1,4 млрд теңге залал келтірген: Астанада ХҚКО қызметкерлеріне қатысты тергеу аяқталды

Azattyq Rýhy

Ұйымдасқан топ шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеген

1,4 млрд теңге залал келтірген: Астанада ХҚКО қызметкерлеріне қатысты тергеу аяқталды
Фото ашық дереккөзден

Антикор Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтар туралы тергеуді аяқтады, деп хабарлады Azattyq Ryhy.

Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді.

«Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді», - делінген ведомство хабарламасында.

Барлығы 30 адам қылмыс жасады деп күдіктеліп отыр. Олардың қатарында Астана қаласы бойынша № 2 Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар.

«Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі. Антикоррупциялық қызмет азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, Антикор аталған қылмыстық іске қатысты деректерді өткен жылдың тамызында жариялаған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.