Алматы облысында қайтыс болған бір үйдің үш ұлы бүгін жерленеді
Оқиға болған күні марқұм балалардың ата-анасы Қырғызстанда жүрген
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында өрттен қайтыс болған үш бала бүгін жерленеді. Бұл туралы аудандық Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Момынжан Исламов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Таңға жуық аумағы 90 шаршы метр болатын тұрғын үйді жалын шарпыған. Құтқарушылар 1952 жылы туған әйел адамды алып шықты. Оның денесінің 90 пайызын күйік шалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр», - деді бөлім басшысы.
Аймақ басшылары отбасыға психологиялық тұрғыдан қажетті көмек көрсету үшін мамандарды жұмылдырып отыр. Оқиға кезінде үш баланың ата-анасы Қырғызстан аумағында тауар сатып алу үшін сапарда болған. Кеше олар Есік қаласына оралғанда, аудан белсенділері, имамдар және жақындары қолдау көрсеткен. Бірақ бұл оқиға оларға қатты соққы болып тиген. Балалардың ата-анасы әлі ес жия алмай отыр дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.
«Алдын ала болжам бойынша қайғылы оқиға электр тоқтарының тұйықталуынан болған деп отыр. Бірақ мұның анық-қанығын сараптама көрсетеді. Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері өз тарапынан барлық көмекті көрсетеді. Алматы облысының әкімі балалардың ата-аналарына қандай материалдық әрі моральдық көмек қажет болса, соның барлығын көрсетуге тапсырма берді. Жас балалардың осылай қаза табуы бүкіл қоғамның қабырғасын қайыстырып кетті. Бірінші кезекте үйді қалпына келтіру, жерлеу, өзге де салттық рәсімдерді атқаруға жәрдем беріледі», - деді Ғ. Жүкел.
Қайтыс болған балалардың үлкені 15 жаста, ортаншысы 11 жаста, ал ең кішісі 2,5 жаста. Кейбір деректерге қарағанда ата-анасы ұлдарын нағашы апаларының үйіне қалдырып кеткен. Өртенген үй 1974 жылы салынған дейді жергілікті әкімдік өкілдері. Марқұмдардың жаназасы бүгін 14-00-де Есік қаласындағы орталық мешітте оқылады.
Ришат Асқарбекұлы, Әмірболат Құсайынов, Алматы облысы