$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.12.2022, 15:22
Қоғам

2029 жылға дейін 2-6 жастағы балалар толық балабақшамен қамтылып, шәкіртақы екі есеге өседі

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлап отыр

2029 жылға дейін 2-6 жастағы балалар толық балабақшамен қамтылып, шәкіртақы екі есеге өседі
Фотолар: ашық дереккөзден

Жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлауалды бағдарламасында білім саласын дамыту мен балалардың әл-ауқатын арттыруға көп назар бөлінген. Бүгін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сайлауалды бағдарламаның міндеттерін орындау үшін қандай жұмыстар атқарылатын жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Енді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеттеледі»

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді Қазақстанда 3 жастан емес, 2 жастан асқан балаларға сапалы тәрбие беруге ерекше назар бөлінеді. Жалпы, Аймағамбетовтің сөзіне сенсек, 2029 жылы Қазақстанда 2-6 жас аралығындағы балалар түгел балабақшамен қамтылады.

«Біріншіден, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етіледі. Егер бұған дейін басты назар 3-6 жасқа дейінгі балаларды қамту болса, енді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді.

Бұл бағытта мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, оның ішінде әсіресе жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша жұмыс ұйымдастырылады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2029 жылдың соңына дейін 2-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтылады. Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды ашуға арналған нақты жоспар әзірленді», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ал, балабақшадағы қызмет сапасын арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нормативтік талаптары күшейтілді.

«Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі «Ақша баланың соңынан ереді» қағидасына өзгертілді. Яғни қаражат ата-ана таңдаған балабақшаларға жіберіледі.

Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіліп, жаңа мемстандарт пен үлгілік бағдарламалар қабылданды», - дейді Аймағамбетов.

«Кезек жылжымаса да, көмек беріледі»

Астана қаласында тұратын көп балалы ана Айсұлу Ибраимова әрине бұл жаңалықты қуана қабылдаған. Айсұлу мен оның жұбайы мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді. Балабақшадағы орны кезексіз жылжыйтындай, күштік құрылымдарда да жұмыс істемейді. Яғни, балаларының алды мектептің бесінші сыныбында оқыса да, кейінгі балаларына мемлекеттік балабақшаның кезегі келе қоймаған. Бірақ, оқу-ағарту министрі айтып отырғандай, мемлекеттік тапсырыс аясында балабақша қызметі үшін ақының жартысын төлейді.

«Қазір екі балам мектепте, екі балам жекеменшік балабақшаға барады. Біздің кезек қарапайым болғандықтан, ұзақ күтуге тура келер еді. Алайда, мемлекеттік дотация арқылы балабақша ақысының жартысын үкімет төлейді. Бұл әрине біз үшін үлкен көмек. Әрі баланың кезегі келмеді деп қатты уайымдамаймыз да. Яғни, баламыз енді екі жасқа толған соң, мемлекеттік балабақшаның кезегі келмесе де, мемлекеттік тапсырыс арқылы жарты құнын төлеп, балабақшаға бере аламыз. Бұл екі ата-ананың да алаңдамай жұмыс істеп, ел дамуына үлес қосуы үшін зор мүмкіндік», - дейді Айсұлу Ибраимова.

Осы ретте, министр Асхат Аймағамбетов біз айтып отырған балабақшадағы орындарды бөлу мәселесі қалай жүзеге асатынын түсіндіре кеткен. Президенттің тапсырмасына орай, енді балабақшалардағы орындарды бөлудің бірыңғай және ыңғайлы ақпараттық жүйесі құрылады.

«Бұл балабақшалардағы орындарға мониторинг жүргізуге, жылдам әрі ыңғайлы кезекке қоюға, орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, балалардың кезекке қайталанып тұруын болдырмауға мүмкіндік береді.

Өңірлердің балабақшаға тұрған кезегі бойынша деректері денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс, құқық қорғау министрліктерінің деректер базаларымен біріктіріледі. Балабақшаға кезекке тұру, кезек келгеннен кейін балабақшаны таңдап, жолдама алу қызметін egov қосымшасынан да, банк қосымшаларынан да алуға мүмкіндік болады», - дейді ол.

Әлеуметтік осал топтағы отбасыларды қолдау жалғасады

Асхат Аймағамбетов хабарлағандай, әлеуметтік осал топтан шыққан, қиын жағдайдағы отбасылардың балалары балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

«Балабақшалар жыл сайын ашылса да, олардың қызметі балалар үшін тегін болса да, барлық ата-ана балабақшадағы балаларының тамақ ақысын өздері төлейді.  Ал қаржылай қиындыққа ұшыраған отбасылар өздерінің балаларын, қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты, кезекке де қоймайды, сәйкесінше олар балабақшаға да бармайды. Нәтижесінде бұл балалардың әлеуметтенуі жеткіліксіз болады, мектептегі үлгерімі төмен тәуекел тобына түсуі бойынша тәуекелдер көп. Сондай-ақ балалар дұрыс тамақтанбағандықтан олардың денсаулығында да проблемалар туындайды.

Бұл мәселені шешу үшін енді Президенттің бағдарламасына сәйкес, Отбасының цифрлы картасы арқылы қиын жағдайға ұшыраған, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды анықтау алгоритмі енгізіліп, олар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.  Президенттің бұл игі бастамасы бірнеше жүз мың балаға балабақшаға баруға, оларды әлеуметтендіруге, денсаулығын жақсартуға, болашақта оқу үлгерімін жоғарылатуға мүмкіндік береді», - дейді Аймағамбетов.

Ең ірі мегаполистегі балабақша тапшылығының шешімі қанда?

Ал, бүгін орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Алматы қалалық білім басқамасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева болса, қалада 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 71% деңгейінде екенін хабарлады.  Қазір Алматы қаласы бойынша мектепке дейінгі білім мекемесінің кезегінде 42 460 бала тұр. Қалада 910 мектепке дейінгі ұйым бар болса, оның 193 -і мемлекеттік, қалған 717 -і жекеменшік балабақша.

«Қалада мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі проблема- балабақашалардағы орын тапшылығы. Қазір 42 460 бала кезекте тұр. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 71,9%, 3-6 жас аралығындағы балаларды оқытумен қамту 92,9%»,- деді Әлия Сағиева.

Жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бір балаға 41 мың теңге шамасында ақша қарастырылған. Қала бойынша 610 жекеменшік балабақшаға мемлекеттік тапсырыс аясында 38 968 орын орналастырылған. «Әр балаға мемлекеттін 41197 теңге бөлініп отыр»,- деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қазір «Жас қанат» шағын ауданда 280 орындық балабақшаның құрылысы жүріп жатқанын атап өтті.

«Алматыда 2023 жылы мемлекеттік 720 орындық 3 балабақша, 2024 жылы 5 балабақша, 2025 жылы 2 мектепке дейінгі білім мекемесінің салу жоспарда бар»,- деді Әлия Сағиева.

Балабақша тапшылығынан бөлек, Алматы қаласында тәрбиеші табу да қиын мәселе көрінеді.

«Тәрбиешілер тапшылығы шамамен 35-40 пайызды құрайды, оның ішінде мамандандырылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар, сонымен қатар логопед, дефектолог, музыкалық жетекші, медбике, есепші, тәрбиеші көмекшісі сияқты мамандар қажет», - деді Әлия Сағиева.

Ал, жуырда ғана Алматы жұртшылығымен кездескен президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімдігіне 3-6 жас аралығындағы балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырған болатын.

«Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан аса орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек, – деген еді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Балабақша құрылысы: мемлекет пен бизнес бұл мәселені қалай шеше алады

Мемлекет кәсіпкерлермен бірлесе отырып, елдегі әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға тырысады. Соның ішінде, әрине, балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысанның құрылысында кәсіпкерлер бастамашы болса, мемлекет жағдай жасауға дайын. Жуырда ғана Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесе отырып, бұл мәселені тағы бір рет қозғаған еді.

«Қазақстан халқына Жолдауымда экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты – бүкіл еліміздің әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде жақсарту ісі өзгермейтінін ерекше атап өттім. Бұл мақсатқа еркін әрі тиімді нарықтық экономика құру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Мемлекеттің экономикадағы жетекші рөлі, әсіресе мемлекеттің бизнес ісіне араласуы келмеске кетеді және солай болуға тиіс. Мемлекеттің міндеті – заңға бағынатын бизнеске ел ішінде де, халықаралық нарықта да қолдау көрсету», – деді Мемлекет басшысы.

Сондықтан да, Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерін қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуде шет қалмауға шақырды.

«Адами капиталға, атап айтқанда, заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризмді дамытуға инвестиция құю да маңызды. Сіздер қайырымдылық істер жасауды жалғастыра беретіндеріңізге сенімдіміз. Қазір елімізде мектептердің, студенттер жатақханаларының, жастарға арналған спорт ғимараттарының тапшылығы сезіледі. Сіздердің көмектеріңіз ел үшін елеулі болар еді», – деген еді Президент. Қазір бұл тапсырма жауапты органдармен бірлесе отырып, пысықталып жатыр.

Айта кетейік, Президенттің бастамасы бойынша 2022 жыл Қазақстанда балалар жылы болып жарияланған еді.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.

Балалар - мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деген еді тиісті тапсырма берген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары