Қазақстан тұрғын үйдің қолжетімділігі бойынша Азияда – 13-орында, әлемде – 33-орында
Еліміз бұл рейтингте Өзбекстан, Ресей, Беларусь елдерін басып озған
Numbeo сарапшыларының рейтингісіне сәйкес, ҚР тұрғын үйдің қолжетімділігі бойынша Азиядағы 40 елдің ішінде 13-ші орында, әлемнің 113 елінің арасындағы 33-орын иеленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл рейтинг пәтердің бағасы мен сол елдегі отбасының орташа табысына қарай есептелген. Рейтингтің көшбасында әрине Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұнайлы елдер тұрса, ең соңында соғыстан құлдыраған Сирия тұр.
«Қазақстан Республикасы тұрғын үйдің қолжетімділігі бойынша Азиядағы 40 елдің ішінде 13-ші орында, әлемнің 113 елінің арасындағы 33-орында тұр», деп жазған халықаралық сарапшылар.
ҚАЗАҚСТАНДА 4,5 МЛН АДАМ БАСПАНАҒА МҰҚТАЖ
Қазақстан үкіметі халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді де, қысқа мерзімді де шаралар қабылдап келеді. Дегенмен, соңғы ресми мәліметке сүйенсек, қазір Қазақстанда 4,5 млн адам шамасында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етуді үкімет пен атқарушы органдардың алдындағы басты мақсат деп бекітіп берген. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламалары пайда болып, бұрынғы бағдарламалар жалғасын тауып жатыр. Бүгін Қазақстандағы қолжетімді тұрғын бағдарламалары туралы шолу ұсынамыз.
«7-20-25» ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ
Бұл бағдарлама әрине пайыздық мөлшерлемесінің аздығымен халық арасында сұранысқа ие болған бағдарламалардың бірі. Дегенмен тиісті қаржыландыру көзі аяқталған соң, келесі жылдан бастап «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы тоқтау керек еді. Бұл жаңалық баспанаға мұқтаж әрі осы бағдарлама арқылы үй аламын деп қаражат жинаған қазақстандықтарды қатты алаңдатты. Осыған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма беріп, тиісінше, бағдарлама жалғасын табатын болды.
«Тиісті шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Басқармасының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы №123 қаулысымен қабылданды. 2023 жылы бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып отыр. Бағдарлама бойынша жыл сайынғы кредиттеудің нақты көлемі нарықтағы банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері мен олардың дамуына байланысты белгіленеді деп көзделіп отыр», - деп хабарлады жуырда Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Дереккөзге сүйенсек, жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы Бағдарламаға бір рет қана қатыса алады.
«Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалады. 2022 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 852,2 млрд теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді», - делінген банк хабарламасында.
Айта кетсек, бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарды 20%-дан бастап бастапқы жарнамен жылдық 7% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы іске қосылды.
«НҰРЛЫ ЖЕР» ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ
Бұл бағдарлама да ел арасында танымал, сұранысқа ие және ең бастысы бағыты көп, қолжетімді тұрғын үй бағдарламасына айналды. «Отбасы банк» салымшылары мен жергілікті атқарушы органға баспана кезегіне тұрған азаматтар қатыса алатын бұл бағдарламаның бірнеше басымдығы бар. Мәселен, бағдарламаға қатысамын деген азамат үйді жаңа салынып жатқан құрылыстан өзі таңдай алады. Және бағдарлама еліміздегі әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, бағдарлама аясында берілетін тұрғын үйлердің шаршы метрі нарықтан әлдеқайда арзандау және бірнеше қала үшін бір тариф бекітілген.
Мысалы, Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау қалалары үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алуға болатын пәтердің бір шаршы 1455 теңге болса, өңірдегі өзге қалалар үшін шаршы метрінің бағасы 1 232. Сөз басында айтқанымыздай, бағыты көп бұл мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында сондай-ақ білім беру және медицина саласында жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер сатып алу құқығы арқылы үйді жалға да ала алады.
«Мен Астана қаласындағы мемлекеттік балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Өзімнің екі балам бар, жолдасым жекеменшік компанияда жұмыс істейді. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Астанадан сатып алу құқығымен жалға бір бөлмелі пәтер алдық. Бұған дейін мен әлеуметтік қызметкер ретінде Астана қаласы әкімдігінің тұрғын үй кезегіне тұрған едім. Кезегім әлі ұзақ болған соң, осы бағдарламаға қатысып көрейін дедім. Дәл қазір ипотека төлейтін мүмкіндігіміз аздау болған соң, «Нұрлы жер» бағдарламасының бұл бағыты қатты қызықтырды. Өйткені, қазір бастапқы бес жылда аздаған коммуналдық шығынын төлейміз де осы мерзім өткен соң баспананы ипотека арқылы болсын өз атымызға рәсімдей аламыз. Яғни, осы бес жыл ішінде біз үлкен қаражатқа пәтер жалдағанша сол ақшаны депозитке жинай аламыз. Бұл жас отбасылар үшін таптырмас мүмкіндік емес пе!?» дейді бағдарлама арқылы елордадан үй алған Әйгерім Мәдениет.
«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ
Нарықтағы қолжетімді тағы бір тұрғын үй бағдарламасының бірі «Бақытты отбасы». Бұл бағдарлама тек көп балалы отбасылар мен толық емес отбасыларды қолдауға бағытталған. «Бақытты отбасы» арқылы азамат тұрғын үй бағасының 10% алғашқы жарна ретінде салып, жылдық 2% мөлшерлемемен 18 жылға дейін ипотека рәсімдеп үй ала алады. Бұл ретте Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалалары үшін баспана бағасы 15 млн теңгеден, өзге өңірлер үшін 10м млн теңгеден аспауы керек. Ең басты талап – бағдарламаға қатысатын отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы табысы бір адамға шаққанда 111 656 теңгеден (биылғы ең төменгі күн көріс есебі бойынша - ред) аспауы шарт. Яғни, мәселен, отбасында бес адам болса, сол үйдегі жұмыс істейтін және кірісі бар азаматтардың бір айдағы табысы 558 280 теңгеден аспауы керек.
«ШАҢЫРАҚ» ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ
Ілкі жоба ретінде іске қосылған «Шаңырақ» бағдарламасына тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде жергілікті әкімдікке кезекке тұрған азаматтар қатыса алады. Бұл бағдарлама бойынша да өңірлер арасындағы үй бағасына қатысты шектеу бар. Мәселен, «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы үй аламын деген отбасылар Алматы және Астана қалаларынан 18 млн теңгеден аспайтын үй, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды және Қарағанды облыстары үшін 15млн теңгеден аспайтын, өзге өңірлердегі азаматтар құны 12 млн теңгеден аспайтын үй іздесе болады.
«ӘСКЕРИ БАСПАНА» ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ
Салалық тұрғын үй бағдарламаларының ішіндегі ең сұранысқа ие бағдарлама осы «Әскери баспана» деп айтуға болады. Қазақстандағы әскери қызметшілердің отбасыларының тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарлама іске қосылғалы бері 4 жылда 13 мың 378 әскери қызметші 258,4 млрд теңгеге ипотека рәсімдегені белгілі болып отыр.
«Өткен жылы тұрғын үй жәрдемақысын алған, Отбасы банкінде баспана алу үшін қаражат жинаған 3 318 қазақстандық әскери қызметші қолайлы шарттармен жалпы сомасы 77,4 млрд теңге несие алды», - деп хабарлаған еді жуырда «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Бағдарламаның шарты бойынша бастапқы жарна-15 пайыз. Несиені 25 жылға дейін рәсімдеуге болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі -8%н Әскери қызметшілер жаңа немесе екінші нарықтағы үй таңдай алады Несиенің ең жоғарғы сомасы клиенттің таңдауы бойынша, екі нұсқаға сай есептелуі мүмкін: ай сайынғы тұрғын үй төлемдерінің және депозит бойынша жинақтың сомасына байланысты. Алайда 15%-дан кем емес немесе клиенттің нақты табысы мен шығындары ескеріледі.
«Отан алдындағы әскер борышымды өтеген соң Астанадағы әскери бөлімге жұмысқа орналастым. Бірнеше жылдан кейін отбасын құрып, екі балалы болдық. Жасыратыны жоқ, әуел баста бес жылдай пәтер жалдап тұрдық. Бірақ, балаларымыздың өз үйі болсын деп жұбайым екеуміз «Отбасы банкіндегі» депозитке үнемі ақша салып отырдық. 2018 жылы әскери бөлімдегі кадр бөлімі қызметкерлердің бәріне «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы басталғанын хабарлады. Депозитімізді тексеріп, үй таңдап, бағдарламаға қатысып көрдік. Жолымыз болып, банк бізге ипотеканы растады. Осылайша, төрт жылдан бері өз үйімізде тұрамыз. Бағдарламаның бір жақсысы – пайыздық мөлшерлемесі 8 пайыз және одан төмендетуге болады. Енді алты жыл уақытта осы үйімнің ипотекасын толық төлеп боламын», - дейді «Әскери баспана арқылы» елордадан үй алған әскери қызметкер Бақытбек Нұранбай.
Cымбат Молдатай