Қазақстанда жүрек аурулары «жасарып» келеді
СҚО Кардиологиялық орталығының интервенциялық кардиологы Аңсат Нұрымбекпен сұхбат
Қазақстанда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім жетекші орындардың бірінде тұр. Статистика көрсетіп отырғандай, жүрек-қан тамырлары аурулары ерте мүгедектікке немесе өлімге әкеледі және оларды емдеу көп шығынды талап етеді. Мамандардың мәліметінше, республикада жыл сайын 40 мыңнан астам адам түрлі жүрек ауруларынан қайтыс болады. Осы орайда ерте диагноз қою мен науқастарды дер кезінде емдеу өте маңызды. Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Кардиологиялық орталығының интервенциялық кардиологы Аңсат Нұрымбекпен сұхбаттасқан еді.
Фотода Аңсат Нұрымбек
- Жүрек-қан тамырлары ауруларының қатарында қандай диагноз ең жиі кездеседі? Басты себебі қандай?
- Жүректің ишемиялық ауруы, артегиялық гипертония, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі жиі кездеседі. Жүректің ишемиялық ауруы – бұл миокардтың жүрек бұлшықеттерінің қанмен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі. Артерияның ішкі жағында холестерин ошақтары пайда болып, тамырды тарылтады, яғни атеросклероз себеп болады. Қан тамырларының қабырғасындағы холестерин түйіншектері үлкейіп, тамырды 90-95 пайызға тарылтқанда – бұл өте қауіпті болып есептеледі. Коронарлық қан ағысын баяулатады, тіпті сырқат қозғалмағанның өзінде өзін нашар сезінеді. Қазіргі уақытта жүректің ишемиялық ауруы емделеді, сондықтан қорқудың қажеті жоқ. Алайда ол бүгінде кең таралған. Ол әлем бойынша жүрек аурулары ішінде өлім-жітімнен бірінші орында тұр, сондай-ақ барлық жүрек ауруларының 40 пайызын осы жүректің ишемиялық аурулары құрайды. Бұл ауру холестерин деңгейінің жоғарылауы секілді факторға тәуелді, холестерин атеросклероздың дамуына әсер етеді және жүректің ишемиялық ауруының болу қаупін 2-5 есеге арттырады. Артериялық қан қысымының жоғарылауы да ауру даму ықтималдығын 2-6 есеге арттырады. Жүрек аурулары жасарып келеді. 30 жастан асқан азаматтар түрші шағыммен келіп жатады. Әсіресе, қан қысымы жоғары науқастар көбейді.
- Аурудың пайда болуының басты себебі неде? Бұл дерттің алдын алуға болады ма?
- Темекі шегу де дертті 1,5-6 есеге жақындатады. Сондай-ақ, артық салмағы бар адамдардың да жүректің ишемиялық ауруына шалдығуы 3 есеге жоғары болады. Ал қант диабеті ишемиялық ауруға шалдығу қаупін 2-4 есеге арттырады. Барлық ишемиялық ауруларды толық емдеп жазу мүмкін емес. Бұған қазіргі медицина қауқарсыз. Бірақ, ауруды жеңілдететін, асқынудың алдын алатын, өмір сапасын жақсартатын ем-домның түрлері бар. Негізгі мақсат - миокардты қанмен дұрыс қамту. Алайда терапевтік әдістер нәтиже бере бермейді. Сондықтан, хирургиялық тәсілдер қолданылып, аорта-коронарлық шунттау сияқты бірқатар ота жасалады. Бүгінде жүректің коронарлық артерияларын тексеру үшін коронаграфия жүргізіледі. Ол арқылы қандай тамырдың қаншаға тарылғанын, қандай артериялардың зақымдалғанын, қай жерде және қанша аумақты алып жатқанын білуге болады.
Жүректің ишемиялық ауруы кезінде ішкен тағамға мән берген жөн. Тағамның құрамында ақуыз, майлар, көмірсу, микроэлементтер, дәрумендер жеткілікті болуы тиіс және холестерин, май мен тұзы аз өнімдерді пайдаланған жөн. Сондықтан теңіз тағамдары мен көксерке, нәлім, алабұға сияқты балық түрлерін, өсімдік майы қосылған кез келген көкөніс салаттарын, майсыз ет түрлері – тауық, сиыр, қоян еттерін, ашыған сүт өнімдері – май пайызы төмен айран, қаймақ, ірімшікті, кез келген жеміс-жидектерді және олардан жасалған тағамдарды, тауық жұмыртқасының сарысын – аптасына кемінде 4 данадан асырмай, жарма және күріштен басқа, кез келген ботқа түрлерін тұтынуды ұсынамын. Ал ет және балықты, оның ішінде сорпаны, кондитер өнімдерін, қант, жарма мен күріштен жасалған тағамдарды, ащы және тұздалған тағамдарды, сондай-ақ шоколад пен кофе, какаоны пайдаланбауға немесе оларды тұтынуды азайтуға кеңес берер едім. Жүректің ишемиялық ауруы болған жағдайда аз-аздан күніне 5-7 рет тамақтанған жөн.
- Облыстық кардиологиялық орталық қажетті қондырғылармен толық қамтылған ба? Жылына қанша ота жасалады? Жүректі, қан тамырларын емдеудің жаңа түрлерін меңгеріп жатырсыздар ма?
- Облыстық кардиологиялық орталықтың материалдық-техникалық базасы күрделі оталарды жасауға мүмкіндік береді. Біздің орталыққа жылына 3 мыңға жуық сырқат қаралып, дәрігерлеріміз мыңнан астам, ал тәулігіне орта есеппен 20 шақты түрлі ота жасайды. Осыдан 7-8 жыл бұрын бізге таңсық көрінген тәсілдерді қазір өзіміз күнделікті қолданамыз. Эндоваскулярлық хирургиядағы соңғы жаңалық – былтыр жүректің қолқа қақпағын транскатетер арқылы ауыстыру сияқты операция жасау жүзеге асырылды. Швейцарияда өндірілетін клапандар қара малдың жүрек қабынан жасалған. Аорталды стенозда жүрек қақпақшасы жанындағы аорта тесігі тарылады. Бұл дерттің салдарынан қанның жүруі қиындайды. Сырқаттың басы айналады, талып, тез шаршағыш болады. Ентігіп, дем ала алмай тұншығады. Бұл науқастарды емдеп-жазу өте қиын. Ота жасалып, аорталды қақпашаға протез қойылады.
Транскатетерлік имплантация жасы 70-тен асқандарға, көптеген созылмалы аурулары бар болғандықтан жүрекке ашық ота жасауға жарамайтын сырқаттарға қолданылады. Мұндай оталар Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы бірқатар облыс орталықтарында жасалады. Бірақ біздегі ерекшелік алғаш рет протез ретінде қара малдың жүрек қабы алынды. Бұған дейін мамандар синтетикалық материалдан дайындалған қақпақшаларды қолданған болатын. Қара малдың жүрек қабынан жасалған биопротезді қою кезінде тамыр жабылмай, қан жүре береді. Сондықтан біз отаны асықпай, сапалы жасай аламыз. Әрі адам ағзасы оны тезірек қабылдап, тез жазылады. Орталықта жасалатын бұл ота 6,5 млн теңге тұрады. Бірақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бұл көмек тегін көрсетіледі.
- Емдеу мекемесінде атап өтуге тұрарлық тағы қандай операциялар жасалады?
- Бүгін ғана облыстық кардиологиялық орталықта Ресейден келген дәрігерлер шеберлік сағатын өткізді. Бітелген қан тамырына дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды енгіздік. Заманауи өнім елімізде алғаш рет қолданылып отыр. Мәскеулік дәрігер жергілікті кардиологтарға әлемнің 10-нан астам клиникасында қолданылып жүрген өнімді импланттау технологиясын көрсетті. Мұндай ота 4 науқасқа жасалды. Оның әрқайсысы 40 минуттан 1 сағатқа дейін жалғасты. Бәрі сәтті аяқталды. Бұл операция наркозсыз, тіліксіз жасалады. Бұған дейін қойылып жүрген стент бітеліп қалуы мүмкін. Дәрілік жабындысы бар коронарлық баллондар ондай жайсыздық тудырмайды. Бұл - шетелдік ғалымдар жасап шығарған инновациялық өнім. Науқастардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады. Өңірде 2009 жылдан бері 6,5 мыңнан астам адамның жүрегіне стенд қойылған. Ал олардың 10 проценті осындай тәсілмен тазартуды қажет етеді. Айта кету керек, тың операция МӘМС аясында тегін жасалады.
- Сұбаттасқаныңызға рахмет!