«14% ғана қосылған»: Алматы облысында ауылдарды газға қосу мәселесі шешімін таппаған
Басшылар проблеманы шешу үшін бес жыл керек екенін айтады
Алматы облысының ауылдарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету әлі толық шешімін таппаған. Тек бір ғана Еңбекшіқазақ ауданындағы 54 ауыл газсыз отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Басшылар аумақтағы проблеманы шешу үшін 5 жыл керек деп отыр. Әлеуметтің әлеуметтік мәселелері көп. Қазіргі таңда аудандағы 64 елдімекеннің 14%-ы ғана газға қосылған. Бұл өңірдегі 25 мың абоненттің 8,7 мыңын ғана құрайды.
«Ауқат Инвест» атты жеке инвестор компаниясы 5 ауылға газ тарту үшін жобалық-сметалық құжатын дайындап жатыр. Жоба құны аталған құжат әзір болғанда анықталады. Тағы 3 жобаға қаражат бөлінді. Сонымен қатар 54 елдімекенді толық қамту мақсатында осы компания инвестициялық жоба әзірлеп жатқанын айта кеткен жөн. Алдымен жоғарыда аталған 5 ауыл, кейіннен кезең-кезеңімен қалған ауылдар көгілдір отынға қосылады. Бұл жоспар 5 жылға жалғасады. Газға қосылу бағасы шамамен 350 мың теңге болмақ», - деді аудан әкімі Алтай Досымбаев.
Облыстағы ең үлкен ауданның орталығы саналатын Есік қаласындағы көпқабатты үйлерді жылумен қамту да әлі аяқталмаған. Халықтың орталықтандырылған жылуға қосу үшін 16 блоктық-модульдық қазандық орналастыру жоспарланған.
«Бүгінгі таңда 15 қазандықтың құрылысы аяқталды, біреуінің құжатына өзгерістер енгізіліп жатыр. Аталған жоспар мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылған», - деді әкім.
Өңір ауылшаруашылығы бойынша басымдыққа ие. Бірақ жаздай егістік алқапты суару шаруалардың бітпес бас ауруына айналып отыр. Оны шешудің жолын билік тапқан жоқ.