$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2022, 05:52
Қоғам

Экотуризмді дамыту бойынша жол картасының аралық қорытындылары талқыланды

Қазіргі уақытта ішкі туризм нарығында сұраныс артып келеді

Экотуризмді дамыту бойынша жол картасының аралық қорытындылары талқыланды
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Қазақстандықтар өңірлердегі курорттық аймақтар мен демалыс орындарына жиі баруды әдетке айналдырып келеді. Оның ішінде ұлттық табиғи парктердегі демалысқа сұраныс басым. Бұл туралы Мемлекеттік органдар мен туристік нарық өкілдері 2022-2023 жылдарға арналған экологиялық туризмді дамыту жөніндегі Жол картасының аралық қорытындыларын талқылау кезінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Елімізде  ұлттық парктер аумағында туристік қызметті жүзеге асыру ережелерін сақтауға, қызметтерді стандарттауға, рекреациялық жүктемелер нормаларын қатаң есептеуге, экотуризмге қатысы және т. б. мәселелерді шешудің маңыздылығы артып келеді.

«Осыған байланысты ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі арасында үш жақты Жол картасына қол қойылды. Жол картасы аясында мемлекеттік органдар мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ тарапынан үлкен бірлескен жұмыс атқарылды, - деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев аралық қорытындыларды айта келе, Қазақстандағы ұлттық саябақтарға келушілер саны жыл сайын артып жатқанын хабарлады. Статистика көрсеткендей, еліміздің 13 ұлттық паркіне 1 млн 200 мыңға жуық турист келген.

Сонымен қатар, Ұлттық парктер өз қаражаты есебінен төлем жүйесін автоматтандыруды енгізу жұмыстарын белсенді түрде атқарып келеді. Мысалы, жобаның пилоттық режимі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде іске қосылды.

«2023 жылдың бірінші жартыжылдығында  Іле Алатауы  және Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің бақылау-өткізу пунктін, одан кейін Баянауыл және Көкшетау ұлттық парктерін автоматтандыру жоспарлануда», - деп атап өтті Данияр Тұрғанбаев.

Сонымен қатар, жол картасы шеңберінде ауылдық жерлерде кәсіпкерлер үшін экотуризм бойынша оқыту семинарлары, Мемлекеттік Ұлттық табиғи парк және таулы жерлерде жаяу турларды жүзеге асыратын гидтердің біліктілігін арттыру бойынша арнайы сабақтар өткізіледі.

«Kazakh Tourism «ҰК» АҚ туристік дестинацияларды дамыту департаментінің директоры Руслан Молдағайыпов жергілікті тұрғындар туризмді дамыту үдерістеріне белсенді қатысқан Алматы облысындағы Саты кентінің сәтті үлгісін келтірді. Кенттің тәжірибесі негізінде 6 өңірде және 12 елді мекенде екі күндік тренингтер өткізілді. Ауыл тұрғындарынан 284 адам оқытылып, 250 адам сертификат алды.

Айта кетерлігі, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі және Саты кенті агротуризм бойынша төртінші Дүниежүзілік конференцияда «Әлемдік ауыл туризмінің Оскарына» ие болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеген болатын.

Өз кезегінде, турбизнес өкілдері оларды ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді экотуризмге оқыту, экскурсия жетекшілері мен туризм нұсқаушыларын даярлау кезіндегі іс-шараларға белсенді тартуды ұсынды. Алматы және Маңғыстау облыстарында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша кадрлар даярлау, оның ішінде қазақ тілді кадрларды даярлау қажеттілігі атап өтілді.

Жалпы туризм саласында кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаға сәйкес 170 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Дәурен Абаев келтірген деректерге сүйенсек, 2021 жылы 22 000 адамды нақты жұмыспен қамту көзделсе, бұл көрсеткіш жыл соңында 31 680 адамды құрап, жоспар артығымен орындалды. Жыл соңына дейін қосымша тағы 25 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

 

2022-2023 жылдарға арналған экологиялық туризмді дамыту жөніндегі Жол картасының аралық қорытындыларын талқылау барысындағы спикерлердің ақпаратына сәйкес, мемлекеттік органдар, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және ұлттық парктер ұялы байланысты қамтамасыз ету мәселесін пысықтады. Қазіргі уақытта ұялы байланыстың жұмыс станцияларын орнату үшін шамамен 116 нүкте анықталды, оның ішінде ұлттық парктер бойынша 53 нүкте.

Осыған байланысты кәсіпкерлер Алматы облысының мысалында ұялы байланыс операторларымен, инвесторлармен және Ұлттық парктермен бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды, өйткені ұялы байланысты дамыту – турдистинацияны дамытудағы маңызды мәселе, алайда жоба өте қымбат.

Десе де 2021 жылы Ұлттық саябақтарға келушілердің саны артты. Іле Алатауы (212 мыңнан 430 мыңға дейін), Көлсай (83 мыңнан 160 мыңға дейін), Шарын (16 мыңнан 35 мыңға дейін) сияқты ұлттық парктерге келушілер санының еселеп өскені байқалады. 2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке артып, 3 686 қонақүйді құрады. Нөмірлік қор өсіп, 193 мың төсек-орынды құрады. Ал Түркістан облысында 40 қонақ үй салынды.

Аймақтар арасында Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарынан өзге өңірлерде орналастыру орындарының көбейгені байқалады.

«Көрсетілген қызметтердің көлемі карантинге дейінгі кезеңге сай. 2021 жылы көрсеткіш 109 млрд теңгені құрады. Негізгі өсу ішкі туристер санының артуымен байланысты болып отыр. Мысалы, Ақмола облысында көрсетілетін қызметтер көлемі 3 млрд теңгеге жуық, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 2 млрд теңгеге, Шымкент қаласында 1 млрд теңгеге өсті», — деді Дәурен Абаев.

Алайда бұл көрсеткіштің Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Атырау облыстарында және Алматы мен Астана қаласында айтарлықтай төмендеген.

Сонымен қатар, «Kazakh Tourism» ҰК» акционерлік қоғамының 2022 – 2031 жылдарға арналған даму стратегиясы аясында 2020 жылдан бастап қоғам «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және туристік бизнеспен бірлесіп «жанды сабақтар» жобасы шеңберінде білім беру бағдарламаларына туристік-экскурсиялық іс-шараларды енгізуге жәрдемдесу жөніндегі жұмысты бастады. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың туризмге деген қызығушылығын арттыру, олардың білімін кеңейту және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.  Жоба мектеп бағдарламаларын визуализациялау жүзеге асырылатын мектептен тыс жерлерге барып, экскурсиялық сабақтар өткізуді қарастырады.

Жобаны іске асыру туристік операторлардың білім беру мекемелерімен тығыз қарым-қатынасын талап етеді. Жобаға халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары, оқу үздіктері мен қалалық және ауылдық өңірлердегі мектептерде оқитын медицина қызметкерлерінің балалары қатысады.  2020 жылы жобаға төрт өңірден (Астана, Алматы қалалары, Түркістан және Жамбыл облыстары) 655 бала қатысты. Алдағы уақытта жоба шеңберінде қоғам интерактивті турларды қалыптастыруға көмек көрсетуді, Қазақстанның барлық өңірлерін қамти отырып, мектеп пәндері бойынша экскурсиялық сабақтар бағдарламаларының әдістемелік әзірлемелерін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жоспарланып отырған кезеңде «жанды сабақтар» жобасы шеңберінде география кеңейтіліп, балаларды қамту 2022 жылы 1000 оқушыдан 2031 жылы 2800 оқушыға дейін ұлғайтылады. Жалпы қоғам 2022 – 2031 жылдары экскурсиялық-танымдық туризмге кемінде 19 мың оқушыны тартуды жоспарлап отыр.

Туристік саланы цифрландыру аясында да жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта eQonaq жүйесінде еліміздің барлық өңірінде 3123 орналастыру орны тіркелген. Тіркеуден 159 320 шетелдік турист өтті, оларға «Көші-қон полициясы» жүйесіне енгені туралы хабарлама жіберілді.

«Туризм нысандарының, гидтердің, туркомпаниялардың, жол бойындағы сервистердің жұмыс сапасын бағалау үшін шағымдар мен пікірлерді қабылдайтын цифрлық модуль құрылды. Алынған ақпарат туристік өнімдердің сапасын бақылау, өңірлердің рейтингтерін құру, кемшіліктерді анықтау және нақты шешу үшін пайдаланылатын болады», — деді Дәурен Абаев маусым айындағы Үкімет отырысында.

Айта кетерлігі, мемлекет қабылдап жатқан шаралар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған. Бүгінде ел өңірлерінде туризм инфрақұрылымының жалпы қажеттілігі 870,5 млрд теңге болатын 244 жобаны құрап отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі отырыстың соңында бизнестің барлық негізделген ұсыныстары міндетті түрде қаралатыны атап өтті. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп әрбір жоба бойынша белсенділік танытатын турбизнес өкілдерін тарта отырып, жұмыс топтарын құру жоспарлануда.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары