ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Алматыдағы балабақшада сәбилер пластмасса қақпақтан кілем тоқып, ойыншықтар жасап жүр

Балалар 1 жылда 50 мың дана қақпақты кәдеге жаратқан

Әсет Құндақбаев

Алматының Алатау ауданына қарасты №37 бөбекжай-балабақшасындағы балалар тәрбиешілерімен бірге қарапайым қақпақтан кілем тоқыды. Өздері «қақпақтерапия» деп атап кеткен жабындының ауданы 3х4 шаршы метр.

Қазақтың қошқармүйізі бейнеленген кілемге пластик шөлмектердің 7 мыңнан астам қақпағы жұмсалған. Оны тоқуға екі аптаға жуық уақыт кетіпті. Түрлі-түсті қақпақтар көзге әдемі көрінгенмен, оны жасау технологиясы айтарлықтай күрделі емес. Тәрбиешілер оюдың орнын сызып, бағыт-бағдар беріп отырса, 4-6 жас аралығындағы балалар қақпақты желім арқылы қатты матаға жабыстырып отырған. Кілемнің бетінен қошқармүйізден бөлек «суөрнек», «қазтабан», «құстұмсық» және «төртқұлақ» сынды оюдың түрлерін де көруге болады.

Балалар бұған дейін төсеніштер мен кішкентай кілемшелер жасаған екен. Бұл бұйымдардың барлығы ұйқыдан тұрған балақайларға массаж құралы ретінде пайдаланылады.

«Жарамсыз заттарды тастамай балалардың қажетіне жаратып, маторикалық бұйымдар жасаймыз. Балалар қазір дүкен ойыншықтарынан жалыққан. Үйде де, сыртта да дайын сатылымдағы ойыншықтар көп. Сондықтан осындай заттар арқылы олардың қызығушылығын оята отырып, әрі ысырапқа жол бермеуге үйретеміз. Балалар қарапайым ғана заттарды қажетті бұйымға айналдыра алатынын көргенде қуанады, өздеріне сенім пайда болады. Мен Оңтүсік Корея, Германия және Ресейге барып, қысқа мерзімді оқу курстардан өту кезінде осындай бұйымдарды пайдалануды үйрендім. Соны енді осында қолданып жатырмыз», - деді №37 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Айнұр Әлімбекова.

Мектепке дейінгі білім беру орталығындағы әдістемелік құралдардың көбі қақпақтан жасалған. Сағат, ыдыстар, жәндіктер, жануарлар, музыкалық аспаптар, машина-техникалар, гүлдер, құмыралар, жеміс-жидек, массаж-жолақшалар сынды бұйымдар мен көптеген ойыншықтар қақпақтан құрастырылған. «Не артық?», «Сыңарын тап», «Табиғаттың сыйы», «Ойлан, тап» деген атау берілген ойындар да қол еңбегіне тиесілі.

«Табан, бақайшық, саусақтың ұшында жүйкемен баланысты көптеген нүктелер бар. Массаж қақпағымен тығынды бұрап, бекіту арқылы саусақ моторикасы, яғни саусақ қимылы іске қосылады. Тәрбиеленушілер мидың ойлануы мен дене қимылын бір сәтте іске қосады. Қақпақтардан бөлек,  ертегі кейіпкерлеріне арналған бөлмелер де бар. Оны да қажетсіз маталар, ескірген киімдерден тігіп  алдық. Мерекелік шараларда өзгелер секілді ақшаға әртістерді шақырмаймыз. Қуыршақтарды өзіміз билетеміз. Бұл жерде бүлдіршіндер еркіндікті сезінеді», -  дейді балабақша психологі Әйгерім Бәйімбетова.

Балаларға берілген сүт, айран, шырын қабының тығыны жетпеген соң балақайлар қақпақты үйлерінен тасиды екен. Әдетте лақтырып тастайтын қажетсіз қалдықтарды іске жартқанын көрген ата-аналар да сырттан сусындардың тығынын жинауға көшіпті. Осылайша, бір жыл көлемінде елу мыңнан астам қақпақ жиналған. Ал, балабақшада тек қақпақтан жасалған бұйымдардың саны 500-ге жуықтаған. Тазаланып, қайта «өңделген» қақпақтар терапия үшін таптырмас құрал.

«Қақпақтерапиядан бөлек асық терапиясы бар. Оны біз күнделікті денсаулық сақтау мен қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру үшін қолданамыз. Қатты матаға желімдеп жапсырылған асықтың үстінен балаларды жүргіземіз. Табанға, аяққа, арқаға жақсы. Бала сергек болады. Қан айналымы жақсарады. Ұлттық ойын түрлерінен бөлек балалар асық арқылы сандарды қосып-алу, түстерді ажырату сынды әдістер арқылы өз ойын дамытады. Жалпы қазақ халқының асыққа қатысты айтары, этнографиялық түсінігі кең болғандықтан ұлттық бұйымды барынша көп қолданамыз», - деді балабақшаның әдіскері Жазира Шыныбаева.

Қақпақ жинаудан жалықпаған балабақшаның тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері алдағы уақытта шағын шеберханада пластик құмыралардан диван, парта, орындық сынды заттарды жасауға кіріседі.

Әмірболат Құсайынұлы
Фото: Әсет Құндақбаев