«Елімізде лоторея, тотализатор, букмекерлер болмауы керек»: мамандар құмар ойын мен бәс тігетіндер жайлы
Сарапшылар жеңіл ақша табудың жолы жарнамаға жол беру арқылы насихатталып отыр дейді

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандықтардың құмар ойынға салынған қаражат көлемі 456,2 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп. Қаражаттың үштен бір бөлігі шетелдік бәс тігу компанияларына құйылыпты.
Azattyq Ruhy тілшісі құмар ойын мен бәс тігуге құмар адамдардың неліктен көбейіп бара жатқанын, оған қоғамдағы әлеуметтік және психологиялық жағдайдың қалай әсер ететінін мамандардан сұрап білді. Сондай-ақ, жалпыға бірдей декларация кезінде азарт ойынға тіккен қаражатыңызға қаншалықты есеп беретініңізді анықтап көрді.
Фотода Рамазан Саттарұлы
Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ доценті Рамазан Саттарұлы құмар ойын мен бәс тігетіндердің тыйылмай тұрғанына ең алдымен, мемлекетті айыптайды. Ол жеңіл ақша табудың жолын жарнамаға жол беру арқылы-ақ насихаттап отыр дейді.
«Адам өзі табиғатынан ашкөз, ал мемлекет оны одан әрі қоздырады. Қайда қарасаң да бәс тік, лоторея ойна деген жарнама өріп жүр.
Одан кейін, қоғам табыс тап дейді. Бірақ оны еңбектеніп емес, қалай тапсаң да өз еркің. Әйтеуір, ақша тапсаң болды. Қайда қарасаң байлық, бай адамды идеал қылады. Байып, ақша жасаған адамдардың тарихы әспеттеледі. Содан кейін адам баласы пенде ғой, жоғары жалақысы бар жұмыс таба алмайды. Бәріне таныс-тамыр керек. Бай болғысы келеді. Бай болудың амалы қайсы?
Себеп-салдарын қазіргі экономикалық жағдаймен, елдің әлеуметтік құндылықтар жүйесімен байланыстыру керек. Шын мәнінде, бүгінде біздің елде қанша адал еңбек етсең де, байып кетуің былай тұрсын, тұрақты жалақысымен үй алып, бала-шаға өсіретіндей жағдайға жете алмайсың. Ал көпшілік алдында бай болғасы келеді, қыдырғысы келеді, қымбат көлік мінгісі келеді. Баюдың жолы не? Еңбекпен келмесе, көлденең табыспен келуі керек. Ол дегеніміз осындай бәс тігу, казино ойнау, букмекерлік табыс, тотализатор.
Осылай заңмен тыймасақ, біз қоғамда көрсеқызарлардың, ашкөздердің санын көбейтіп, күндердің күнінде олар тек қана осылай тотализатормен, букмекерлік амалдармен байи алмайтынын түсінеді де, ашықтан-ашық адамдарды тонауға көшеді. Ұрлыққа көшеді. Осының бәрінің алдын алу керек.
Ең алдымен, жарнамаға тыйым салу қажет. Елімізде лоторея, тотализатор, букмекерлер болмауы керек. Бұның бәрін адамгершіліктен жұрдай адамдар істейді. Ұйымдастырушылар да, оған араласатындар да ашкөз ойынқұмарлар. Оны көзіміз көріп отыр. Өзіміз біліп отырып, неге біз оны ары қарай дәріптей беруіміз керек. Оған неге жол аша беруіміз керек? Доғару керек мұны. Бұның бәрі арам табыс.
Букмекерлік кеңселерге, казиноларға жарнама жасап жүрген спорт жұлдыздары бар. Мәселен, танымал қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров жарнама жасап жүр. Мен мұны опасыздыққа жатқызам. Ол қазақстандықтарды жолдан тайдырып, ашкөздігін пайдаланып, букмекерлік кеңселерге құл қылып жатыр»,-деді әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ доценті Рамазан Саттарұлы.
Фотода Лимана Құттыбекқызы
Психолог Лимана Құттыбекқызы да құмар ойынға баратындардың қатары көбейіп кеткенін танымал тұлғалардың жасайтын жарнамасының көптігімен байланыстырады. Десе де, тез байып кетуді көздейтіндер күйзелістен кейін осындай қадамдарға барып жатады дейді ол.
«Адам оған бірден бармайды. Ол бірінші күйзеліске ұшырайды. Созылмалы күйзелісте адам өмірдің қарапайым тамақты сүйсініп жеу, ұйқысы қанып ояну сияқты қуанышын сезінуден қалады. Күйзелістің жабық және ашық түрі болады. Оны мамандар анықтамаса, көпшілік байқай бермейді. Кейде ол адамның күнделікті әдетінен де қалыптасады. Түн ортасында кино көреді, телефонда щұқшиып отырады. Әсіресе, жастар таңғы беске дейін ұйықтамайды. Таңертең сол күйі жұмысқа барады. Әрине, жұмыстың да, тіршіліктің де сапасы болмайды, жұмысы өнбейді. Осындай дүниелерден басталады.
Уақыт өте келе ақшаның жоқтығы, жұмыссыздық пайда болады. Үйде ұрыс-керіс болып, отбасын тастап кетіп жатады. Сүйген жұптар айырылысып жатады. Жалпақ тілмен айтқанда, жолы болмай, өмірден баз кешіп, терең күйзеліске түсіп, содан шығатын жол іздейді. Суға кеткен тал қармайды дегендей, ол да адам баласы ғой, тыпырлап жол іздей бастайды. Сол кезде «шарап ішіп көрейін, иіскеп көрейін, бір адамды сүйіп көрейін, мүмкін содан ләззат алатын шығармын» деп ойлайды. Адамға қуаныш сыйлайтын не нәрсе болса, соны жасап көреді. Бірақ одан бақыт таппай, соңында дофаминді көбейтетін, құмар ойынға барады», - дейді психолог Лимана Құттыбекқызы.
Психолог күйзелісте жүрген адам ойын ойнаған кезде бір сәтке болса да жан жарасын ұмытып, азартқа кіре бастайтынын айтады. Осылайша, дәл сол көңіл-күйді қайталағасы кеп тұрады.
«Ол да бір қуанығысы келеді, рахат алғысы келеді. Бұл жердегі мақсат – дофамин гармонын тағы да сезіну. Ал шындығына келгенде адам ойыннан ұтқаннан да, ұтылғаннан да ләззат алмайды екен. Ойынқұмарлықты басынан өткерген адамдармен сөйлескен кезде олар мынаны айтады: 50-60 мың ұтқан кезде де, 200 мың тіпті миллион ұтса да одан қуаныш алмайды. Бір-ақ рет ұтады, 9 рет жеңіледі екен. Автоматтардың программасы солай құрылған. Бір адам 45-45 деген нөмірмен кірді дейік, сол нөмір бір-ақ рет ұтады. Ойынға келген адам мұны біліп тұрады. Бірақ бас тартпайды. Неге? Себебі, дофамин бөлініп, дүниенің бәрін ұмыттыратын, жан тәнімен сезінетін рахат алу сезіміне бөлейді. Бұл – XXI ғасырдың дерті деп айтсақ болады. Бұрын маскүнемдік болса, қазір ойынқұмарлық кең етек алды. Лудоманияға ұшыраған ерлердің де, әйелдердің де саны артып жатыр»,- дейді маман.
Лимана Құттыбекқызы мұндай дертке шалдыққан адамдарды тек қана психотерапевтер емдеуі қажет деп есептейді. Психолог сондай-ақ, туысын лудоманиядан шығарып алған жақындарының да міндетті түрде емделуі керек екенін айтты. Өйткені, олардың психологиясы магнит сияқты бір-бірін тартып тұрады екен.
«Қарызға кіріп кеткен кезде, отбасы мүшелері «біз сені тастамаймыз, көмектесеміз» деп жатады. Психологтар бұл дұрыс емес дейді. Өйткені, құтқарушы мен құрбан болушының арасындағы шеңбер айнала береді. Ойынқұмарлық дерт болғаннан кейін оны психотерапевттер емдеу керек. Өйткені олардың жүйке жүйесіне ішкі қысым өте жоғары болғандықтан, оларды психотропты дәрілермен ұйықтатады. Түрлі реабилитациялық жұмыстар арқылы алып шығады. Көпшілігінде сөйлеседі. Оның қандай жағдайда жаны ауырады? Сол нүктені, яғни, триггерді табады. Одан кейін барып сол нүктелермен жұмыс істеуге тырысады.
Міндетті түрде жабық ғимаратта, ауруханада емделеді. Мұндай адамдарға кәдімгі науқас адамға қарағандай қарау керек. Бірақ бізде, өкінішке қарай, көбіне ауру деп қарамайды. Тоқтатудың амалдары - жақындары тарапынан қолдау көрсету. Содан кейін оның рахат алатын, қуанатын нәрсесінің орнын алмастыру керек.
Лудоманияны жоқшылықтан көруге болмайды. Себебі, бай отбасында дүниеге келген, таршылық көрмегендер де ұшырайды. Тұқымқуалау да бар. Сектаға кіру, түрлі топтардың жетегінде кету де осы тәуелділіктің бір түрі. Бір нәрсеге әйтеуір, мүше болу керек. Өмірге деген құлшыныс жоғалып, энергияың төмендеп, рухани аштық сезінген кезде, өзің бір нәрсеге мүше болып кіргің келеді. Телефонның қуаты біткенде электр энергиясы қосамыз. Сол сияқты адам да бір жерден энергия алғысы келеді. Ол қандай-да бір топ болуы мүмкін. Ол жердің өз көшбасшысы болады. Ол ортаға сен керек адамсың. Қызықты дүниені тыңдайсың. Не болмаса ішкілікке салыну, ойынға берілу осыдан келіп шығады.
Балалық шағымен байланыстырар болсақ, ата-анасы қатал болған болуы мүмкін. Бір үйде агрессор болса, міндетті түрде құрбан болады және оны құтқаратын орта болады»,-деді ол.
Фотода Мақсат Халық
Ал экономист Мақсат Халық, құмар ойынға құмартатын адамдарға ситуацияға тік қарау керектігін айтты. Өйткені, жалпыға бірдей декларация тапсыру барысында бәс тіккен кездегі шашқан ақшаңызды қайдан алғаныңызға есеп беруіңізге тура келеді.
«Құзыретті орган қызметкерлерінің айлықтары аз болғанына қарамай, бәс тігу тұрмақ, туған күн, той-томалақта аста-төк дастархан жайып жатады. Меніңше, оның бәрі сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Мәселен, былтыр шенділердің бұл әрекеті жалпыға бірдей декларация жүргізу барысында әшкереленді. Декларация тапсыру әрі қарай жалғаса береді. Осылайша, халықтың бәрі табысы бойынша есеп бере бастайды»,-деді ол.
Естеріңізде болса, былтыр 19 қазанда Алматы облысының прокуратурасы ойынханалар мен ойын автоматтары залдарын тексеріп, мемлекеттік қызметте жүргенде ойынханаға барған 305 мемлекеттік қызметкерді анықтағанын мәлімдеген еді.
Олар құмар ойындарға 507 миллион теңге жұмсаған. Түрлі ведомство өкілдерінің арасында 95 миллион теңге ұтқызған Қорғаныс министрлігінің де қызметкерлері бар екені белгілі болды.
Айта кетейік, 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары, 2024 жылдан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай – ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2025 жылдан бастап-азаматтардың қалған санаттары декларация тапсыра бастайды.