$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жылайтын да, күлетін де жағдай болады»: мұнара кранын басқаратын келіншек жұмысы жайлы

Ол бұл салада 10 жылға жуық жұмыс істеп келеді

«Жылайтын да, күлетін де жағдай болады»: мұнара кранын басқаратын келіншек жұмысы жайлы

Раушан Нұржанова Түркістан облысы Шардара ауданында көпбалалы отбасында балалардың екіншісі болып дүниеге келген. Қазір ол Астана қаласында екі баласымен тұрып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол мұнара кранынын басқаруға 2012 жылы келген.

«Ағамның қолдауымен оқуын оқып, осы алып кранды басқаруға бел байладым. Әрине, бастапқыда бұл әйел адамның жұмысы емес, оны тізгіндесем қалай болады екен деген ойлар болды. Бірақ «шешінген судан тайынбас демекші» осы іске кірісіп кеттім. Қазір мұнара кранының машинисі болып 10 жылға жуық жұмыс істеп келемін», - деді ол.

Раушан Нұржанова бала кезінен биіктікті сүйетінін, жұмысы да биіктікпен байланысты болса екен деп армандағанын айтты.

«Зәулім үйлердің сыртынан тамсанып жүретін едім. Көп жылдан кейін сол үйлердің салынуына өзім де атсалысамын деп ойламаппын. Бейсаналы түрде ойлағанымның осылай іске асқанына кейде таңғаламын», - дейді маман.

Раушан Нұржанова мұнара кранын басқаруды қалай жүзеге асыратынын айтты.

«Жұмысым таңертең құрылыс материалдарын биіктегі құрылысшыларға жеткізіп беруден басталады. Құрылыстың қызған шағы жазда болғандықтан, қыста жұмыс сәл бәсеңдейді. Биылғы қыстан аман-есен шықтық. Тіпті, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Биіктікте күннің ызғары екі есе қатты сезіледі. Сондықтан Астананың аязы мен ызғарлы желінде биікте жұмыс істеу оңай емес. Бірақ әрбір жұмыстың өзіндік қиындығы, қыр-сыры болады. Аяз шамадан тыс көтерілгенде бізде жұмыс тоқтайды. Себебі ол мамандардың денсаулығы мен өміріне қауіп төну ықтималдығын жоғарылатады. Жұмыстың жауапкершілігі зор. 20 адамның өміріне жауапты болу үнемі стресте жүруге тура әкеледі. Күнделікті қауіпсіздік техникасын қадағалау аса маңызды», - дейді мұнара кранының машинисі.

Маман болашақта өз бизнесін ашқысы келетінін айтты.

«Бос уақытымды балаларыма, бауырларым мен ата-анама арнағанды ұнатамын. Басқа мамандықтар сияқты бізде де күрделі, аяқасты олқылықтар болып жатады. Жарықтың өшіп қалуы, жүкпен тұрып қалу, кранның кенеттен бұзылып қалуы сынды «форс-мажорлар» болады. Жұмыс болған соң жылайтын да, күлетін де жағдай болады», - дейді ол.

Ол ерекше жұмысты істеп жатқанын естіген жұрттың таңғалып, тамсанатынын айтады.

«Көбі менің қызметімді естігенде таңғалатыны рас. Барлығы «не үшін бұл жұмысты таңдадыңыз?», «Өзіңіз нәзіксіз, үлкен кранды қалай басқарып отырсыз?» деген сұрақтың астына алады. Көп жағдайда бұл таңсық. Кейбіреуі батасын беріп, тілегін айтып жатады. Бастапқыда кранды басқаратын жұмыс барын білгенде өзім де таңғалған едім. Бірақ кез келген адам тырысса, ынталанса, қолынан келмейтін іс жоқ деген пікірдемін. Жұмысты ер мен әйелге де бөлудің қажеті жоқ. Ең бастысы, адам өзінің кәсібін, ісін сүйсе, ісі өнімді әрі табысты болады», - деп түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары