ШұғылҚазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 106 310-ға жетті

Фотореп: Нұр-Сұлтанда автобустар дезинфекцияланып жатыр

Елдегі қоғамдық көліктер залалсыздандырылады 

Фотолардың авторы: Нұрдаулет Әбікеев

Коронавирус қаупінің күшеюіне байланысты Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктерді күніне екі рет дезинфекциялайтын болды. Қалалық №1 автобус паркі БАҚ өкілдеріне жүргізушілердің автобус ішін қалай тазалайтынын көрсетті.

Автопарктер бактерияларды өлтіру үшін құрамында хлоры бар «С-01» таблеткаларын пайдаланады. Оны суға ерітеді де, матаны малып алып, көліктің іші-сыртын сүртіп шығады. Бір таблетка он литр ерітінді жасауға жетеді. Өнім Қазақстанда жасалған. Бұрын мұндай тазалауды автобус парктері айына екі рет өткізетін болған.  

«Автобустар таңертең рейске шыққаннан кейін соңғы аялдамада екі рет ұзақ үзіліс жасайды. Осы уақытта жүргізуші дайын химиялық ерітіндімен көліктің ішін, сыртын толық сүртіп шығады. Бұрын дезинфекцияны кондуктор жасайтын. Қазір ондай қызмет болмағандықтан, бұл міндет жүргізушінің өзіне жүктелді. Ал кешке бұл жұмысты автопарктегі көлік жуушы істейді», - деді бұл туралы №1 автопарктің бас инженері Бауыржан Тілеубергенов.

Таңертең кезекшілікке шығарда жүргізушілер өздерімен бірге дайын ерітіндіні алып кетеді. Автопарк қоймасында дезинфекциялық құрал жеткілікті деңгейде бар.

«Бұл заттың адам денсаулығына қаупі жоқ. Ешқандай иіс шығармайды. Қанша жылдан бері қолданып келе жатырмыз. Вирусты таратпауға септігін тигізеді. Тұмаудан сақтану үшін де қолданғанбыз. Жүргізушілерге «автобусқа қаншама жолаушы мінеді, «вирус тасушы» өздерің боласыңдар» деп жақсылап ескерттік», - деп пікір білдірді №1 автобус паркінің басшысының орынбасары Биахмет Біләлов.  

Айта кетейік, әлемде коронавирустың пандемиялық, яғни инфекцияның жаппай таралу сипатына байланысты Қазақстан бүгіннен бастап карантиндік шараларды күшейтті. Адам көп жиналатын қоғамдық іс-шараларға тыйым салынды. ЖОО-лар мен колледждер қашықтан оқуға көшіп, оқушылар демалысқа ерте шығатын болды. Еліміздегі кинотеатрлардың бәрі бүгіннен бастап жұмысын уақытша тоқтатты.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда әзірге коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелмегенін мәлімдеді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан