«Болашақ» бағдарламасының 30 стипендиаты Қазақстанға оралуға дайын - БҒМ
Олар осы айда елге жетуді жоспарлап отыр
«Болашақ» бағдарламасының 30 стипендиаты тілдік курстар, академиялық оқу және тағылымдаманың аяқталуына байланысты наурыз айында Қазақстанға оралуға дайын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Білім және ғылым министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Отанына қайтқысы келетіндердің көбі Ұлыбритания мен АҚШ-та білім алып жүрген жастар.
Ұлыбритания – 10,
АҚШ – 10,
Жапония – 3,
Литва – 7
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 857 қазақстандық білім алуда, оның ішінде коронавирус бойынша қолайсыз жағдайы бар бірінші санаттағы елдерде – 19 (ҚХР – 9, Оңтүстік Корея – 3, Италия – 7).
«Көптеген шетелдік жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту тәсіліне көшеді, осыған байланысты студенттердің белгілі бір бөлігі үйлеріне қайтып оралады. Сонымен қатар, біз студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуға жібермеуді ұйғардық. Студенттер шетелде оқу үшін бір семестрге шығуы керек болатын. Бұл бағдарламаны уақытша тоқтату туралы шешім қабылдадық», – деді министр.