Сарапшылар цифрлы аутизм туралы дабыл қақты

Azattyq Rýhy

Ата-ананың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады

Сарапшылар цифрлы аутизм туралы дабыл қақты

Алматыда былтыр дүниеге келген 50 мың баланың 400-і көзі дамымай, тағы 44-і құлағы естімей дүниеге келген. Осылай деп Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдаған бір топ сенаторлар Қазақстандағы «цифрлы аутизм» мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияның денсаулығын жақсарту үшін жағдай жасауды тапсырған болатын. Сондықтан еліміздегі денсаулық сақтау жүйесіне біраз реформа жасалатынын айтып, биылдан, яғни, 2023 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында ұлттық жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

«ЦИФРЛЫ АУТИЗМ – ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ДЕРТІ»

Ұлттық жоба аясында ұлт болашағы - бала денсаулығына ерекше назар бөлінеді. Осы мәселені алға тартқан сенаторлар Алматы қаласындағы көзі нашар көретін балалардың интернаты жайлы сөз қозғады.

«Алматыдағы А. Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балалардың №4 мектеп-интернатындағы үлкен мәселе – көзі көрмейтін және нашар көретін балалар саны артқан. Бала саны көбейгендіктен, сонау 1972 жылы салынған интернатқа қосымша ғимарат салу қажет» деген бұл - мәселенің салдарын ғана емес, себебін айтып отыр.

«2022 жылы Алматыда 50 мың бала дүниеге келген. Солардың арасында шала туған нәрестелердің 400-ге жуығынан ретинопатия жағдайы – көздің тор қабығының дамымауы анықталған. Есту қабілеті бұзылған 44 сәби тіркелген. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарасақ, әрбір жаңа туған баланың 68-і аутикалық спектр ауытқушылығы бар, бұл көрсеткіш жылына 13 пайызға өсіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, аутизм - «ХХ ғасырдың обасы». Ал цифрлық аутизм - ХХІ ғасырдың дерті», - дейді депутат Нұртөре Жүсіп.

Нұртөре Жүсіптің айтуынша, қазір дүниежүзінде, соның ішінде Қазақстанда «цифрлық аутизм» белгілері байқала бастаған. Яғни, смартфонды ұзақ ұстайтын балалар есте сақтау, көру, сөйлеу қабілетінен айырылып, өз бетінше ойлау, ұзақ мәтіндерді қабылдау, айналаға назар аударуы қиындады.

«Өйткені, ата-ананың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Оқушы балалардың 40 пайызының өз аккаунты бар. Осындайдың салдарынан балалар аулаға шығып ойнамайды, бұған онлайн оқу қосылды. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді. Кибермания сұмдық жылдамдықпен өрістеп жатыр. «Цифрлық тәуелділік» деген диагноз халықаралық аурулар классификациясына еніп отыр. Цифрлық аутизм, цифрлық ақыл-ес кемдігі, фейсбук-депрессия, цифрлық Альцгеймер, цифрлық теңіз ауруы ресми болмаса да тіркелді. Онлайн ойындарға тәуелділікті де осы қатарға жатқызуға болады», - дейді дабыл қаққан депутат.

«БАЛАНЫҢ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМУҒА АЯҚ БАСАР ШАҒЫНДА ОҒАН ПЛАНШЕТ ҰСЫНАМЫЗ»

Azattyq Ruhy осы мәселеге қатысты өз ойын айтқан балалар дәрігері Әйгерім Бекежанқызы цифрлы аутизм дегеніміз не және оның алдын алу үшін не істейміз деген сұрақтарға жауап берді.

«Бала телефонды іштен біліп туады» деген мысқыл сөз болса да, цифрлы қоғамда өмір сүргеннен кейін, балалар гаджетті өте ерте жастан үйренеді, яғни, ата-анасы үйретеді. Қазір «балаға ең алғаш рет смартфонды қай жастан ұстауға болады деген» сұрақ көп қойылады, дегенмен, дәрігер ретінде осы сұраққа жауап беретін болсам, оның белгілі бір жасы жоқ. Бір ата-ана баласына алты айында телефон ұстатса, бір ата-ана үш жасында береді. Мәселе – оның салдарында», - дейді Әйгерім Бекежанқызы.

Педиатр дәрігер қазір ата-ананың көбі баласы бір жасқа толмай-ақ мультфильм көруді үйретіп, смартфонға телміртіп қоятынын айтады. «Бұл, әрине, теріс тәрбие» деген ол бала бір жасқа толмай тұрып смартфон ұстаса, оның салдары қандай болатынын қарапайым тілмен түсіндіріп берді.

«Қазір бес-алты айлық балаға телефон беріп, мультфильм көрсетіп қоятын ата-ана бар. Бірақ, бұл теріс тәрбие. Бұл ең алдымен баланың денсаулығына зиян болса, екінші жағынан, баланың дамып, ой-өрісінің қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Өйткені, бала бір жасқа дейін еңбектейді, қолдарының моторикасы дамиды, әр нәрсені көріп, ұстап іздейді. Баланың дамуына жақсы әсер ететін дүниелер міне – осылар.  Ал телефонға үйренген бала, яғни, аяғын баспаған бала тек смартфон ұстап қана отыра береді де табиғи әрекеттерін ұмытады», - дейді ол.

Ал цифрлы аутизм жайлы сұрағымызға жауап берген дәрігер өте өзекті мысал арқылы бұл дерттің басталуына жол ашатын қате әрекетті көрсетіп берді.

«Рас, аутизм біздің елімізде соңғы он жылда жиі қойылатын диагноздың біріне айналып кетті. Аутизм, аутизмнен басқа – баланың тілі шықпайды, ой-өрісінің әлдеқайда артта қалады, бұлар да соңғы он жылдықтағы біздің қоғамды қатты алаңдатып отырған диагноздар. Аутизмді қарапайым тілмен түсіндірсек – ол ми қызметінің дамуының бұзылуы. Ми деген дами беру керек, кейде деменцияға ұшырамау үшін үлкен адамның өзіне миыңызды дамыта беріңіз дейміз. Сол сияқты, бір жастан асқан бала енді жан-жақты дамуға аяқ басар шағында біз планшет пен гаджет береміз де баланың өз қолымен ұстап, іздеп дамуына кедергі келтіреміз. Мысалы, бала алты айлығы кезінде құйрығын басып, ойыншықтарды тануы керек. Ойыншықтың қатты, жұмсақ, жеңіл, ауыр деген сияқты ерекшеліктерін тани бастайды. Сонымен қатар, алты айлығында балаға қосымша тамақ береміз. Қазір қоғамда аналардың көбі баласына алғаш рет ана сүтінен басқа тамақ берерде отырғызып алып, мультфильм қосып береді. «Балам тамақ ішіп отырғанда мультфильм көрсе, жақсы жейді, тыныш отырады» дейді. Ал, бұл ең алғашқы теріс дүние. Себебі бала тамақтың дәмін сезіп, оның жұтылу керек екенін, оның тамақ екенін сезінудің орнына назары мультфильмге ауып кетеді де бала не жеп отырғанын білмейді, оның қорек екенін түсінбейді, ешбір сезімсіз шайнай береді. Дәм сезу қабілеті де бұзылады. Міне, цифрлы аутизм дегеніміз осы», - дейді дәрігер.

«ЖЕТІ АТАСЫН ЖАТҚА БІЛЕТІН ҰРПАҚТЫҢ ОРНЫНА ЖЕТІ АУЫЗ СӨЗДІ ӘРЕҢ АЙТАТЫН ҰРПАҚ ПАЙДА БОЛДЫ»

Нұртөре Жүсіп цифрлы аутизмнің қазір ұлттық құндылықтарымызға, ұлттық тәрбиемізге де дақ түсіріп отырғанын алға тарта келе, смартфон баланың сөйлеу қабілетін бұзады дегенді айтып отыр.

«Бала жыласа, ата-анасы телефон ұстатады. Мидың тектоникасы тап сол сәттен бастап бұзылады. Сөйлеу, логикалық ойлау дағдысына бұл үлкен соққы. Бір минутта 70 сөз оқу қиынға түсетін болды. Тілі кеш шығатын, көзі қыли балалар саны жыл сайын артып келеді. Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Бір заманда Мұрын жырау «Қырымның 40 батыры» дастанын 40 күн жырлаған екен. Қырғыз елінде «Манас» дастанын 125 сағат тоқтаусыз жырлайтын манасшы тіркелген», - дейді Нұртөре Жүсіп.

Бұл деректі, яғни, смартфон баланың сөйлеу қабілетіне, ойлау қабілеті зор ықпал тигізіп жатыр дегенді балалар дәрігері де растап отыр.

«Ата-ана баласының қандай мультфильм көріп жатқанына, қай тілде көріп жатқанына баса назар аударуы керек. Кейде ата-ана «біз үйде қазақ тілінде ғана сөйлесеміз, бірақ баламыздың тілі қазақша шықпай жатыр» деп келеді. Өйткені, бала шет тілінде көп мультфильм көрген соң, оның ойына сол сөздер сіңіп қалады. Мектепке барғанда бір ауыз қазақ тілін білмей тұрса да ата-анасы қазақ мектебіне апарып жатқан балалар бар. Бұл – баланың технологиядан үйренген тілі деген сөз. Сондықтан, смартфон немесе теледидар көрсеткен күннің өзінде балаңыздың ой-өрісі дұрыс қалыптасып, ана тілінде ойлау қабілеті, сөйлеу қабілеті даму үшін баланың қай тілдегі өнімді қарап отырғанына мән беріңіз. Бала өсе келе кез келген тілді үйреніп алады, бірақ, баланың ең алғашқы шығатын тілі – өз ана тілінде шығуы керек», - дейді дәрігер.

ЦИФРЛЫ АУТИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Әрине, цифрлық технология – өмір талабы, бүкіл әлем цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, оның бір бөлшегі ретінде біз цифрлы технологиялардан бас тарта алмаймыз. Оның үстіне, жаңа ғасырда көштен қалмайын деген елдер түгелдей цифрландыруға ден қойған. 

«Ия, әрине, ғылым мен техника жетістіктері осы салада жатыр. Әйтсе де компьютер мен смартфонға «басымен кіріп кеткен» жас ұрпақты сақтандыру амалы бар ма? «Касперский лабораториясы» ата-аналар бақылауы деген функция енгізді. Қауіпті контенттерді шектейтін амалдар бар. Жапония мен Франция, Қытай заңнамасы не дейді? Былтыр Жапонияда интернет пен бейне ойындарды күніне бір сағатқа шектеу туралы шешім шығарылған. Франция мемлекеті де бұл қауіптің алдын алу әрекетін жасауда. Қытайда киберкеңістік мәселелерін реттеу шаралары қолға алынған. Алайда, тыйым салумен іс біте ме?», - дейді қоғамға сауал тастаған сенатор.

Біз осы сұрақты педиатр дәрігерге де қойдық.

«Цифрлы аутизмнің алдын алу үшін балаға өзіміз үлгі болайық. Бала ата-анасынан көргенін жасайды. Қанша жерден балаға смартфон көрме дегенмен, өз қолымыздан телефон түспесе, айтқанымыздың мәні қала ма? Мысалы, балаңыз күндіз бойы балабақшада делік. Сіз бала үйге келгеннен кейін гаджеттеріңізді ысырып қойып, уақытыңызды балаға арнаңыз. Екіншіден, телефон қолданатын белгілі бір уақыт белгілеп қойыңыз. Мүлдем смартфоннан ажырата алмаймыз, өйткені, қазіргі қоғам әуел баста айтқанымдай, цифрлы қоғам. Сондықтан, ең дұрысы беру, бірақ, шектеу. Үшіншіден, баланы қоғамға, ортаға үйретіңіз. Ол дегеніміз баланы ортаға шығару, үйірмелерге апару, өзге қатарластарымен сөйлестіру», - дейді қарапайым тәсілдер арқылы тәрбиені жақсартуға болатынын айтқан дәрігер.

Ал, сенатор Нұртөре Жүсіп болса депутаттық сауалын қорытындылай келе, «цифрлы аутизмнің алдын алу үшін» Үкіметке бірнеше ұсыныс тастаған. Атап айтсақ,

  • Жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беру;
  • Логопед, офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейту;
  • Қазақстан мектептеріне «Бабалар сөзі» 100 томдығына кірген қазақтың жыр-дастандары мен термелерін жаттатып үйретуді енгізу;
  • Киберманияның зияны туралы Қазақстан мектептері мен мектепке дейінгі дайындық мекемелерінде ата-аналар комитеті, ата-аналармен жұмыс істейтін түрлі қоғамдық ұйымдар қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру.

Сымбат Молдатай

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.