Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге жыл сайын 4,5 миллиард теңге жұмсалады
ІІМ халықаралық тәжірибелерді зерттеп, жаңа жобаларды әзірлеп жатыр
Алматыда зорлық-зомбылық көрген әйелдер саны азаяр емес. Араларында ауыр психологиялық соққы алған балалар да бар, деп хабарлайды Azattyq-ruhy тілшісі.
Дағдарыс орталығынан пана іздеп, қоңырау шалған қыз-келіншектердің саны 86 мыңнан асады. Әйелдер мен балаларға қарсы күш қолданатын агрессормен күрес елімізде қалай жүріп жатыр? Мамандардың зерттеуінше мемлекет агрессорларға қарсы заңды да күшейтіп, қаржы көлемін де көбейткен. Соған қарамастан отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстың саны екі есеге дейін өсіп кеткен.
«Әрбір үшінші отбасындағы әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық көреді. Әрбір алтыншы бала, яғни бір миллион бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болған. Зорлық-зомьбылық бойынша шағымдардың тек 40 % ғана сотқа жетеді. Олардың 39 % ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Бізде агрессормен жұмыс істеу жайлы арнайы заң да бар. Отбасындағы зорлық бойынша 13 бап бар. Онда медициналық мекемелер күш қолданған адаммен жұмыс істеуге міндетті деп анық көрсетілген. Агрессормен жұмыс жасауды әрі қарай жақсартып, дамытуымыз керек. Егер статистикаға қарасақ, балалардың 61% зардап шегеді», -деді ҚР дағдарыс орталықтары одағының басқарма төрағасы Зульфия Байсақова.
№150 балалар мен жастарға арналған сенім телефонына тек 2022 жылы 86 024 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоңырау кодификаторы бойынша үшінші орында тұр. Тек бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген адамдардан 6 650 қоңырау түскен. Мамандар салыстырмалы түрде алғанда көмек сұраған қыз-келіншектердің саны екі есе артқанын айтып отыр.
«Елімізде алты әйелдер түрмесі бар. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан қамалған әйелдермен сөйлескенде қорғану мақстатында агрессорға қарсы қылмыс жасағандары айтылады. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа уақытылы қоғам болып мән берсек, қылмыс саны да аз болар еді. Өзі және балалары үшін қорыққан, қорғанған әйелдер агрессорға қарсы қылмысқа барады. Сонымен қатар мектепте жоғары тәжірибесі бар педагоктар басшылық тарапынан буллингке ұшырайды. Біз қызметкерлерді буллингке ұшыратқан басшы ол мекемеде ары қарай директор болып қалмау керек деп бастама көтердік. Ал педагогке қарсы қысымды көріп өскен оқушы бала ертеңгі күні қоғамда қандай адам болып шығады? Балаға қарсы буллинг проблемасын жылдар бойы көтеріп жүріп, қуантарлығы бұған қатысты тиісті заң қабылдаттық. Әкімдіктің жанынан құрылған бала құқығын қорғайтын мекемелердің өзі де баланың зорлыққа ұшырамауын жиі қадағалап отырулары тиіс. Президент отбасындағы зорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Заңда тіптен агрессордың 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны жазылған. Осы заңның орындалуын мемлекет, қоғам, жауапты органдар болып әрі қарай да күшейте түсу керек. Сонда ғана отбасындағы тұрмыстық зомбылықты жеңе аламыз», - деді Қазақстан Халықаралық Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы директорының орынбасары Роза Ақылбекова.
Елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы күреске жыл сайын 4,5 миллиард теңге жұмсалады. Олардың басым бөлігі құқық қорғау органдары мен сот істеріне бағытталады. Ал 15%-ы дағдарыс орталықтарына бөлінеді екен. Зорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды қаржыландыруды әрі қарай күшейтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықты арнайы зерттеп, үлестіретін, осы бағытта жұмыс істейтін мекемелердің бастамасын жандандыру керек деп санайды мамандар.
«Бас прокуратура заңның орындалуын қадағалайтын орган? Сол себепті заңның орындалуына қатысты маниторинг жүргізу керек»- деді ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі З. Байсақова.
Мамандар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ведомствоаралық өзара іс-қимылын дамыту керек деп санайды. Бизнес құрылымдарды, белсенді азаматтарды және Үкіметтік емес ұйымдарды, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуді, оңалтуды және қайта әлеуметтендіруді ұйымдастыруға тартуды дамыту қажет. Одан басқа тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі жобаларға мемлекеттік қаржы бөлуді ұлғайтып отыру керек.
«Жылдан жылға Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы өсіп келеді. Соңғы бес жылда отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстық саны екі еседен астам көбеюде. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте неғұрлым тиімді шаралардың қажеттігін көрсетеді. 2017 жылдан бастап «Жан-Сая» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспана қызметі барысында Алматы қаласында 5000-ға жуық адам көмек алды. Олардың басым бөлігі, яғни 61%-ы аналарына қатысты зорлық-зомбылыққа куә болып, ауыр психологиялық жарақат алған кәмелетке толмаған балалар», - деді дағдарыс орталығының өкілдері.
Мамандар отбасында күш қолданатындармен күрес жеке әйелдің шаруасы емес деп санайды. Тым болмағанда көршісі де келеңсіздікті жасырмай, агрессор еркектің әрекетіне тосқауыл қою үшін заң органдарына хабарлау қажет. Қоғамда зорлық көрсету қалыпты жағдайға айналған, әрі таяқ жеген, соққы алған жандар арыз жазып, істі соңына дейін жеткізуден қорқады. Отбасының құқығын қорғаудағы заңдылықтарды білмейтін әйелдер де көп.
«Зорлық-зомбылықтың болып жатқанын жоққа шығармаймыз. Шара қолданып әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Барлық кездерде нәтижеге жетуге мүмкіндік болмай жатыр. Агрессор зорлық-зомбылықты қайталап жасайды. Біз агрессорларды жазалау ғана емес, оларға қарсы көмек көрсету туралы жобаны жасап жатырмыз. Өйткені агрессор полициядан шыққан соң күш қолдануын қайталайды. ІІМ халықаралық тәжірибелерді зерттеп жатыр. Жаңа жобаларымыз да бар. Ол өзінің тиімділігін көрсетіп отыр», - деді Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Диас Дауылбеков.