Алматы облысында мешіттен 40 мың теңге ұрланды
Күдікті бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен
Іле аудандық полиция басқармасына Жапек батыр ауылының 37 жастағы тұрғынынан өтініш түскен. Ол Чапаев ауылындағы мешітте күртешесінің қалтасынан 40 мың теңге көлемінде ақша ұрланғанын айтқан. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлайды.
Іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде Іле ауданының 35 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдікті бұрын да бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Ол қазір уақытша қамауға алынып, қылмыс дерегі ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
«Оның айтуынша, сол күні таксимен жолға шығып, көлігі Чапаев ауылында бұзылып қалған. Жүргізушіге көлік жөндеуге көмектескен күдікті киімдерін былғап алыпты. Оның жанында орналасқан мешітті көріп, қолын жуу үшін жуыну бөлмесіне кіреді. Кіре берісте ілініп тұрған күртешені байқап, қалталарын тексереді. Табылған ақшаны алып, сол ақшаға тамақтанған. Күдікті әйеліне 20 мың теңгесін бергенін, ал қалғанын өз қажетіне жұмсағанын хабарлады», – дейді Іле аудандық ПБ анықтаушысы Мақсат Нұрсейітов.