Табиғи газ 2 есеге дейін қымбаттаған: Алматы облысының тұрғындары наразылық білдірді
Әкімдік түсініктеме берді
Алматы облысында табиғи газды қымбаттатқан компанияларды арнайы комиссия тексермек. Желтоқсан айында газдың сомасы 1,5-2 есеге дейін өскен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қарасай ауданы тұрғындарының айтуынша күн суытқанда газдың қысымы азайып кеткен. Бірақ соған қарамастан көбірек төлеуге мәжбүр болған. Алматы қаласымен салыстырғанда ауылдық жердің адамдары әр текше метр газ үшін 7-8 теңге қымбат төлеп келіпті. Қымбатшылыққа байланысты Шамалған ауылдық округінің тұрғындары шағым түсірген.
«Қарасай ауданы Шамалған ауылдық округінің әкімдігінде «Сигма Газ» ЖШС ұсынатын көгілдір отын тарифіне наразылық білдірген тұрғындар жиналды. Бүгінгі күні ауылдағы табиғи газ үшін тариф бағасы 34,75 тг/м3-ті құрайды, ал салыстырмалы түрде алар болсақ, Қаскелең қаласындағы газдың тариф бағасы 26,89 тг/м3 құрап отыр. Желтоқсан айында газ тұтыну сомасы 1,5-2 есе өсті. «Тәуекел» ЖШС, «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ және «Сигма Газ» ЖШС сынды үш ұйым аудан тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етеді», - деді Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, газбен жабдықтау кәсіпорындарының тарифтерінің айырмашылығы тұрғындардың наразылығын тудырды. Мәселен «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-да табиғи газ тарифі текше метріне 26-27 теңгені құраса, «Сигма Газ» ЖШС-де – 34 теңге 75 тиын. Бағаны қымбаттатқан компания Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек ауылдарын және Арай, Дархан саяжайларын көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Қымбат бағаны төлеп отырған абоненттердің жалпы саны он мыңға жуық.
«Газ жеткізушісі тарифті «ҚР ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы» Энергетика министрлігінің 172 бұйрығына қарай отырып көтерді. Бұл ретте монополияға қарсы ведомствомен келісім тек тасымалдау үшін алынды. Осы фактіні ескере отырып, тұрғындармен жиын барысында аудан әкімдігі, аудан прокуратурасы, Алматы облысы бойынша табиғи монополиялар департаменті және «Сигма Газ» ЖШС тарифінің және қосылу тарифтерінің қалыптасуын тексеру бойынша қоғамдық өкілдерден тұратын жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. 25 қаңтарға дейін комиссия атқарылған жұмыс туралы есеп береді», - деп хабарлады аудан әкімдігі.