Салғырттық салдары: СҚО-да Мәдениет үйін жөндеуге бөлінген 90 миллион далаға кетті

Azattyq Rýhy

Жергілікті әкімдік мәселені шешуге асықпайтын көрінеді

Салғырттық салдары: СҚО-да Мәдениет үйін жөндеуге бөлінген 90 миллион далаға кетті
almaty.tv

Солтүстік Қазақстанның Бостандық ауылындағы Мәдениет үйіне 2 жыл бұрын басталған күрделі жөндеу аяқыз қалған. Тұрғындар жарты жылда аяқталуы тиіс жұмыстың сағызша созылғанына наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

2021 жылы күрделі жөндеуден өтуі тиіс нысан әлі тұр. Мәдени ошақтың директоры бос уәдеден жалыққанын жеткізді.

«Жылу жүйесі жүргізілмеді. От жағатын аймақта төбесі түсіп жатыр, қайта жабу керек. Құбырдан су ағып түрады. «Мәдениет үйінің биыл да жөндеу жұмысы аяқсыз қала ма?» деп алаңдап отырмыз», – деді Мәдениет үйінің директоры Нұрлан Хамзин.

Ауыл тұрғындары мәдениет үйінің орнына қараусыз қалған ескі үйге баруға мәжбүр. Ал ол жерде мүлдем жағдай жасалмағандықтан 5 үйірме жабылып қалды. Қазір тек кітапхана бар.

«Өкінішке қарай, жылуы нашар. Ауыл тұрғындарына арналған іс-шара өткізе алмаймыз. Кітапхана деп айтуға болмайтын да шығар. Оқырмандарға кітап келеді. Кітаптар қойма ретінде осында тұр. Біріншіден, суық. Қыста оқушыларды шақыра алмадық. Екіншіден, электр тоғы жоқ», – деді кітапханашы Әсел Мұсапина.

Ал жергілікті әкімдік мәселені шешуге асықпайтын көрінеді. Жөндеу жұмысының кешігуін жауапты мердігердің салғырттығына сілтеді. Олармен әкімдік соттасып, келісімшартты үзген. Биыл басқа мердігерді таңдап, құрылыс жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Жобаны қайта қарап жатырмыз. Осы жылдың аяғына дейін конкурс жариялаймыз», – деді Андреев ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қайыржан Нұрмұқанов.

90 миллионға жуық қаражат бөлінген құрылыстың тек 80 пайызы аяқталған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жұмыстың қалған бөлігі 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.