«Бұл жолы университеттер ішінде үгіт-насихат жүргізілген жоқ»: Саясат Нұрбек студенттердің дауыс беруі туралы
Қазақстанда депутаттар сайлауында дауыс беру жүріп жатыр
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді заңсыз әрекеттерден қорғау мақсатында қабылданған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз студенттер сайлауға ұйымдасқан түрде қатысуға мәжбүр болады деген дәстүрлі сынға өте байыпты қарадық. Барлық ректорларға, деканаттарға, кафедраларға маңызды нұсқаулар берілді. Арнайы ахуалдық орталықтар құрылды, сондай-ақ, министрлік жанынан арнайы лауазым құрылды – студенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен, ол - Айсұлу Ерниязова. Осы алты айда ол барлық студенттермен, студенттік ұйымдардың президенттерімен жеке танысты. Кез-келген студент, егер оның құқықтары бұзылды немесе қысым жасалды деп санаса, оған тікелей жүгіне алады. Әр студент өз таңдауын жасайды. Біздің жоғары оқу орындарындағы кеңестердің шешімдерімен бұл жолы университеттер ішінде үгіт-насихат жүргізілген жоқ», - деді Саясат Нұрбек.
2023 жылғы 19 наурызда таңғы сағат 7:00-де Қазақстанда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру басталды.
Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатысады. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кіреді.
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.