«Кінәмді мойындаймын»: Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталған ер адам сотта сөйледі (ВИДЕО)
Атырауда 23 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр
Атырау қалалық сотында судья Зарема Хамидуллинаның төрағалығымен 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда. Басты айыпталушылар – Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимов, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Соттың кезекті отырысында жәбірленуші тарап айыптауды қайта саралауды сұрап, істі жай кісі өлтіру ретінде емес, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында адам ұрлау, қылмысты жоспарлау және жасыру белгілерімен қарауды талап етті. Прокурор бұл ұсынысты қолдамай, істі тағылған айып шеңберінде қарауды сұрады. Судья өтініштерді кейін қарауға қалдырды.
Айыпталушыларға алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтіру, қылмысты хабарламау, жасыру және ұрлық баптары бойынша айып тағылған.
Айыпталушының сөзі: «Кінәмді мойындаймын»
Басты айыпталушы Ризуан Хайржанов сотта жауап беруден бас тартқанымен, кінәсін мойындап, марқұмның анасы Галина Легкодимовадан кешірім сұрады. Ол қылмысты өз бетінше жасағанын айтып, бастапқы тергеуде берген жауабын растады.
«Өз кінәмді толық мойындаймын. Галина Юрьевнадан және Қазақстан халқынан кешірім сұраймын. Не істегенімді ұғынамын», — деді ол.
Тергеу материалдары бойынша, Хайржанов Янамен жанжал кезінде оны тұншықтырып өлтіріп, кейін Талдыкөл маңындағы суға тастап кеткенін айтқан. Сондай-ақ, ол марқұмның телефонын өшіріп, хат-хабарды жойғанын мойындады.
Екінші айыпталушы: «Қылмыс жасалатынын күтпедім»
Алтынбек Қатимов жауап беруден бас тартқанымен, тергеу кезіндегі айғақтары оқылды. Ол адам өлтіруге қатыспағанын айтып, тек қылмыс туралы хабарламағанын мойындады. Оның сөзінше, Яна өлтірілгеннен кейін Хайржановпен бірге оның денесін суға тастауға көмектескен.
«Мен досымның айтқанына еріп кеттім. Біз мектептен бері доспыз. Бәрін жай қалжың деп ойладым.
18 қазанда Атырауға келдім. Айналма жолда мені Ризуан күтіп алды. Бірге қосалқы бөлшектерді алуға бардық. Кейін оның үйіне кіріп, бөлмесінде отырдым. Ризуан бір қызбен бірге келді, олар сөйлесіп жатты. Яна «зорлады деп арыз жазамын» деді. Мен бұл жай ғана жанжал деп ойладым».
Оның айтуынша, кейін ол Ризуанның өтінішімен Авангард ықшам ауданына барған.
«Мен келгенде, олар көлікте отыр еді. Ризуан маған: «Есікті жап, өзім сөйлесемін» деді. Мен теріс айналып, телефонымды қарап тұрдым. Сол кезде Яна көліктен шығуға тырысып, аяғын есіктен шығарған кезде, оны қайта итеріп, есікті арқаммен тіреп тұрдым. Янаның «Сені өлтіремін» дегенін естідім. Қарасам, Ризуан оны тұншықтырып жатыр екен. Мен оларды ұрсысып жатыр деп ойладым. Кейін Ризуан маған мессенджер арқылы «Отыр» деп жазды, мен көлікке отырдым. Яна алдыңғы орындықта еді. Мен не болғанын сұрадым. Ризуан оның білегін ұстап: «Қолы суық» деді. Сол кезде мен оның өлгенін түсіндім. Шок болдым», - дейді ол.
Тергеу кезінде өлтіргеннен кейін олар Талдыкөл ауылына барып, Хайржановтың өтінішімен Янаның денесін өзенге апарғанын айтқан.
«Мен оның қолынан ұстадым, Ризуан аяғынан ұстады. Ризуан киімін шешіп, мойнына дейін суға кірді де, денені ағысқа жіберді. Содан кейін судан шығып, киініп, біз қалаға қайттық. Қалада барға бардық, кейін таңға жуық Ризуанның үйіне қайтып келдік», — деді ол.
Сот жалғасуда
Қазір сотта айыпталушылардың жауаптары, тергеу хаттамалары, хат-хабарлар, сараптама қорытындылары және бейнематериалдар зерттеліп жатыр. Алдағы отырыстарда қылмыстық істің саралануы өзгеруі мүмкін.