«Жайлы мектеп»: отандық өнім өндіретін кәсіпорындарды қолдау
Аталған үлгідегі мектептер 840 мың оқушыны қамтуы керек
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленген болатын. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген. «Жайлы мектептердің құрылыс материалдарын отандық кәсіпорындар қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Ол қалай жүзеге асырылады? Azattyq Ruhy тілшісі тарқатып көрді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептердің 70-75 пайызын отандық кәсіпорындар қамти алатынын айтады.
«Ол мектептер оқушыларға жайлы болуы – бірінші мәселе. Ал сол жайлылықты қандай материалдардан салу керек деген екінші мәселе бар. Бұл жайында көп пікірталас болды. Шетелдік материалдарды алу керек деген пікірлер де болды. Дегенмен қазір отандық озық материалдар да бар. Солардың барлығын көрсету үшін осы іс-шараны өткізіп жатырмыз. Көрмеге отандық кәсіпорындар мен мектептерге арналған жиһаз өндіретін компаниялар қатысып жатыр», - деді Оспанов.
Вице-министрдің айтуынша, өңірлердегі зауыттармен де танысу жұмыстары жүргізілген.
«Бас мердігерлер үшін талаптар қойылады. Олар отандық кәсіпкерлерден өнімді сатып алады. Қазір соның тетіктері жасалып жатыр. Көлемі мен қандай кәсіпкерлердің өнімін пайдалану бойынша жоспар құрылады. Әзірге мерзімі анықталып жатыр. Ал сатып алу бойынша жұмыс басталып кетті деп айтуға болады. Мектептердің 70-75 пайызын отандық кәсіпорындар қамтиды. Күрделі материалдарды шетелдік компаниялардан алу жоспарланып отыр. Бұл ішкі экономиканы да көтеруге мүмкіндік береді», - деді ол.
Астанада отандық кәсіпорындардың әлеуетін көрсететін көрме өтті. Онда мектептерді қамтамасыз ететін құрылыс материалдарынан бастап жиһазға дейін табуға болады. Құрылыс индустриясы басқармасының жетекшісі Мұхаммед Андақов отандық кәсіпорындарды қолдау туралы айтты.
«Құрылысшылар мектептерді құрылысқа алса, іргетасын құюдан бастап кілтті тапсырғанша дейін алады. Сол материалдарды импорттамау үшін өзіміздің отандық материалдарды тұтыну үшін жасап жатырмыз. Бұл бюджеттің ақшасын сыртқа шығармай, ел экономикасына қалдыруға әрекет етудің түрі. Ол инфляцияның тоқтауына, экономиканың өсіміне әсер етеді. Премьер-министрдің де тапсырмасы бағаның қатты қымбат болмауы болатын. Осы жерде мердігерлер мен тапсырушылар баға бойынша келісіп алып, іске кіріскен кезде ол төлем құны өзгермеуі керек. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Отандық компания өнімдері мемлекеттік және халықаралық стандартқа сай, сертификаттары бар», - деді ол.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі отандық өндірушілерді қолдау үшін жүзеге асырып жатыр.
«Қазір жұмыс топтары бойынша келісімдер қабылданып жатыр. Құрылыс компаниясы анықталған соң, барлық өнімді отандық кәсіпорындардан сатып алады. 840 мың орындық баланы қамту үшін 400-ден астам мектеп салынуы керек. Биыл 187 мектептің құрылысы басталады», - деді ол.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мұрат Әмрин көрсетілген 80 компания парталардан бастап оқушылардың формасына дейін өндіреді.
«Болашақ мектептерге арналған электрондық құрылғылар мен жабдықтарды өндіретін отандық компаниялар бар. Біз Үкімет пен мердігер компанияларға отандық кәсіпорындар да жайлы мектептерге өз өнімдерін ұсына алатынын көрсеткіміз келді. Үкімет бізден талап етіп отырған дүниелер – жайлылық пен қауіпсіздікті отандық бизнес қамтамасыз ете алады. Бұл жердегі басты талап мердігер компаниялар басымдыққа отандық кәсіпорындарды алуы керек. Себебі ол ең алдымен жұмыс орындары мен бюджетке түсетін салық төлемдерін құрайды. Ол мектептерді қамтамасыз етуге ыңғайлы болады. Өйткені отандық компаниялар елімізде орналасқан», - дейді Әмрин.
Оның айтуынша, көрме арқылы отандық компаниялардың қауқарын көрсету мақсаты тұрған.
«Біз сараптама жүргіздік, 401 мектепке 1,5 млн жиһаз қажет болады. Отандық кәсіпорындар осы қажеттілікті қамтамасыз ете алады. Қазір біз мемлекеттік органдармен мердігер компанияларға талап енгізу бойынша келісім орнатып жатырмыз. Егер олар шетелдік жеткізушілерді қолдайтын болса, 15 пайыздық айыппұл салуды қарастырып отырмыз. Біз бюджет Қазақстанда қалғанын қалаймыз», - деді Мұрат Әмрин.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда мектептерге жиһаз жеткізетін отандық компаниялар бар.
«Мектептердің қауіпсіздігі мәселесі - басым бағыттардың бірі. Конкурстық комиссия бұл талаптарды қарастырады», - деді ол.
Мұрат Амрин қазіргі кезде Қазақстанда отандық өндіріс кезінде импорттық тауарларды пайдаланғаны үшін жауапкершілік жоқ екенін атап өтті. ҰКП отандық кәсіпкерлерді қорғау ретінде 15% айыппұл салуды ұсынды, егер мектептерді салу кезінде отандық тауар өндірушілердің тауарлары пайдаланылмаса, бастама жоба операторы деңгейінде әлі де қолдау таппады.
«Келісімшарттар шеңберінде осы жауапкершілікті қарастыруды сұраймыз. Бізде жыл сайын орта есеппен 1,1 трлн доллардан астам сомаға құрылыс материалдары мен жиһаздар импортталады, бұл ретте ұлттық жоба шеңберінде құрылысқа қажетті негізгі бөлігін ел ішінде өндіреміз», - деді ҰКП төрағасының орынбасары.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда екі және үш ауысымдағы мектептердің санын азайтып, барлық оқушылар үшін «Жайлы мектеп» ілкі жобасы әзірленіп жатқанын айтқан болатын.
«Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген», - деген еді Үкімет басшысы.
Президент білім алу үшін дұрыс жағдай жасау мемлекеттің аса маңызды міндеті екенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуы тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Марья Айдарбаева