$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2022, 05:20
Қоғам

Әлеуметтік кодекс: халықтың әлеуметтік өмірінде қандай өзгерістер болады?

Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе зерделеніп, Еуропа Одағының Әлеуметтік кодексі негізгі алынған

Әлеуметтік кодекс: халықтың әлеуметтік өмірінде қандай өзгерістер болады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың наурыз айында жасаған Үндеуі аясында Әлеуметтік кодекс жобасын әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство басшысы Тамара Дүйсенова желтоқсан айының басында өткен Үкімет отырысында құжаттың тұжырымдамасын баяндады.

Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе зерделеніп, Еуропа Одағының Әлеуметтік кодексі негізгі алынған.

Кодекстің құрылымы 5 бөлім, 19 тарау және 267 баптардан тұрады.

Бірінші бөлім отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқорына бағытталған. Қазір отбасылық карта мемлекеттік әлеуметтік саясаттың айқындау құралы ретінде белгіленді.

Бұл бөлімде министрлік атаулы көмектің мәнін өзгертті.  Енді атаулы көмек, қандай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты  қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылатын болады.

«Өзгеріс қолданыстағы әлеуметтік контракттың жаңа мазмұнында, яғни  тараптардың жауапкершілігін арттыру  қаралып отыр.  Мысалы мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу  үшін орындауға міндетті», - деп нақтылады Тамара Дүйсенова.

Кодекстің екінші новелласы отбасыларды және отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау жүйесіне негізделген.

Кодекс жобасына енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға  берілетін мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтуді көздейді яғни:

а) Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 жасқа дейінгі  балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал қосымша көмек көзі болмақ;

б) бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылатын болады;

в) көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтіледі және олар Алтын және Күміс алқамен наградтталған аналар деген жаңа статуспен қарастырылатын болады;

г) тағы бір  маңызды параметр – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес  медиандық табыс есебінен анықталатын болады.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі баласы немесе азаматы бар  отбасыларына көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі толығымен қайта құрылады.

«Біріншіден, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.     Осылайша, отбасының жұмыспен қамтылмаған мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтамасыз етіледі. Екінші, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы  нормативтерді енгізу қарастырылып отыр. Оның мөлшері қызметтер  үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін  – шектеулі бағалар түрінде  жіктелетін болады», - деді министр.

Сондай-ақ, әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беріледі. Олар:

а) мүгедектігі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін әлеуметтік қызмет порталы арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау;

б)  өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау;

в) сондай-ақ,  өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні әлеуметтік қызмет порталынан алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу туралы шешім қабылдай алатын болады.

Тағы бір өзгеріс - әлеуметтік қызметкерге деген квалификациялық талаптар мен олардың  мәртебесін көздейтін нормаларды енгізу. Бұл ретте әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады, мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсеттетін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады, сонымен бірге, әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақы төлеу жүйесі және қолдау шаралары қайта қаралады.

Кодекстің үшінші новелласы -  әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты. 

Бұл ретте бес әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды көздейтін қолданыстағы сақтандыру жүйесі сақталады. Дегенмен, оның мақсатты міндеті өзгеріске ұшырайды: жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен ол азаматтарды формалды түрде жұмыспен қамтылуға ынталандыруды көздейтін болады.

«Біріншіден,  Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салықтық жүктеме ендігі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейтін болады. Екіншіден, онлайн платформалардың көмегімен  (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.)  жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Үшіншіден, жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін  сақтандыру тарифтерін төмендету көзделеді. Бұл ставкілердің ең төменгі және ең жоғарғы дәрежесі белгіленеді және осы дәрежені таңдау өндірістегі жазатайым оқиғалар, жарақат алу және кәсіптік ауруларға қарай анықталады», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Әлеуметтік кодекс жобасында Салық кодексінде және басқа да ілеспе заңдарда көзделген шаралар өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әлеуметтік пакет жүйесімен қамтылуына мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, құжатта зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістер де бар. Бүгінгі жүйе зейнеткерлердің 3 ұрпағына қатысты болып отыр.

Бірінші аға ұрпақ – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан,   

толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер. Олардың саны – 300 мыңнан астам адам базалық және еңбек зейнетқыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақысы 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін. 

Екінші  бүгінгі  ұрпақ – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр.

«Қазір осы топтағы зейнеткерлер саны – 1,9 млн. олардың саны 2030 жылға қарай 2,6 млнға дейін жетеді деп межелеп отырмыз. Алдағы уақытта зейнет жасына жететін азаматтардың зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілі азаюына байланысты төмен болғалы тұр. Ал бұл айырманың орнын толтыратын  қордағы зейнетқы жинақтары әлі жеткіліксіз. Оның себептері өздеріңізге мәлім», - деді Тамара Дүйсенова.

Ал үшінші ұрпақ  –  болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, мемлекеттен базалық зейнетақы, бірыңғай жинақтаушы қорынан  жинақтаушы зейнетақысын алатын болады.  Бұл ретте ең әлжуаз ұрпақ бүгінгі және болашақ зейнеткерлер болмақ.

«Бұл проблемалардың алдын алу мақсатында мынадай шаралар қолға алынады: Бірінші бүгінгі ұрпақ зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі және еңбек зейнетақысы көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 айлық көрсеткішке дейін немесе экономикадағы орта айлық жалақының 70 пайызына дейін артады», - деді министр.

Бұдан бөлек, жаңа кодекс бойынша зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі.  Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады.

«Осылайша бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде да қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін алатын болады: мемлекет есебінен – базалық зейнетақы; жұмыс берушілер есебінен  – шартты-жинақтаушы зейнетақы; өз жинақтары есебінен  – жинақтаушы зейнетақы», - деді Дүйсенова.

Әлеуметтік кодекстің төртінші бөлімі халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдеріне арналады. Бұл ретте 3 бағыт көзделген.

Оның біріншісі – еңбек нарығын либерализациялау. Осы мақсатта «тәуелсіз жұмыскер» – яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізіледі.

«Егер тәуелсіз жұмыскерлер  өз қызметін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі. Бұл жұмыскерлер үшін онлайн платформасының Операторлары салық агенттері болып қаралып, арнаулы салық режимдеріне сәйкес жұмыскерлердің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік жарналарды аударып отыратын болады. Бұл жағдайда тәуелсіз жұмыскерлер жалдамалы жұмыскерлер сияқты, республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік қорлардан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болады», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Бұл бөлімнің екінші бағыт жұмыс күшінің дағдыларын арттыруға бағытталған. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту үшін «Кәсіптік біліктілік туралы» заң әзірленді. Бұл ретте білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің техникалық тапсырмаларына, яғни кәсіптік стандарттарына сәйкес әзірленетін болады.

Үшінші бағыт – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарына қатысты. Кодекс жобасында жұмыспен қамту орталықтарын мобильді орталықтарға трансформациялау көзделеді.

Соңғы бесінші новелла бұл -  жаңа көші-қон саясаты. Оның мақсаты – Қазақстан экономикасын сұранысқа ие және білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Министрдің сөзінше, экономика салалары үшін сұранысқа ие технологиялар бойынша үздік оқытушылар, үздік ғалымдар, тапшы кәсіптер бойынша мамандарды оңайлатылған визалар және 10 жылға тұру құқығымен тарту ұсынылады. Сонымен қатар, 300 мың АҚШ доллардан кем емес инвестиция салуды көздеген шетел кәсіпкерлері үшін беретін «Инвесторлық визаны» енгізіледі.

Аталған бөлімде шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану тетіге де қарастырылады. Бұл ретте «Атамекен картасын» (американдық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады.

«Ол жоғары деңгейдегі кәсіпқой немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда іске асыруды қалайтын этникалық қазақтарға берілетін болады. Мұндай азаматтар мерзімі 10 жылға дейін созылатын жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда тұрып өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл ретте қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралатын болады. Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне көшіп-қонуды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», - деп атап өтті министр.

Құжатта шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі де қарастырылған. Ол үшін азаматтарымыз ең көп жұмыс істейтін елдерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін қабылдауды ұсынылады.

 

Айжан ЖАНАТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары