$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құмар ойындарға тәуелділік, тығырықтан шығу жолы: психологтар кеңесі

Ұлыбританияда құмар ойындарға рұқсат берілетін адам міндетті түрде 25 жасқа толуы керек

Құмар ойындарға тәуелділік, тығырықтан шығу жолы: психологтар кеңесі
Фото ашық дереккөзден

Елімізде бәс қабылдайтын кеңселердің қатары жыл санап артып барады. Ал оларға тәуелді жастар да аз емес. Бірі соның шырмауына оралып, өмірден өз орнын таба алмай, әлі күнге адасумен жүр. Ал енді бірі өткеніне өкініп, бүлдірген дүниесін қайта қалпына келтірумен жүр. Құмар ойындарға тәуелділік дерт пе? Әлде бүгінгі қоғамның жазылмас жарасының бірі ме? Бұл тығырықтан шығу үшін адам не істеуі керек? Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап, психологтардың пікіріне жүгініп көрді.

«Кез келген адам баласында өзіне тән тұлғалық ерекшелік болады. Бір адам басқа бір адамға ұқсамайды. Мысалға алайық ойын баласы қатарластарымен бәстесіп ойын ойнайды. Ал жеңіске жетіп, ақша ұтып алғанда санасында жағымды эмоциялар, жақсы әсерлер қалады. Осылайша жинақтала береді. Адамның ақылы мұндай әсерлерге келгенде есте сақтау қабілеті мықты келеді. Мысалға бала күнінде болған жағдайлар адамның еміс-еміс есінде қалғанмен толық есіне түсіре алмайды. Ал мұндай эмоциялар жағымды әсер бергендіктен санада өшпестей сақталып қалады. Әрине бұл балалар ойнамауы керек дегенді білдірмейді. Тұлғалық ерекшелік дегенім міне осы. Осының бәрі өсе келе адамда бейсаналы түрде қалып қояды», - дейді психолог Балабек Кеніштайұлы.

Сөзін жалғай отырып, ата-аналар, мектеп тарапынан осы тұста балаларға тәрбиелік мақсатта қарқынды жұмыс жүруі керек екенін қозғап өтті. Сол кезде адамның санасы өзгеріп, өзінің болашағына, алдағы өмір сүруіне деген өзгеше көзқарас пайда болып, бәс тігіп, жеңгеннен кейінгі ләззат алудың дұрыс еместігі, оның соңы бүкіл дүние-мүлкінен айырылуға жеткізетіні, қарызға батыратыны көбірек ойлантатын болады.

«Жасөспірімге салдарын түсіндіріп, психикасын тазарту керек. Дүниетанымын басқа қажетті, пайдалы істерге бұрғанымыз жөн. Оның дұрыс еместігі ата-аналар тарапынан да айтылуы қажет. Оқу оқып, білім алса болашағы жарқын болатыны түрлі дәлелді мысалдармен көрсетілуі керек. Өскелең ұрпақтың осылайша психикасы өзгереді. Міне осыдан барып, балалар балғын шағында-ақ бас тартуы мүмкін. Олардың дүниетанымын, құндылықтарын өзгертіп, дұрыс бағытқа бұруымыз керек», - дейді психолог.

Ол сөзін жалғай отырып, Ұлыбритания еліндегі жас шектеу жағына қатысты қолданылған тәжірибені мысалға алып өтті.

«Ұлыбританияда құмар ойындарға рұқсат берілетін адам міндетті түрде 25 жасқа толуы керек. 25 жасқа толмайынша құмар ойын ойнауына рұқсат берілмейді. Ал бізде 21 жасқа толса болды. Былай қарасақ, адамның психикасы 21 жасында толық дамып үлгермейді, алды-артын толық ойлайтын деңгейге жетпейді. Бұл жаста оқуын енді тәмамдап жатады, әлі өзін тұрақтандырмаған. Сол себепті құмар ойындарға бейсаналы түрде, ойланбастан барады.

Ал 25 жасында өзінің ары қарайғы жүретін жолын анықтайды. Өзіне зияны тиетін әрекеттерге бара бермейді, барған күннің өзінде соңын ойлайтын болады. Оның үстіне бұл жаста өзінің қатарластары отбасын көтеріп, балалы-шағалы болып жатады. Бұл да оның дұрыс қадамға баруына оң әсер етеді. Адамның 21 жасындағы қызығушылығы 25 жасында ерсі көрінуі мүмкін.

Ұлыбританияда 25 жас деген жан-жақты зерттеулер жасалғаннан кейін барып белгіленген, ал бізде ешқандай зерттеу жасалмастан 21 жас деп қойыла салды. Неліктен 21 жас екенін ешкім айтып түсіндіре алмайды. Бізде тіпті кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер де таныстары арқылы бәс тігіп жүр. Олардың қатары да аз емес. Сол себепті бізде құмар ойындарға салынатындар өте көп», - дейді маман.

Құмар ойынға жаны құмар адам қанша жасқа толғаннан кейін ақыл тоқтатып жатады? Әлде бұл жазылмайтын ауру ма?

«Бізде адам 30 жасқа толғаннан кейін бәріне байыппен қарап, ақылына жүгініп жатады. Құмар ойындарға тәуелді адамдар 20 мен 30 жас арасында өте көп. Ал 30-дан ары қарай өте аз. Себебі 30-дан кейін отбасылық мәселелер алға шығып, дүниетанымы ақырындап өзгере бастайды, карьера құруға ұмтылады. Ұлыбританиядағы тәжірибе бізге де енгізілсе, құмар ойынның құрбандары әлдеқайда аз болар еді», - деп Балабек Кеніштайұлы сөзін аяқтады.

Ал өз кезегінде тағы бір психолог маман Серікгүл Сәли құмар ойындарға тәуелділік психологиялық ауру болып саналатынын айрықша айтып өтті.

«Құмар ойындарға деген тәуелділік адам психикасының емес оның ішкі сезімінің ауруға шалдыққанын білдіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төрт жыл бұрынғы қарарында құмар ойынның құрбандарына ауру деген диагноз тағайындаған. Себебі денсаулығы қалыпты адам бәс тігу үшін мұндай теріс қадамға бармайды. Ал мұны жүйке жүйесінің ауруы деп айта алмаймыз. Себебі оның жүріс-тұрысы, қозғалысы қалыпты. Бірақ... Қанша жерден сөз беріп, теріс әдетін тоқтататынын айтқанмен бұл істен бас тарта алмайды. Ал оның соңы алаяқтыққа дейін апарады. Себебі мұндай дертке шалдыққан адамның өзгелерді өзіне еріксіз сендіріп әкететін гипноздық қасиеті аяқастынан пайда болады», - дейді Серікгүл Сәли.

Ол сөз арасында өзгелерді өзіне сендіріп әкететін қасиеті талай адамды өзінің құрбанына айналдыратынына тоқталды.

«Құмар ойынға жаны тәуелді адам сезімнің ауруына шалдыққан. Олар тіпті қарапайым нәрсеге де бас қатырмайды, сезінгісі де келмейді. Ал адамның бойында сезімнің ең жоғарғысы – махаббат, имандылық деген ойларына да кірмейді. Одан ләззат ала алмайды. Айналасындағы адамдарға жаны ашымайды. Ал мұндай дертке қандай адамдар жиі шалдығуы мүмкін? Тәжірибеме сүйенер болсам, бала күнінде өз сезімін сыртқа шығарып көрсетуге тыйым салынған адамдар жиі ұшырайды. Оларға ата-анасы, жақындары тарапынан «жылама», «орынсыз күлме» деген секілді тыйымдарды көп жасалып, шектеу көрген. Міне осыдан барып ол сезімін жұртқа көрсетуге болмайды екен деп ойлап өседі. Қалыпты жағдайда сыртқа шығаруы керек сезімінің бәрін ішіне бүгіп, тұншықтырады. Міне осылайша ол баланың өсе келе адами қасиетке тән бойындағы жанашырлық сезімі жоғалады. Соңында қатыгез адамның бірі болып шығады», - дейді маман.

Сонымен қатар бала күнінен ақшаға өте жақын болып өскен адам да бәс тігуге тез бейім болып келеді. Ал балалық шағынан дер кезінде тәрбие берілмесе жеңіл жолмен ақша табуға жылдам әуестенетінін көрінеді.

«Уақытылы тәрбие берілмесе жеңіл әрі арам жолдармен ақша табуға кетеді. Жұмыс істеп, өз еңбегімен ақша тапқысы келмейді, заңға да бағынбайтын болады. Нәпсісін тоқтата алмайды. Осылайша сезімдері дертке шалдығады. Бәс тігіп, оны жеңуден ләззат алса, бертін келе жеңілсе де ерекше бір сезімге ие болатынды шығарады. Қарапайым тілмен айтар болсақ нашақорлыққа, ішімдікке салынудың тәуелділігімен бірдей деуге болады», - дейді психолог.

Денсаулығы қалыпты болғанмен құмар ойындарға шалдыққан тәуелді адамды емдеп жазу қаншалықты мүмкін? Психология осы мәселеде қандай тұжырымға келіп отыр?

«Құмар ойынның құрбандарын бұл дерттен емдеп шығу мүмкін нәрсе. Бірінші кезекте олардың болмысындағы адамға тән сезімін қайта ояту қажет. Бұрынғы қателіктерін есіне түсіріп, өзімен бірге қиналған ата-анасының, алдап кеткен таныстарының орнына өзін қою қажет. Сезімі қайта оянған адам саналы түрде оянады. Көп ұзамай өткен ісін салмақтап көз жүгіртіп шығады. Ал 5-8 ай аралығында көп нәрсені түсінетін болады. Міне осыдан барып жіберген қателіктері үшін өзін жек көре бастайды», - деді Серікгүл Сәли.

Айтуынша әдетте осыдан кейін барып ол адам екі жылдай өзіне шектеулер қояды. Өзіне қойған тыйымдарды бұзбай, дұрыс жолмен жүргенде барып, жұрт қатарлы деңгейге жетеді. Міне бұл психологиялық дерттен шығудың бірден бір жолы.

Сөз соңында айтарымыз, құмар ойындардың жарнамасы бүгінде емін-еркін жарияланып, насихатталып жүр. Жауапты мекемелер осы мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, белгілі бір деңгейде шектеулер енгізуді қолға алуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары