«Мектептерге қарулы күзет қажет»: балалар қауіпсіздігі мәселесі қашан шешілмек?
Жуырда ғана Петропавлда мектепке балта ала барған бала 3 оқушыны жаралаған еді
Бүгінгі күні балалардың қауіпсіздігі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ата-ана ұл-қызын мектепке жіберуге қорқады. Жуырда ғана Петропавлда болған оқыс оқиға көпшілікті алаңдатып отырғаны рас. Естеріңізге сала кетсек, мектепке балта ала барған бала 3 оқушыны жаралаған еді. 2021 жылы Татарстанның Қазан қаласында болған қанды қырғынды да көпшілік ұмыта қойған жоқ. Осы жағдайдан сабақ алдық па? Білім ошақтарындағы қауіпсіздік қандай? Azattyq Ruhy тілшісі шағын тәжірибе жасап, анықтап көрді.
МЕКТЕПТЕРГЕ КІРУ – ЕШ ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗБАЙДЫ
Петропавлдағы Жас Өркен ауданындағы №40 мектептің есігін аштық. Ғимаратқа еш қиындықсыз кіріп, екінші қабатқа өттік. Жолай бірнеше адам кездесті. Бөгде адамдардың жүргенін еден жуушы ғана аңғарды.
Турникет жоқ. Есесіне металл іздегіш құрал бар. Бірақ ол іске жарамсыз болып шықты. Осылай қаладағы бірнеше білім ошағына бардық. 17 және 23 мектептерде түрлі уәж айтып, жеке куәлік көрсеттік. Ішке кіруге рұқсат алу еш қиындық туғызған жоқ. Ал облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта да турникет жоқ. Вахтерді әңгімеге тарттық.
«Мектептің балалары келгенде есіктен қарсы аламыз. Ата-аналары әкеледі. Осы жерде аяқ киімдерін ауыстырып, кабинеттеріне өткізеді. Құдай бетін аулақ қылсын, оқыс жағдай болып қалса, дабыл тетігі бар. Соған басып көмек сұраймыз», - дейді Ботагөз Сұрағанова.
Аңғарғанымыз – барлық білім ошақтарында зейнет жасына жақын әйел адамдар жұмыс істеп жүр. Себебі, жалақысы аз жұмысқа келісетіндер аз. Олар мектепке шабуыл жасалса, тетікті басуға ғана қауқарлы екені айтпаса да түсінікті.
АТЫ БАР, ЗАТЫ ЖОҚ
Камералардың да аты бар, заты жоқ болып шықты. Мәселен, Түркістан облысындағы Жетісай ауданы Жылысу ауылындағы орта мектептегі 8 камераның екеуі істемейді. Нысанда 700-ден аса бала білім алып жүр. Тағы бір олқылық, келеңсіз жағдай бола қалса оны полицейлер орталық бақылау жүйесінен көре алмайды.
«Полицияның орталық жүйесіне біздің мектептегі бейнекамералар қосылған жоқ. Оның себебі – интернеттің баяу болуы. Екінші ғимаратымыз бар. Ол жақта ешқандай камера жоқ. Аудандық білім бөлімі хабардар, бірақ әзірге еш шара қабылданған жоқ», - дейді М.Шоқай атындағы мектеп директорының орынбасары Бауыржан Әуелбеков.
Ал, Кетебай ауылындағы білім ошағындағы жағдай мүлде қиын. Бейнебақылау камераларының дәлізде қалқиып тұрғаннан басқа пайдасы жоқ. Әлеқашан істен шыққан.
«Бұл туралы біз білім бөліміне бірнеше мәрте ұсыныс бердік. Хатпен шықтық. Бірақ әлі мамандар тексерген жоқ. Одан бөлек біз тағы да 18 камера орнатуға өтініш жасадық», - дейді Ә.Молдағұлова атындағы орта мектеп директорының орынбасары Ақарыс Дүйсенбекұлы.
«МЕКТЕПТЕРГЕ ҚАРУЛЫ КҮЗЕТ ҚАЖЕТ...»
Өмір Есқали - осы мәселені зерттеп жүргендердің бірі. Журналист мектептегі қауіпсіздік тек қағаз жүзінде қамтамасыз етіліп отырғанын айтады. Ол білім ошақтарына қарулы күзет қажет деп есептейді.
«Президент 2021 жылы Татарстандағы жағдайға байланысты көңіл айтып, нақты тапсырмалар берді. Орындалған жоқ. 2022 жылы наурызда сол кездегі Ғылым және білім министрлігінің арнайы ережесі шықты. Ол қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталды. Ол да орындалған жоқ. Қазақстанда көп органдар көбінесе хатқа жауап берумен, қағазда есеп жасаумен айналысады», - дейді журналист.
«АТА-АНА МІНДЕТТІ МЕКТЕПКЕ АРТЫП ҚОЯДЫ...»
13 ақпан күні Петропавлда болған жағдай жұртты елең еткізді. Таңертең сабаққа барған №4 мектептің шәкірттері үшін әдеттегідей қоңырау емес, дабыл соғылды. Білім ошағына балта ала барған бала жолай кездескен оқушыларды жаралаған. Кейін күдіктінің психикалық ауытқушылығы бары анықталды. Мамандардың айтуынша, қазір дені сау балалардың бойында да агрессия байқалады. Психологтың айтуынша, оған себеп көп. Ал негізгілері - буллинг немесе отбасындағы жағдай.
«Ата-ана қанша жұмысбасты болса да баласына күніне кем дегенде 10-15 минутын бөліп, қал-жағдайын сұрап, сезімдерін сұрап, кім ренжітті, кім қуантты саралап отыру керек. Бала агрессиясын, ашу-ызасын, өкпе-ренішін сөзбен жеткізіп үйренеді. Олай етпеген жағдайда бала – күш қолдануды әдетке айналдырып кетеді. Ата-ана өз міндетін мұғалімге артып қоятын әдет бар. Ол дұрыс емес», - дейді психолог Зарина Қаһарман.
Күні кеше сенатор Нұртөре Жүсіп елімізде ешқандай заңда бала мен мектеп қызметкерінің қауіпсіздігі мәселесі қамтылмағанын айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
«Бұл бағыт бойынша елеулі ғылыми база біздің елімізде жоқ. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік жағдайын анықтау, депрессияға не агрессияға бейім балаларды алдын-ала оқшаулау жағы мүлдем ескерілмейді. Әлемде және Ресейде мұндай тәжірибе бар. Екінші бағыт бойынша көпсатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек», - дейді ол.
ҚАҒАЗДАҒЫ ЕСЕП ПЕН ШЫНАЙЫ КӨРСЕТКІШ СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, еліміздегі 7 мыңнан астам мектептің 85 пайызында мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істейді. Ал тең жартысы бейнебақылау камераларымен қамтылған. Қағаздағы көрсеткіш пен іс жүзіндегі жұмыс сәйкес келмей шықты.
«85 пайыз мектеп күзетпен қамтамасыз етілген. Ал енді барлық мектептерде бүгінгі күні бейнебақылау камералары бар. Бұл жерде туындап отырған мәселе – нұсқаулық былтыр қабылданды. Ал бейнекамералар бұрыннан орналастырылып қойған. Қазір жергілікті әкімдіктер, жергілікті атқарушы органдар бұл камераларды ауыстыру бойынша да жұмыс жүргізіп жатыр», - дейді Оқу-ағарту министрлігі комитетінің басшысы Ержан Жиренбай.
Проблеманы қайғылы жағдай болғанда ғана еске алатынымыз шындық. Мектептегі қауіпсіздік – Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Тек бұған мемлекет қана емес, ата-ана да жауапты екенін естен шығармайық.