Беларусьтегі қазақстандық студенттер коронавирусқа байланысты жаппай елге шақыртылып жатыр
50 студенттің кері қайтуға ақшасы жоқ
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті - Беларусьтегі студенттерін елге еркінен тыс қайтармақшы, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Баласын шетелге жіберіп, шарасыздыққа тап болғандардың бірі - Әзиза Ысқақова. Ұлы Белорусь еліне академиялық бағдарламамен оқуға түскен. Алайда, қуанышы ұзаққа созылмапты. Жалғызбасты ана жат жердегі ұлын қалай елге қайтарарын білмей дал. Жолына қаражаты да жоқ дейді.
«Балаларымыз ол жақта бір ай ғана болды. Университет тарапы қайтарып жатыр. Бірақ ата-аналар қарсымыз. Себебі ол жақтағы жағдай тұрақты. Балаларымызға да оқу ұнайды. Оқу мерзімі аяқталғанша сол жерде білім алғысы келеді»,-дейді студенттердің бірінің анасы Әзиза Ысқақова.
Бірақ университет басшылығы 50 студент қалайда елге оралуы керек деп отыр. Негізі шәкірттер әу-бастағы келісім бойынша, шілде айына дейін оқуы тиіс болған. Енді наурыздың 12-не дейін олар отанына дереу оралуы тиіс.
«Біз балалармен де, сол жақтағы университет басшылығымен де сөйлестік. Қазіргі басты мәселе оларды елге жеткізу. Ол ең алдымен ата-аналар сіздердің құзырларыңызда. Ал оқу қашықтықтан өткізілетін болады», - деді Нұрлан Серікбаев, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің департамент директоры.
Телеарнаның хабарлауынша, студенттер мәселесімен қазір Білім министрлігі айналысып жатыр.