$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Смартфон ойыңызды қалай оқып қояды?»: маман жасанды интеллект жайлы

Маман роботтар адамды ішінара алмастырғанын айтты

«Смартфон ойыңызды қалай оқып қояды?»: маман жасанды интеллект жайлы
Фото ашық дереккөзден

Жасанды интеллект пайда болғалы адамзаттың өмірі айтарлықтай жеңілдеді. Автоматтандырудың адам өмірін жақсартуы, смартфондардың іздеген дүниеңді алдыңнан шығарып беруі қазір таңсық емес. Azattyq Ruhy тілшісі дүние жүзіне белгілі алпауыт компания – Google корпорациясының Қазақстандағы агенті Нұржол Табиғатпен әңгімелесті.

Нұржол Табиғат отандық ақпарат технологиялар саласында ең ірі деп саналатын онлайн білім беру компанияларында қызмет еткен. Ол жоба менеджері, продакт менеджер және операциялық менеджер болған. 2018 жылы «Google Британияның» бизнесті кеңейту және жүйелеу бойынша акселерациясынан өткен. Қазір еліміздегі компанияларға кеңес береді.

Маманның айтуынша, жасанды интеллект дұрыс пайдаланылса, адамзатқа кері әсері болмайды.

«Кез келген технологиялық жетістіктің оны пайдалануына байланысты оң және теріс әсері болады. Осы күнге дейін пайдаланып жүрген көліктерді адам дұрыс пайдаланса пайдасы зор, керісінше болса, зиян болуы мүмкін. Жасанды интеллекті де сондай. Дұрыс мақсатта пайдаланса, пайдасы мол. Смартфон ойыңызды қалай оқып қояды? Қолымыздағы смартфон кейде бізді еститіндей көрінеді. Қазір барлық адам телефонның қызметіне жүгінеді. Жасанды интеллект телефон тұтынушысы не көреді, не оқиды, не жайлы сөйлесетіні туралы ақпарат жинайды. Оны саралап, шешім шығарады. Соған байланысты жарнама көрсетеді, тауарды алдыңыздан алып шығады. Әлеуметтік желілерде сол тақырыптағы жазбаларды шығарады. Міне осындай ерекшелігі бар», - дейді ол.

Маман жасанды интеллект өте ақылды әрі тиімді жұмыс істейтінін тілге тиек етіп өтті.

«Мәселен, спортшылар әңгіме арасында өздерінің спорт түріне қатысты әңгімелесуі мүмкін. Смартфон осы ақпараттарды жинайды. Сол спортқа қатысты ұсыныстар жасайтын ақпаратты алдынан алып шығады. Кейде адам өзіне қажетті дүниені айтпай, іздемесе де, жасанды интеллект интернеттен көретін, оқитын дүниелеріне сараптама жасап, осы адамға керек-ау деген дүниелерді дайындап қояды. Сол себепті де ол біздің ойымызды оқығандай болып көрінеді», - дейді Нұржол Табиғат.

Google агенті сөз арасында нейрожүйе туралы да айтып берді.

«Қазір ғалымдар адамның ми құрылысын біраз зерттеді. Ми қалай жұмыс істейді, қалай ақпарат өңдейді, қай бөлігі не нәрсеге жауап береді, қалай шешім қабылдайды, сол сияқты құрылымдарын анықтады. Ол бойынша әдістемелер әзірленді. Кейін ол түрлі алгоритмдер арқылы автоматтандырылып, қазір оны жасанды интеллект деп атап жүрміз. Мысалы, математикада идеалдыққа ұмтылатын Марков тізбегі заңдылығы бар. Ол осы жасанды интеллектіде қолданылады. Мәселен, Стэнфорд университеті есеп шығаруда осы сынды алгоритмдерді пайдаланады», - деді ол.

Қазір интернет желісінде нейрожүйе құрастырған қала, нейрожүйенің көмегімен шығарылған ән дегенді көп естиміз. Маман нейрожүйе неге енді ғана трендке айналғанын түсіндіріп берді.

«Нейрожүйе қазір тренд болып жатыр. Бірақ ол ондаған жыл бұрын іске асқан, бар жүйе еді. Қазір бұқараға жарнама арқылы таралып жатыр. Бұған дейін нейрожүйе құпия ақпарат ретінде қолданылды. Көп компания ішкі мәселелерін осындай жүйе арқылы шешкен. Осылайша, өздерінің бәсекеге қабілеттіктерін арттырған. Соңғы уақыттарда ол жалпы қолданысқа шыға бастады», - деді ол.

Нұржол Табиғат нейрожүйені Google компаниясы қалай қолданғанын айтып берді.

«Бұған дейін Google-дің операциялық жүйесімен жұмыс істегенде көптеген жүйе автоматтандырылғанын көретінбіз. Ол шешімдерді, деректерді өзі қабылдай беретін. Қарапайым СЕО-ны алсақ та, 10-15 жыл бұрын ол белгілі бір алгоритммен жұмыс істейтін. Кейін ол жасанды интеллектке көше бастады. Адамдардың мінез-құлқына қарай өзгере бастады. Оны саралап, халыққа ұсына бастады. Мәселен, миллиардтаған жарнама берушілер бәсекелеседі. Оның барлығын ретке келтіретін де осы жасанды интеллект болып саналады. Себебі қарапайым жүйе өзі шешім қабылдай алмайды. Ал шешім қабылдап, ақылмен жәрдемдесіп отыратын, реттейтін жасанды интеллект», - дейді маман.

Ол компанияда машина жасау саласындағы жасанды интеллектінің рөлін айтты.

«Америкадағы компания әлем бойынша сатылымы көп компанияның бірі, ТОП-10-ға кіреді. Олар Google-мен бірлесе жасанды интеллект әзірлейді. Машиналарға қажетті бөлшектерді тапсырыс беру кезінде қандай бағыт, ел, көлік арқылы жеткізу керек, оның бағасы мен келетін уақытын жасанды интеллект есептейді. Себебі қазір әлемде түрлі геосаяси жағдай болып, баға мен бағыттар өзгеріп жатыр», - деді агент.

Оның айтуынша, қазір жылдам дамитын ірі компаниялар көбейді. Оның себебі автоматтандырылған жүйе тиімділікті арттырып, адамдарды басқаруды жеңілдетті.

«Адамдарды робот алмастыра ала ма?» деген сұраққа жауап беретін болсақ, олар адамды баяғыда алмастырып қойған. Себебі көлік жасайтын компанияларда адам мүлдем істемейді деп айтуға болады. Мықты компанияларда көлік құрастыратын роботтар бар. Роботтар қайталана беретін механизмдерді дәлме-дәл, қатесіз жасай береді. Роботтардың жақсы жері адамдар сияқты эмоцияға берілмейді. Мысалы, талантты адамдар болуы мүмкін. Бірақ олар отбасылық жағдай, жеке мәселе бойынша эмоцияға беріліп, шаршап қалуы, басқа компанияға кетуіп қалуы мүмкін. Яғни, адами ресурс шектеулі болады. Ал роботтарда мұндай тәуекел жоқ. Бірақ роботтар толыққанды адамның орнын басады деп те айта алмаймыз. Сараптама жасау, ақпарат жинауға біз уақыт кетірмейміз, оны роботтар жинап, ақпарат беріп отырады. Біз роботтар әзірлеген жүйе бойынша уақыт пен ақшаны, тәуекелдерді азайтамыз», - дейді Нұржол Табиғат.

Серіктес жаңалықтары