$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.03.2020, 22:19
Қоғам

Қазақстанға коронавирус қашан жетеді – Біртановтың жауабы

Бекшин болжамын неге сүйеніп жасады

Қазақстанға коронавирус қашан жетеді – Біртановтың жауабы


ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустың елімізде таралуы мүмкін деген болжамдарға жауап берді деп,- хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті, достар! Коронавирус әлемді жайлап барады, инфекция 115 елге тарады. Олардың қатарында жақын көршілеріміз, сондай-ақ, елімізбен тікелей әуе қатынасы қалыптасқан мемлекеттер де бар. Біз де әлемнің бір бөлігіміз, сондықтан, оқшауланып, бөлектене алмаймыз. Мұны бәріңіз жақсы түсінесіздер. Инфекция Қазақстанға да жетуі мүмкін, оны жоққа шығармаймыз», - деп жазды Денсаулық сақтау министрі Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар министр  елімізде коронавирустық инфекцияның тасымалдануы мен таралуына жол бермеу үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қабылданып жатқанын айтты.

«Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқас тіркелген жоқ. Ал, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. Бекшин ғалымдардың статистикалық модельдеу әдісімен жасаған болжамына сүйеніп, коронавирустық инфекция елімізге де жетуі мүмкін екенін айтқан еді. Ғалымдар зерттеу барысында сырттан келген жолаушылар легі мен коронавирус тараған мемлекеттердегі деректерді пайдаланған. Эпидемиологиялық жағдай түрлі сыртқы факторларға байланысты өзгеретінін ескерген жөн. Мәселен, беделді Ланцет журналында коронавирустың Қытайдан әлемге тарайтыны туралы осыған ұқсас болжамы жасалды», - деді министр.

Министрдің сөзінше, отандық ғалымдардың болжамы іс жүзінде орындалмауы да мүмкін.

«Тағы да қайталаймын, қазір Қазақстанда коронавирустық инфекция анықталған жоқ», - деп сөзін түйіндеді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұған дейін еліміздің Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин келесі аптада 11-16 наурыз аралығында Қазақстанға коронавирус  жетуі мүмкін деп болжам жасаған еді.

Серіктес жаңалықтары