$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Дәулет Мұқаев солтүстікке қоныс аударған халықтың тұрақтамау мәселесін көтерді

Ол қоныс аударған тұрғындардың жағдайын жақсартуды ұсынды

Дәулет Мұқаев солтүстікке қоныс аударған халықтың тұрақтамау мәселесін көтерді
Фото ашық дереккөзден

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев солтүстікке көшкен тұрғындардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз. Бүгінгі депутаттық сауалым Теріскейге көш жайында болмақ. Еліміздегі еңбек күшін реттеу мақсатында жүзеге асырып келе жатқан Оңтүстіктен-Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Теріскейге 7923 адам қоныс аударған. Олардың 1320 қандас және 6603 ішкі қоныс аударушылар болған. Ал биылға 8652 адамға квота бөлінген. 2021-2025 жылдарға бұл бағдарламаға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де оң нәтижесін бермей отыр. Себебі, көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ, миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен», - деді ол.

 Дәулет Мұқаев атағандай, олардың саны жыл санап артып отыр.

«Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Арқа жайлы болса, арқар асып несі бар. Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай. Солтүстікке көшуге ынталы азаматтар көп», - деді ол.

Мұқаев өз тәжірибесі мен қоныс аударушылар сұранысын ескере отырып, бірқатар ұсыныс жолдады.

«Қоныс аударған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға үй құнының 50%-ын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын сомада қаржы беріледі. Бұл қоныс аударушыларға үлкен көмек. Әйтсе де, Үкімет тарапынан салған баспананың сапасыздығына арызданған жандар өте көп. Жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді ол.

Дәулет Мұқаевтың айтуынша, ауа-райы мен қоныс аударушылардың адаптациялық кезеңін ескере отырып, қоныс аударуды тек ерте көктемде жүзеге асырған жөн.

«Қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренісуге жәрдемші болатын арнайы бейімдеу орталығы мен бірегей сайт, жедел желі телефоны іске қосылуы керек. Себебі, қоныс аударушы қандастарымыздың көбі кирилл қаріптерін оқығанда қиналғандары байқалады. Ал өзіміздің жергілікті халық болса көші-қон жайлы толық ақпарат біле бермейді. Себебі ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстары өте аз. Қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық берілу керек. Қоныс аударғаннан кейін туған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру демографияға серпін берері сөзсіз», - деді ол.

Депутаттың пікірінше, жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзерленгені дұрыс.

Серіктес жаңалықтары