$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қар мен мұзды тазалауға 29 млн теңгенің тендері ойнатылған»: Іле ауданында жолдар көктайғақ болып жатыр

Қар күрейтін компанияның небәрі төрт-бес техникасы ғана бар

«Қар мен мұзды тазалауға 29 млн теңгенің тендері ойнатылған»: Іле ауданында жолдар көктайғақ болып жатыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Алматы облысының елді мекендеріндегі жолдар қардан, мұздан мүлдем тазаланбайды. Бұл миллиондаған тендерді ұтқан компанияның өз жұмысына жауапсыз екенін білдіре ме? Әлде... Ал оны қадағалауы тиіс әкімдік пен тендерге тапсырыс беруші мемлекеттік мекеменің басшылары бұл мәселені неліктен назарға алмайды? Осының салдарынан көшеде жол апаты мен жарақат алғандар саны күрт артып отыр деп, хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Әсіресе халық көп шоғырланған Іле ауданына қарасты автожолдар қараусыз қалып келеді. Салдарынан ауылдың орталық көшелері әлі де мұз құрсауында, көктайғақ болып, жылтырап жатыр.

«Қар жауып, көктайғақ болғанына үш күн өтті. Бірде бір техника келмеді, әкімдікте де, жауапты компанияларда да ұят жоқ. Жол тайғақ, жұмыстары нөл, елді мүлдем ойламайды. Сол баяғы әуендеріне салып, өтірік есеппен жүрген шығар, ұятсыз адамдар халықтың қиын жағдайда отырғанына басын ауыртпақ түгілі, ойламайды да. Әсіресе бұрылыстарға тұз-құм себуге болар еді, бастықтар ұйқыда жатыр-ау деймін», - деді Боралдай ауылының Смайыл есімді тұрғыны.

«Жер жылтырап жатыр. Машина тұрмақ жаяу адамның жүруі қорқынышты. Машиналар бұрылыстарда, жолдың қиылыстарында тайғанап тоқтай алмайды. Сіресіп жатқан қар, мұз өзі еріп кеткенше жауаптылар жоламайды. Әсіресе таңертең-кешке жүру қауіпті, қай уақытта кіммен соғысамыз деп алаңдап, қорқып жүреміз. Үйге аман-есен оралуыңа кепіл жоқ, өйткені жол өте қауіпті, кез келген сәтте апатқа ұшырауың мүмкін. Сол себепті көлігімді үйімнің ауласына қойып, жаяу жүрмін», - деді Нұрғазы есімді тұрғын.

Іле ауданында 31 елді мекен бар. 300 мыңға жуық тұрғыны бар аудан халқының көбі Алматыға қатынап жұмыс істейді. Аудандағы ауыларалық жолдардың тазалығын Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі қадағалайды. Бөлім басшысының айтуынша, тек бес рет жауған қардан ауылдың ішкі көшелерін тазартуға бюджеттен 29 миллион теңге бөлінген.

«Ауданға қарасты 31 елді мекен бар. Аумақтағы жолдардың жалпы ұзындығы – 1700 км. Оның 490 шақырымы – тасжол. Олардың бәрін тазалай алмаймыз. Іле ауданында 1580 көше бар. Қараша-желтоқсан айлары бойынша бес рет жауаған қарды тазалауға 29 миллион теңгенің тендерін ойнаттық. Жаңа жылдан кейін тағы тендер жарияланады. Оның бюджеті әлі белгісіз. Елді мекендердің орталық көшелерін тазалауға біз жауапты емеспіз. Оған қатысты тендерді облыс жариялаған. Біз тек ішкі жолдарға жауаптымыз. Қазір уақытым жоқ, түскі асқа асығып тұрмын, Жетігендегі әкімнің жиналысына үлгеруім керек. Жұмысты білмей, аузым өзімдікі екен деп айта береді адамдар. Ауылдардың арасын жалғайтын облыстық маңызы бар жолдарға байланысты шағымдар өте көп түсіп жатыр. Бізге аудан орталығының ішкі жолдары мен екі-үш ауылды ғана тазалау міндеті жүктелген», - деді Алматы облысы Іле ауданы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әуелбек Майшыбаев.

Ауылдың ішкі көшелерін тазалауға қатысты тендерді «Жетісу құрылыс» ЖШС жеңіп алған. Алайда ондаған миллион теңгені еш қиындықсыз ұтқан компанияның қар тазалайтын небәрі төрт-бес техникасы ғана бар болып шықты. Ал қар жауып, халықтың жүріп-тұруы қиындағанда әлгі техникалар бұзылып қалыпты.

«Байсерке, Өтеген батыр, Чапай, Боралдай сынды елді мекендердегі ішкі көшелерді қардан тазалауға жауаптымыз. Қар күрейтін екі грейдер, құм шашуға арналған екі көлік бар. Үлгермей қаламыз. Қар тиейтін бір техника бар. Біз кейбір ауылдардың қайда орналасқанын да білмей қалдық. 20 жұмысшымыз бар. Жұмыс күші де, техника да аз, жолды тазалап үлгермей қаламыз. Бүгін кешке дейін Жайнақ шағын ауданының ішкі көшелерін тазалаймыз. Техника дайын болмай, жолды уақытылы тазаламағанымыз үшін 10 АЕК көлемінде полиция айыппұл салды. Қолымызда кейбір ауылдардың қайда орналасқаны туралы карта болмады», - деді «Жетісу құрылыс» компаниясының өкілі Еркін Төрешов.

Облыстық ПД мәліметінше өңірде жол-көлік оқиғалары көбейген. Соңғы 10 айда Алматы облысында 1409 көлік апаты тіркеліп, 285 адам қайтыс болып кеткен. 1941 адам түрлі дене жарақатын алған. Полицияның мәліметінше, аудандық аумақтық жерлерде болған апат саны 8,7%-ға артқан. Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл және Іле аудандарының автожолдарында тіркелген апат саны көп. Жолдың тазалығын қадағалаған полиция қызметкерлері жауапсыздық танытқан мекемелерге небәрі 10 рет қана әкімшілік айыппұл салған. Іле ауданына қарасты жауапты тұлғалардың қандайда бір тиімді шара қабылдайтынына сенімсіздікпен қарайтындар да аз емес. Өйткені, қомақты тендерді ұтса да қар мен мұздың өз бетімен еріп кетуін күтетін компаниялардың техникалық дайындығы төмен. Боралдай кенті әкімінің сөзінше, жұмысқа салақ, жауапсыз компаниялардың басшыларымен тек төбелесу ғана қалған. Ал Іле ауданында соңғы күндері жол көлік апатынан бір адам қайтыс болып, 4 жолаушы жарақат алыпты.

Серіктес жаңалықтары