$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жастарға жұмыс»: жаңа жоба не ұсынады?

Жоба аясында оқу орындарының түлектерін көбірек қамту көзделген

«Жастарға жұмыс»: жаңа жоба не ұсынады?
Фото ашық дереккөзден

«AMANAT» партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасын іске асыруда. 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта аталған жоба аясында еліміз бойынша 100 мың жас екі қолға бір күрек табуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жобаның негізгі мақсаты – жастардың жұмысқа орналасуына, кәсіби тұрғыда өзін көрсетуіне және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына жәрдемдесу.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында жастар саясатының тұжырымдамасын қайта қарауды және «Жастар үшін» қағидатынан «Жастармен бірге» қағидатына көшуді ұсынған болатын. Біздің мақсатымыз – жауапты, патриоттық сезімі жоғары, еңбекқор және белсенді азаматтық позициясы бар мықты жастарды тәрбиелеу», – деді жақында игі бастаманың тұсаукесерінде сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.

Жоба аясында оқу орындарының түлектерін көбірек қамту көзделген. Петропавлдағы колледждердің бірінің түлегі Ұлан Ыдырысов осы жобаға қатысып, жұмыс табуды жоспарлап жүргенін айтады. Еңбек нарығында сұраныс көп болады-ау деген ниетпен және өзі жастайынан темір-терсекке үйір болып өскендіктен техникалық мамандықты таңдаған екен.

«Жастардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Барлық жерде еңбек өтіліңді, тәжірибеңді сұрайды. Кеше ғана оқу бітірген адам қай уақытта тәжірибе жинап үлгереді? Сондықтан көбінің тауы шағылып, таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етіп жүрген жоқ. Амалсыздан дүкенде сатушы, тойханаларда даяшы болып жүрген жайы бар. Соңғы жылдары зауыт-фабрикалар көп салынып жатыр. Солардың жұмысын алға бастыратын қазіргі жастар деп ойлаймын. «Жастарға жұмыс» жобасы туралы естідім, бағымды сынап көргім келеді. Мүмкін көмегі тиіп қалар», – дейді колледж түлегі.

17 ӨҢІРДЕ 22 ЖӘРМЕҢКЕ ӨТЕДІ

«AMANAT» партиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп қолға алған «Жастарға жұмыс» жобасы дәл осы Ұлан Ыдырысов сияқты жастарды жұмысқа орналастыруды көздейді. Жалпы бұл жоба алты негізгі бағыттан тұратынын ерекше айта кеткен жөн. Бірінші бағыт «Жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі» деп аталады. Еліміздің 17 өңірінде осындай 22 жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр. Жұмыс беруші ірі компаниялардың өкілдері қатысатын бұл шараларға облыстар мен ірі қалалардағы жоғары оқу орындарының 16 мың түлегін тарту мақсаты қойылған. Бұдан бөлек әр тоқсан сайын «Еnbek.kz» платформасы арқылы онлайн-жәрмеңкелер де ұйымдастырылмақ. Оқу орындарының өзінде, кітапханаларда, коворкинг-орталықтарда, жұмыспен қамту орталықтарында да кездесулер ұйымдастырылатын болады.

Екінші бағыт бойынша екі мың жасты тау-кен өндірісі саласына жұмысқа орналастыру көзделген. Бір мың адамды ірі кәсіпорындар мен ұлттық компанияларда тәжірибеден өткізу ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар адамдар көп жиналатын сауда үйлерінде, базарларда, вокзалдарда, 196 аудан орталығында жаңа жобамен таныстырып, кеңес беретін мобильді орталықтар ашылады.

Мемлекеттік қызмет академиясымен бірге жастарды оқыту және сынақтан өткізу үшін «Самғау» жобасы қолға алынбақ. Бұған 65 жасқа толмаған бір мың жас қатысады. Үздік жастардың арасынан 200 адамнан тұратын көшбасшылар тобы жасақталады. Бұдан бөлек «BI University-мен» бірге құрылыс және көлік саласына бағытталған оқыту бағдарламасы іске қосылады.

20 МЫҢ АДАМ ӨЗ КӘСІБІН АШАДЫ

Бұл жобаның тағы бір бағыты жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. 3 мың қыз-жігіт ІТ технология саласына машықтанатын болады. Компьютерде жұмыс істеуден бастап, «Электронды үкімет» веб-порталын пайдалануды және электронды сауда жасауды үйренеді. Ақпараттық қауіпсіздік туралы білімдерін де толықтырады.

«Жастарға жұмыс» жобасының көмегімен 20 мың адамды кәсіп ашу, іс жүргізу үшін «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында курстарда оқыту көзделген. Кейін бизнес ашқысы келген 10 мың жасқа идеяларын жүзеге асыруға грант беріледі. Бұдан бөлек 2023-2025 жылдар аралығында жалпы сомасы 90,5 млрд теңге болатын 18,2 мың микрокредит беру жоспарланып отыр екен.

Соңғы бағыт «Жастарға кеңес» деп аталады. Яғни түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жайлы ақыл-кеңес беріледі. Бұл бағыт ойынша тұрақты түрде кездесулер өткізілмек.

«2022 жылы «Жастар тәжірибесіне» 28,8 мың адам жіберілді. Олардың жартысы өздерін жақсы қырынан көрсете алды, яғни тәжірибе өту мерзімі аяқталған соң ары қарай да жұмыс істеу үшін қала алады. 2023 жылы 40 мың жасты жіберуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2020 жылдан бастап «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты жобалары да жүзеге асырылуда», – дейді «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2022 жылы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайыз болды. Бұл 72,2 мың адам деген сөз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2029 жылға дейін елімізде 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отырғанын ерекше атап өткен болатын. Соның 2,3 млн-ы – жастар болмақ.

Серіктес жаңалықтары