$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бала сүю, жүктілік: былтыр СҚО-да ЭКҰ арқылы 3200 бала дүниеге келді

Қазақстанда бала тууға қабілетті 5 млн-ға жуық әйел бар

Бала сүю, жүктілік: былтыр СҚО-да ЭКҰ арқылы 3200 бала дүниеге келді
Фото ашық дереккөзден

Ресми мәліметтерге сәйкес былтыр әлемде 44 млн жасанды түсік жасалған. Жағымсыз көрсеткіш әсіресе Африка, Латын Америка және Азия елдерінде жоғары. Қазақстанда бала тууға қабілетті 5 млн-ға жуық әйел бар. Өткен жылы солардың 70 мыңнан астамы жасанды жолмен түсік тастаған. Ал сәби исін аңсап жүрген 23 мыңнан астам әйел бедеулік бойынша арнайы есепте тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ЖАСАНДЫ ТҮСІКТІҢ ҚАНДАЙ ЗИЯНЫ БАР?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша халықтың 5%-ы анатомиялық, генетикалық, эндокриндік және иммунологиялық себептерге байланысты бедеулікке ұшырайды. Жасанды түсік әсерінен бала туу қабілетінен айырылатындар да бар.

«Жасанды түсік – әйел ағзасының репродуктивті қызметінің бұзылуына әкеліп соғады. Одан гормондарға тәуелді аурулар туындауы мүмкін. Жатыр, сүт безі, тіпті қатерлі іскке алып келуі мүмкін. Ағзада түрлі қабыну процестері жүреді. Мұның барлығы бедеулікке алып келуі ықтимал. Жасанды түсіктен кейін әйел бала көтерсе де жүктілік соңына дейін жетпей қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Психикалық ауытқулар да болу мүмкін. Сондықтан жүктіліктен сақтану жолдарын білу керек. Ол үшін арнайы мамандардан кеңес алу қажет. Гинекологтар әр әйелдің жасына, ағзасының ерекшелігіне байланысты контрацепция әдісін таңдап береді», - дейді СҚО Перинаталдық орталығының жетекшісі Елена Калюжная.

БЕДЕУЛІК ПЕН БЕЛСІЗДІК. СЕБЕБІ НЕДЕ?

Елімізде көптеген отбасылардың арасында бала сүйе алмайтын ерлі-зайыптылар бар. Мамандарың айтуынша бүгінгі күні бұл мәселе тек жасы ұлғайғандар арасында ғана емес, жас жұбайлар арасында да көптеп тіркеліп жатыр.

«Бедеуліктің негізгі себептеріне тоқталып кетсек, ерлер арасында бедеулік көбінесе сперматозоидтардың болмауы немесе сперматозоидтардың жеткіліксіз саны немесе қалыптан тыс формалары (морфология) және олардың қозғалысы (қозғалғыштығы) проблемаларынан туындайды. Ал әйелдер арасында бедеулік аналық бездердің, жатырдың, жатыр түтіктерінің және эндокриндік жүйенің бірқатар патологияларынан туындауы мүмкін», - дейді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директорының м.а. О.Искаков.

«АҢСАҒАН СӘБИ» ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БЕРДІ?

2020 жылы Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауында отбасылар бала туа алмайтын отбасылық-демографиялық жағдайды елеулі алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 14 000 әйелге қосалқы репродуктивті технологиялар қолжетімді болды. Бағдарлама жұмыс істеген 2 жыл ішінде 4 000-нан астам әйел жүктілік бойынша есепке алынды, 2 700 отбасында көптен күткен 3 200 бала дүниеге келді. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) шеңберінде қосалқы репродуктивтік технологияларды жүргізу үшін іріктеу қағидалары, шарттары мен өлшемшарттары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-272/2020 «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүргізіледі. МӘМС қоры медициналық ұйымдар бөлінісінде экстракорпоральды ұрықтандыру қызметтерінің объектілерін орналастыруды жүргізді. МӘМС шеңберінде мемлекеттік қызметтерді 19 клиника ұсынады. Оның 3-еуі мемлекеттік болса, 16-сы – жекеменшік», - дейді Искаков.

23 МЫҢ ӘЙЕЛ БЕДЕУЛІК БОЙЫНША ТІРКЕУДЕ ТҰР

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше бүгінгі күні елімізде ақпараттық жүйе бойынша бедеулік диагнозы қойылған 23 мыңнан астам әйел мен 100-ден астам ер адам тіркелген.

«Қазақстан Республикасында жасанды түсік 2022 жылы 1000 фертильді жастағы әйелге шаққанда   15,9 (2021 жылы 15,5), яғни 0,4 -ке жоғары. 2022 жылы жасанды түсік жасау бойынша ең жоғарғы көрсеткіштер Қарағанды облысында (22,6), Батыс-Қазақстан облысында (22,1), Солтүстік Қазақстан облысында (21,1), Қостанай облысында (20,4) тіркелді», - дейді министрлік өкілі.

«АБОРТ» ЖАСАТАТЫН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ДА БАР

Мамандардың айтуынша әсіресе жасөспірім кезеңде, алғашқы жүктілікті жасанды жолмен тоқтату қауіпті.

«Жасанды түсік дәрі-дәрмек немесе хирургиялық жолмен жасалады. Бірінің зияны аз, тағы бірінде көп деуге болмайды. Екеуінің де зардаптары бар. Жүктілікті жасанды түрде тоқтатқанда әйелдің ағзасында гормоналдық бұзылу басталады. Бұл орталық жүйке жүйесіне де үлкен соққы. Кей әйелдер медициналық, кейбірі әлеуметтік көрсеткіштерге байланысты жасанды түсікке келіп жатады. Қайсысын алса та, әйелдің денсаулығына зиян келеді. Медициналық қызметтің бұл түріне жүгінетіндер арасында студенттер де, тіпті мектеп оқушылары да бар.

Бүгінгі күні облыста жыл сайың мыңға жуық жасанды түсік жасалады. Оның аз ғана бөлігі медициналық көрсеткіштерге байланысты. Барлық әйелдер консультация алады. Кейін де ақыл-кеңес беріледі. Қазір жасөспірімдер арасында отбасын жоспарлау жайында дәрістер оқылады. Қаланың және әр ауданда отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Бәрі тегін. Бала көтеруге дейін әйелдің денсаулығы тексеріледі. Ақау анықталып жатса, тиісті ем тағайындалады. Осындай жағдайда ғана күтілген жүктілік болып, дені сау бала туады», - дейді гинеколог дәрігер Елена Калюжная.

ДДСҰ мәліметінше жасанды түсік – әлемдегі өлім-жітім көрсеткішін бастап тұр. Жыл сайын әлемде 40 млн-нан астам аборт тіркеледі.

Серіктес жаңалықтары