«Тәсбих тартылмайды, құран оқылмайды»: Діни басқарма жұма намазына қатысты мәлімдеме жасады
Коронавирустың алдын алу шаралары
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғаттағы зәрулік үкімін негізге ала отырып, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасы ретінде жұма намазына байланысты бірқатар шектеулер енгізді, деп хабарлайды muftyat.kz.
Жұма намазынан бұрын айтылатын 30 минуттық уағыз 20.03.2020 жылдан бастап уақытша тоқтатылады.
Намаз уақыты кіре сала азан айтылады, 4 ракағат сүннет өтеліп, жұма намазының 2 ракағат парызы қысқа сүремен оқылады;
Жұма намазының парызынан кейін оқылатын 4 рәкағат сүннетті үйде оқуға кеңес береміз;
Намаздан кейін тәсбих тартылмайды, Құран оқылмайды, имам қысқа дұға жасайды;
Намаздан кейін жамағат қол беріп «Жұма қабыл болсын» деп амандаспайды;
Мешітке бетперде (маска) киіп келу;
Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;
Жұма намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
Жұма намазға денсаулығы жарамайтын қариялар, науқастар мен әйелдердің қатыспағаны абзал;
Ауа райы қолайлы аймақтарда жұма намазын мешіт ауласында оқуға рұқсат.
Дін басқарма мұсылман қауымын осы жағдайларға түсіністікпен қарауға шақырады. Бұл мәлімдеме ағымдағы жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енеді.