Солтүстік Қазақстан облысында 540 шақырым жол жөнделмек
Өңірдегі 26 елдімекеннің ауылішілік жолдарының 60 шақырымы ретке келтірілмек
Биыл СҚО жолдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыс қазынасынан 19,7 млрд теңге бөлінді. Осылайша, 540 шақырым тасжол ретке келтіріледі. Бұдан бөлек, өңір тұрғындарын тасымалдайтын қоғамдық көліктер жаңартылып, халыққа қызмет көрсету сапасы жақсартылмақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Облыстың автожолдар желісі – 8 675 шақырым. Оның 1 970-і республикалық, 6705-і облыстық және аудандық маңызы бар тасжолдар. Бүгінде бұл жолдардың 80%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Жалпы, биыл 540 шақырым жолға жөндеу жүргізу жоспарланған. Осылайша, 26 елдімекеннің ауылішілік жолдарының 60 шақырымы ретке келтірілмек.
Сонымен қатар СҚО-да 123 автобус бағыты жұмыс істейді. Өткен жылы облысішілік 43 маршрутты субсидиялауға 802,5 млн теңге бөлінсе, биыл 46 бағытта жүретін қоғамдық көлікк 361 млн теңге бөлінді. Әлі 566 млн теңге қажет.
«Тасымалдаушылар облысішілік бағыттар бойынша өз қаражаты есебінен 13 автобус сатып алды. Бүгінгі таңда 371 ауылдың тұрғындары әлеуметтік маңызы бар тариф бойынша тасымалданады. Алайда 2017 жылдан бастап тасымалдаушылардың шығындары 2-3 есеге ұлғайды. Дизель отынының бағасы 130 теңгеден 260 теңгеге дейін, жанар-жағармай 150 теңгеге өсті. Осы ретте бір километр үшін тариф құнын 2 теңгеге өсіру тасымалдаушының билет сатудан түскен табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді», - дейді СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет.
Облыс жолдарында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті материалдар мен арнайы техника әзірленуде. Бүгінде Ресейден 100 мың тонна битум жеткізуге рұқсат етілді. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға автожолдарды күтіп ұстауға 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, қоғамдық кеңес отырысында қалаішілік қоғамдық көліктердегі жол ақысын өсіру мәселесі де қарастырылды.
«Соңғы рет жол ақысы 2017 жылдың наурызында көтерілді. Осы жылдар аралығында жаңар-жағармай мен дизель отынының бағасы айтарлықтай қымбаттады. Сонымен қатар тасымалдаушылар автобустарды тиісті түрде күтіп ұстауы үшін өз қалтасынан қаржы бөледі. Осыларды ескере отырып тарифті өсіру қажет. Қазіргі таңда барлық құжат жиналып, есептеу жүргізіліп жатыр», - дейді қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.