7-20-25 бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады: ал 12-20-25 не болмақ?
«7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 873,6 млрд теңгеге 65 554 қарыз берілген
Еліміздегі қымбатшылық барлық әлеуметтік саланы қамтыды. Әсіресе тұрғын үй мәселесі жалға беру жағынан да, сатып алу жағынан да біраз құбылды. Бұл ретте әсіресе пәтерді жалға беру бағасы ресейліктердің келіп-кетуінің салдарынан бір көтеріліп, бір түсті. Былтыр қазақстандықтардың ипотекалық рәсімдеуі 2021 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз болған. Azattyq Ruhy тілшісі елдегі баспана алу мәселесі алдағы уақытта қандай тиімді тетіктер алқылы жүзеге асырылатынын анықтады.
Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, 2023 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 873,6 млрд теңгеге 65 554 қарыз берілді. Үш мегаполис бойынша игерілген қаражаттың басым бөлігі Астана қаласына (23 130 өтінім, 359,5 млрд теңге) тиесілі. Екінші орында Алматы қаласы (13 055 өтінім, 199,7 млрд теңге). Ал Шымкентте 5 034 өтінім мақұлданып, 60,9 млрд теңге игерілді.
2023 жылы бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланған. Жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалады.
2018 жылдан бастап іске қосыла бастаған бағдарламаның мақсатты бюджеті алғашқыда 1 трлн теңгені құраған еді. Алайда Ұлттық банктің 2022 жылдың желтоқсанында шықққан қаулысына сәйкес аталған бағдарлама 2029 жылға дейін жалғасын табады. Осылайша 2018-2029 жылдар аралығында Оператордың ипотекалық тұрғын үй қарыздарының жалпы бюджеті 1,6 трлн теңгені құрайды.
Жалпы банктердің 2018-2022 жылдарға арналған ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруінің болжамды мәндері бойынша 2018 жылы 100 млрд теңге, 2019 жылы 150 млрд теңге, 2020 жылы 200 млрд теңге, 2021 жылы 250 млрд теңге, 2022 жылы 300 млрд теңге бөлу қарастырылды.
Ал 2023 жылдан 2029 жылға дейін әр жыл сайын тек 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне байланысты 2022 жылы ипотекаға сұраныс едәуір төмендеді. Осыған орай нарықтық ипотеканың құлдырауына жол бермеу мақсатында былтыр күзде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқармасының Төрағасы Қанат Шалапаев Үкіметке халық үшін екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосуды ұсынды.
«Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мынадай базалық шарттар ұсынылады:
- бастапқы жарна 20 пайыздан бастап;
- кредит беру мерзімі 20 жылға дейін;
- қарыздың ең жоғарғы сомасы 35 млн теңгеге дейін;
- төлем қабілеттілігін міндетті түрде растау.
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5%-дан аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7%-ы субсидияланады», - деді Қанат Шалапаев Үкіметте айтқан сөзінде.
Жаңа бағдарлама бойынша ипотека коммерциялық нарыққа бағытталған. Оньң клиенттері ресми турде табысы бар жұмыс істейтін азаматтар болады. Бул ретте клиенттер кұны бойынша ѳз табыстарына сәйкес келетін тұрғын үйді таңдай алады. Субсидиялау шарттары бюджет қаражаты шектеулі екені назарға алына отырып әзірленген.
«Негізі мұны жаңа бағдарлама деп айтуға келмейді. Өйткені бізде жылжымайтын мүліктің ипотекасы туралы заңда компетенция бар. Тек қана бір бөлігін субсидиялау бойынша. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 34 бұйрығымен бекітілген халыққа екінші деңгейлі банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін өтеу үшін квазимемлекеттік субъектілерінде субсидия қағидалары қарастырылған. Соның негізінде біз субсидия жасаймыз. Субсидия пайыздық мөлшерлеменің 7 пайызын жабады», - деді ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы Марат Жарболов.
Бірақ 2022 жылғы 27 қазанда ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 14,5%-дан 16%-ға көтергенін ескере отырып, ендігі ретте Холдинг ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық 8%-на дейін субсидиялау мәселесін қарастыруда.
Кағидалардың жобасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Холдингтің еншілес ұйымы - «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-мен бірлесіп әзірлеген.
Айта кетерлігі, бұл бағдарлама мақұлданған жағдайда жоба Ұлттық банктің қатысуынсыз жүзеге асырылады. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесінің аз еместігін ескерсек, тиісінше азаматтардың ипотеканы жоғары пайыздық мөлшерлемемен рәсімдейтіні анық.
«Мемлекет тарапынан субсидия мәселесі көтерілді. Қазір екінші деңгейлі банктерде ипотекалық өнімдер жоқ, себебі олардың пайыздық мөлшерлемелері өте жоғары. Ұлттық банктің базалық ставкасы дағдарысқа дейін 14,5 пайызды құраған еді, қазір өкінішке қарай бұл көрсеткіш өсті. Біз енді субсидияны жаңа механизм бойынша 8 пайызға көтерейін деп жатырмыз. Бірақ ендігі кезекте ипотека екінші деңгейлі банктердің өз қаражаты есебінен беріледі. Бұл ретте біз қаржы ұйымдарына ипотекалық несие 20 пайыздан аспауы жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Яғни 8 пайызын мемлекет жапса, қалған 12 пайызын жеке тұлға өзі өтейтін болады. Бастапқы жарна әдеттегідей 20 пайызды құрайды, ал ең ұзақ мерзімі 25 жылға дейін созылады. Оператор ретінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ бекітілген», - деді Марат Жарболов.
Оның айтуынша, қазіргі нарықта екінші деңгейді банктер ипотекалық несиелерге өз қаражаттарын құйып жатқан жоқ. Олар Ұлттық банк есебінен бөлінген каражат арқылы бағдарламаны іске асырып жатыр.
Аталған бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – тек дайын тұрғын үйді ғана емес, сонымен қатар салынып жатқан тұрғын үйде де ипотекаға рәсімдеуге мүмкіндік береді.
«Салынып жатқан тұрғын үй дайын үйден 30 пайызға арзанға түседі. Бұл жақсы мүмкіндік. Бұл жерде әсіресе оператордың кепілдігі маңызды рөл атқарады. Ол – үйдің салынып бітетініне кепілдік беретін ең негізгі құрал», - дейді Марат Жарболов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім жібергенімен, ұсыныс әзірге қолдау тапқан жоқ.