$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Халық әртісі, чемпион, барыс, келіндер: қазақстандықтар сайлауға қалай қатысып жатыр – фоторепортаж

Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауында еліміздегі қариялар белсенді түрде дауыс беріп жатыр

Халық әртісі, чемпион, барыс, келіндер: қазақстандықтар сайлауға қалай қатысып жатыр – фоторепортаж

Ел азаматтары таңғы сағат 07:00-ден бастап сайлау учаскелеріне ағыла бастады. Azattyq Ruhy ел азаматтарының сайлау учаскелерінде қалай дауыс беріп жатқаны туралы фоторепортаж ұсынады.

ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР

Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауында еліміздегі қариялар белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Әдетте, ардагерлер мен қарт кісілер үшін көшпелі жәшік ұйымдастырылады, бірақ аймақ-аймақта ғасыр жасаған ата-әжелер азаматтық белсенділік танытып, сайлау учаскелеріне сән-салтанатымен келген.

Мысалы, Алматы қаласы Жетісу ауданындағы №43 мектепте орналасқан №343 сайлау учаскесінде екі ғасырдың куәсі - Қанша Жақсыбаева әжей дауыс берді.

Суреттегі кимешек киіп тұрған кейуана Алматының ең қарт тұрғыны саналады. Қанша Жақыбайқызы 1916 жылы 18 шілдеде дүниеге келген. Бұл күнде 26 немере, 36 шөбере,19 шөпшек көріп отыр.

«Еліміздегі саяси науқаннан қалыс қалғым келмеді. Сондықтан сайлау комиссиясына өтініш білдіріп, сайлауды көзіммен көріп қатысайын деп шештім. Менің даусымның аз да болса, еліміздің өркендеуіне өз септігі тиер деп ойлаймын. Мен келешек үшін дауыс бердім», - дейді 107 жастағы кейуана Қанша Жақсыбаева.

Жезқазған қаласында да 100 жастан асқан үш қария сайлауда дауыс берді. Солардың бірі – 100-дегі Айтқұрман Құрманбаев. Ол бүгінде 8 баладан 35 немере, 40 шөбере және 10 шөпшек сүйіп отыр.

ӨНЕР МЕН СПОРТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ДЕ САЙЛАУДАН ҚАЛЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ

Алматы қаласында өнер адамдары сайлау учаскелерінде белсенділігімен көзге түсіп жатыр. Солардың арасында Қазақстанның халық әртісі, қазақтың сүйікті әншісі Роза Рымбаева сайлауға екі ұлын ертіп келген.

«Биылғы сайлаудан үмітіміз зор, себебі жаңа құрам жиналған. Күш-қуаты мол білімді жастар бақ сынап жатыр. Мен жастарға сенемін. Әр сайлауды қалт жібермей қатысамыз. Халықты да белсенді болуға шақырып жүрмін, әлі де айтарым сол», - деді Қазақстанның халық әртісі.

Өскемен қаласында тұратын Олимпиада чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова Қазақстандағы саяси науқандардан ешқашан қалыс қалған емес. Бұл жолы да өз учаскесіне келіп дауыс берген Рыпакова бүгінгі таңдау балаларының болашағына игі әсерін тигізеді деген үмітте.

«Бұл менің міндетім деп ойлаймын, өйткені Қазақстанның тағдыры арқылы біздің балаларымыздың да тағдыры шешіледі. Менің балаларым өз Отанында өмір сүруді, оқуды және жұмыс істеуді жоспарлап отыр», - деді Ольга Рыпакова.

САЙЛАУҒА ДА ЕРЕКШЕ КИІНІП КЕЛУГЕ БОЛАДЫ

Бүгін сондай-ақ, азаматтар сайлау учаскесіне ерекшеленіп келген сайлаушылардың суретін желіге көп жүктеп жатыр. Әсіресе, Қонаев қаласында барыстың киімін киіп келген ер адам ел назарына көп түсті.

Анықталғандай, сайлаушы Нұрбек Омаров сайлауда өз қаласының символын таныту үшін барыстың костюмін таңдаған екен. Яки, осы арқылы ол жуырда ғана Қонаев атауына ие болған шаһарға құрмет көрсеткен.

«Егеменді ел ертеңі жастардың қолында. Біз жастар ұшқыр ойлы, жасындай жарқылдап тиянақты еңбек етсек Отанымыздың болашағы зор болмақ. Менің барыс киімін киген себебім – бүгінгі сайлауға өзгеше ажар бергім келді және Қонаев қаламызға деген биік құрметті символы арқылы суреттеуді қаладым. Бірақ бүгінгі әр азамат өз таңдауын жасаған айрықша сәтте бұл маңызды емес, мәндісі дауыс беру алаңынан ешбір тұрғынның қалыс қалмауы, өз таңдауы арқылы бедерлі болашаққа жол жалғауы болмақ», - дейді қала тұрғыны.

Ал маңғыстаулық азаматтар сайлауға ұлттық киіммен келген. Баянды ауылының тұрғындары сайлау учаскелеріне жаппай қазақтың ұлттық киімдерімен келді. Ер азаматтар шапан кисе, қыз-келіншектер қажекей, қамзолын киіп, саяси шараның сәнін келтірген. Дауыс беруге ұлттық киім киіп баруды ауылдың ақ жаулықты аналары көтерген. Бұл идеяны ауыл жұртшылығы жылы қабылдап, көпшіліктен қолдау тауыпты.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы сағатқа дейін сайлаушылардың 51,98 пайызы дауыс беріп үлгерген.

Серіктес жаңалықтары