Түркістанда жұмыс беруші кәмелетке толмаған қызды зорлаған
Іс сотқа бірнеше бап бойынша түскен
Түркістанда дөнер сататын дүңгіршекке жұмысқа орналасқан кәмелетке қызды жұмыс берушісі зорлап, артынша біраз уақыт қорқытқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі өзінің Instagram парақшасында жазды.
«Дөнер сататын дүңгіршектің иесі оны бірнеше рет зорлады, «бүкіл Түркістанға айтып, ата-анаңа фото мен видеоны көрсетіп, ұятқа қалдырамын» деп қорқытқан. Кәмелетке толмаған қыз шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсамақ болды, абырой болғанда, ата-анасы біліп, полицияға арыз берді», - деп жазды қоғам белсендісі.
Дина Таңсәрінің жазғанына сенсек, алғаш рет ол оны мектептегі соңғы қоңырау болған күні зорлаған. Оқушы қыз мектептен шыққан кезде ер адам көлікпен келе жатып, жұмыс туралы сөйлесу керек екенін айтқан, осылайша оны көлігіне отырғызып, қаланың сыртына алып кеткен. Оқушы қызды зорлағаннан кейін оған үйленемін деп уәде берген. Бірақ кейін қорқытып, тағы бірнеше мәрте зорлық көрсеткен.
«Іс сотқа бірнеше бап бойынша түскен. Кәмелетке толмағандарды зорлау, өз-өзіне қол жұмсау және өзінше билік ету. Бірақ судья дәлелдемелерді бағалап, аталған фактіні бұл өзара жыныстық қатынас деп шешті және зорлаушыны ақтады, тек «өзінше билік ету» бабын қалдырды. Бұл сұмдық үкім үшін қанша ақша төленді? 17 мамырда осы іс бойынша апелляциялық сот болады, қыздың ағасы зорлаушыны жазалауға көмектесуін өтінеді», - деп жазды Дина Таңсәрі.