген сөзге түсінік, анықтама берілмеген. Бізге ескерту келді, барып не, қандай құжат қате, қандай ақпарат қате десек,  ешқайсысы айта алмайды. Орталықтың қызметкерлері соңғы бұйрықты сайттарына салмаған, киногерлерге ескертпеген. Біз 10 сәуір күні орталыққа барып едік, 150 киногерміз, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастығы Есетжан Қосубаев пен оның орынбасары Бауыржан Шүкенов бізді итпісің, адамбысың деген жоқ, кабинеттерінен де шықпады. Бізге мәселені түсіндіру керек еді. Мәселені түсінуге, не болып жатқанын білуге өзіміз барып тұрмыз. Сосын құжаттардың саны қырық шақты, көп. Қате болса да бірдей құжат өткізген компаниялар бар. Ол құжаттарды біз білетін адамдарға жасатамыз. Бірақ құжаттық қателік бірдей болса да, тек белгілі адамдардың ғана жобасы өтіп кеткен. Сосын байқаудың аяқталуына небәрі екі күн қалғанда ғана құрылған компаниялардың жобалары өтіп кеткен. Бізде бұндай дәлелдемелер өте көп.Тәуелсіз комиссия құрылсын. Біз министр Асхат Ораловпен кездесуге барамыз, қабылдамаса Ақорданың алдына жиналамыз»,- деді актер Азамат Шарғынов.

Киногерлер соңғы жағдайдан кейін орталық отандық фильмді қолдау емес,  қорлауға айналды деп санайды. Бір столдың басында кезекті рет орын алған айтыстан соң бірнеше сұрақ жоғарыда көтерілетін болды.

«Киногерлер Мәдениет және спорт министрлігінен тәуелсіз комиссия тобын құруды, тәуелсіз комиссияның қорытындысы шыққанға дейін сараптамалық кеңестің жұмысын уақытша тоқтатуды,  ұйымдастыруды, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына ұсынылған 283 жұмыс құжаттарын тәуелсіз комиссия тобы қайта тексеріп, заңсыз іс-әрекеттер анықталған жағдайда, аталған орталық басшылығына тиісті шаралар қолдануды талап етті. Аталған талап, ұсыныстар отырыста тыңдалып Республикалық «Miras» кеңесіне жіберілді»,  - деп хабалады «AMANAT» партиясы  Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметінен.

Серіктес жаңалықтары