Мәжіліс депутаты: «Арнайы жасақты жауызға айналдырдық»
Берік Дүйсембинов митинг кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жасақ туралы айтты

Бүгін Мәжілісте «Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.
Заң жобасын талқылау кезінде депутат митинг пен шеруге шығатындардың, сондай-ақ қоғамның басқа да өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ішкі істер органдарындағы арнайы жасақ қызметкерлерінің әрекеті туралы сөз етті.
«Бейбіт шеруге, бейбіт митингке қатысатындардың статусын жіліктеп жазыпсыздар. Оның арасында журналистердің де қызметі көрсетілген. Енді осы ретте шындыққа тура қарайықшы, бұған дейін митингтердегі жағдайға көз салсақ, 25 адам митингке шықса, ішкі істер органының 250 адамы қатар жүреді. Алаң қоршалған, соғыс болған сияқты. Ол жерден өту қорқынышты. Адамдар митингке қатысушылардан емес, қоршап тұрған әскерден қорқады. Баламыз мектебіне басқа жолмен айналып барады», - деді талқылау кезінде депутат Берік Дүйсембинов.
Депутат митинг кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жасаққа халық тарапынан жеккөрініш туғанын айтты.
«Еліміздің тыныштығы керек, оған сөзсіз келісемін. Олардың да жазығы жоқ. Бірақ, меніңше арнайы жасақтың, яғни, ішкі істер қызметкерлерінің арнайы этикасын осы жаңа заңға енгізу керек. Әйтпесе, балаларды өзіміз жауыз қылып бітірдік. Қазіргі күні ешқандай министрдің баласы полиция болып көшеде адам сүйреп жүрген жоқ. Олардың бәрі қарапайым адамдардың ұрпағы. Қазір технология дамыған, алаңға жиналғандарды бейнекамералар арқылы қарап отыруға болады. Сондай бір әрекеттер жасау қажет», - деді Берік Дүйсембинов.
Депутаттың бұл ұсынысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жауап берді.
«Сіз айтып отырған мәселенің бәрі осы заң жобасында қарастырылған. Қай жер болсын, ІІМ сол жердің қауіпсіздігіне жауап береді. Сіз айтып отырған мәселені қарастыруға болады. Мүмкін, біз олардың этикасын бір принциптер арқылы енгізуіміз мүмкін. Жалпы, жұмыс тобында қарастыруға болады. Бұл заң жобасы сіз айтып отырған мәселеден туындап отыр. Халық ойын айтқысы келеді, бірақ басқа халыққа зияны тимесін деген оймен талқыға салып, сіздерге заң жобасын таныстыру үшін ұсынып отырмыз», - деді Абаев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан