$ 529.65  544.64  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2022, 15:06
Қоғам

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл 3152 квота бөлінді

Бұл дегеніміз, президенттік бағдарламаның арқасында сәби сүюді армандап жүрген тағы үш мыңнан астам отбасы балалы болады деген сөз

«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл 3152 квота бөлінді
Сурет ашық дереккөзден алынды

Қазақстанның отбасы-демографиялық жағдайына баса назар аударған президенттің тапсырмасына байланысты бір жылдан бері елімізде «Аңсаған сәби» жобасы іске асып келеді.

Екі жыл бұрын парламент палаталарының бірлескен отырысында «Аңсаған сәби» бағдарламасын бастау туралы тапсырма берген президент Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмайтынын айтқан еді.

«Қазір отбасы-демографиялық жағдай алаң тудырып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұл жағдайды ажырасудың негізгі себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне қатысты болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», - деген болатын Президент.

«Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 300 бала ЭКҰ арқылы дүниеге келген

Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Аңсаған сәби» бағдарламасының бір жылдағы нәтижесі мен жоспары туралы айтты. Жалпы, министрдің айтуынша, қазір жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдерді жеке және пәнаралық босануға дейінгі бақылаумен қамту 2%-ға ұлғайған. Осылайша, бұл көрсеткіш 82% жеткен. Ал жүктілікті ерте анықтау коэффициенті 10 аптаға дейін 11%-ға өсіп, 40%-ға жетті, бұл жүктілікті уақытылы анықтауға және ана мен бала денсаулығы үшін төніуі мүмкін қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді дейді Ғиният.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 2021 жылдан бастап 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлуді көздейтін «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаны іске асыру кезінде 3 мыңнан астам әйелде жүктілік басталды, көптен күткен 2 300 бала дүниеге келді. Балалар мен жүкті әйелдерді, оның ішінде қауіп топтары бар балаларды зерттеп-қарау және консультация беру үшін Пренаталдық ультрадыбыстық зерттеу скринингін жүргізуді ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілді, 18 Ұрықты сақтау орталығы ұйымдастырылды. Нәтижесінде жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 6%-ға артып, 79%-ды құрады. Сонымен қатар зат алмасудың тұқым қуалайтын 49 ауруына жаңа туған нәрестелерге скрининг жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды, қауіп тобындағы барлық балалар зерттеліп-қаралды. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін артты», - дейді Ажар Ғиният өз баяндамасында.

Оның статистикасына сүйенсек, осы жылдың 6 айында ана өлім-жітімінің көрсеткішін 2,4 есеге азайған. Сонымен қатар ана өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Павлодар, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Қазір Қазақстанда нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 1000 тірі туғандарға шаққанда 8,3-ті құрады. Нәрестелер өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Шымкент қаласы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында байқалады. 

Қазір Қазақстанда неше әйел бедеулік есебінде тұр?

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 9 467 әйел бедеулік бойынша есепте тұр. Табиғи жолмен бала сүйе алмайтын және ЭКО көмегіне жүгінбей тұрып, «ешқашан балалы бола алмаймын» деп қиналған әрбір әйелдің өз тағдыры, өз өмірі бар.

Айбала Қанатқызы, Астана қаласы

Айбала (кейіпкеріміздің өтініші бойынша есімі өзгертілді) Астана қаласындағы шағын компаниялардың бірінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, ол бірінші оқуын аяқтаған, артынша, біраз жыл жұмыс істеп, өмірлік жарын кеш кездестірген. Осылайша, жүрегінің қалауымен осыдан бес жыл бұрын, 32 жасында тұрмысқа шыққан. Жолдасы жаңа, ескі пәтерлерді жөндейтін бригаданың құрамында жұмыс істеп, күнкөрістеріне ақша табады.

Әуел баста, әрине, бірден балалы боламыз деп ойлаған Айбала мен жолдасы отбасылық өмірдің басында бұл мәселеге қатты алаңдамаған. Жұмыс пен үйдің арасында жүгіріп жүрген отбасы арада зымырап екі жыл өте шыққанын байқамаған. Уақыт өткен сайын Айбаланың сәби сүюге деген ынтасы да күшейе түседі. Жолдасын көндіріп, екеуі де медициналық тексеруден өтеді.

«Қарапайым қан анализінен басталған сынамалар көбейе берді, көбейе берді...Дәрігерлер мені күнде шақыратын болды, емханаға баруым жиіледі. Жолдасым «неге көп қараласың, Құдайдың бергені болады» деп, жібергісі келмеді. Бірақ, дәрігерлер анализдердің нәтижесін көрген сайын, мені аяп жатқандай көрінді. Ішім бір жамандықты сезді. Бір күні мені қарап жүрген гинеколог дәрігер «жолдасыңызбен келіңіз» деді. Жүрегім дүрсілдеп, дәрігердің кабинетіне әрең жеттім. Бізді алдына отырғызған дәрігер «Айбала, өкінішке қарай, сен ешқашан табиғи сәби сүйе алмайсың. Өйткені, сенің ұрықтандыру түтікшелерің қашан екені белгісіз, қабыну процесінен бүлінген...» деп, сөйлей бастағаны сол екен, төбемнен жай түскендей, отыра кеттім. Көзімнен аққан жасымды тоқтала алмадым. Жолдасым үн-түнсіз...Оның да жанарында бір өкініш пайда болғандай болды», - дейді Айбала.

Кейіпкеріміздің айтуынша, біраз уақыттан соң есін жиған отбасы өзге дәрігерлерге барып, емделеміз деп шешім қабылдаған.

«Ең бастысы, жолдасым тастап кеткен жоқ. Жанымда болды. Бірі болмаса, бірі емдей алатын шығар деп біраз дәрігерге бардық. Ақыры, олар бізге ЭКО арқылы бала көтеруге болатынын айтып, ұсыныс тастады. «Бірден кезекке т ұрыңдар, квота аласыңдар» деді. Өйткені, менің айлығым аз, ал, жолдасымның жұмысы маусымдық жұмыс деуге болады. Оның үстіне, ипотекамыз бар еді. Осылайша, кезегімізді күтіп жүргенде, президент «Аңсаған сәби» бағдарламасын айтты. Ең алғашқы жылы, яғни, 2021 жылы осы бағдарламаның арқасында жолдасым екеуміз егіз қыздың ата-анасы атандық. Қазір бақытты анамын. Мемлекеттің осындай қолдау шаралары көбейе берсін»,- дейді Айбала.

«Ер адам бедеу екенін мойындай алмайды»

Ал, қазір үшемі бар Ұлпан болса (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгерді) тұрмысқа шыққан соң 12 жыл сәби сүйе алмаған. Өз денсаулығын тексерткен оған дәрігерлер «бәрі жақсы» деген. Осыны көңіліне демеу еткен ол жыл сайын балалы боламыз деген арманмен өмір сүреді. Өзі ауруханада медбике болып жұмыс істеген оған әріптестері «бәлкім, жолдасың тексерілер» деп, қолқа тастай береді.

«...Бірақ, жолдасымды көндіру қиын болды. Тіпті, мүмкін болмады десем де болады. Сенесіз бе, сегіз жыл бойы ол бір де бір анализ тапсырып көрген жоқ. Қатты қиналған сәтімде не істерімді білмей кететінмін. Бірақ, бір күні оны ашық әңгімеге шақырып, «егер денсаулығыңды тексертіп, балалы болуға қадам жасамасаң, бірге болудың қажеті жоқ» дедім. Бұндай сөзді ешқашан айтпаған едім, алайда, мен де өзге әйелдер сияқты ана махаббатын сезінгім келді. Осы сөзімнен кейін ол дәрігердің қаралуына жазылды. Бір-екі аптаның ішінде біздің неге балалы бола алмай жүргеніміздің себебі анықталды: жолдасымның тірі ұрықтарының үлесі небары 2% болып шықты. Бірақ, осылай екен деп оны жалғыз қалдыра алмадым. Өзім дәрігерлердің арасында жүрген соң ең мықты деген маманды тауып, емделе бастады. Екі жылдан кейін дәрігер «тым болмағанда жасанды ұрықтандыру арқылы бала сүйетін көрсеткішке жеткіздік» деп қуанышты жаңалық айтты. Он жыл бойы себебін біле алмаған соң, ЭКО-ға деп, ақша да жинамаған екенбіз. Дегенмен, біз қолда бар дүниенің бәрін сатуға дайын едік, Бірақ, дәрігерлер жергілікті емхана арқылы кезекке тұрғызып, квотаның күтіңіздер деді. Оның үстіне, бәрі бір біраз уақыт ЭКО-ға дайындық жүру керек деді. Осылайша, кезекке тұрып, мемлекеттік квота арқылы Астанада ЭКО жасаттық. Бір жарым айдан кейін аяғым ауыр екенін білгенде...ол сезімді мен сөзбен жеткізе алмаймын. Үш айдан кейін ультрадыбыстық зерттеу жатырымда үш бала жатқанын айтты. Жолдасым медицинаның құдіретіне сонда сенді. Қазір міне, Медет, Марат, Мұрат есімді үш ұлымыз бар», - дейді Ұлпан.

Президент тапсырмасының аясында қандай іс-шаралар қабылданды?

Міне, біздің кейіпкерлер сияқты бала сүйе алмаған отбасыларға көмектесуге бағытталған «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру үшін елімізде бірқатар ұйымдастыру іс-шаралары қабылданған болатын: Атап айтсақ:

  • денсаулық сақтаудың жетекші бейінді мамандары мен ұйымдастырушылары қатарынан жұмыс тобы құрылды;
  • нормативтік-құқықтық құжаттар, атап айтқанда ЭКО жүргізу үшін көрсеткіштер қайта қаралды;
  • өңірлер бөлінісінде бедеулігі бар пациенттердің (әйелдер мен ерлер) тізімі өзектендірілді;
  • фертильді жастағы адамдар санын ескере отырып, өңірлер бөлінісінде ЭКО-ға 7 мың квота бөлінді.

"Аңсаған сәби" бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Ең бастысы, Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.Олар:

  • репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;
  • қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;
  • жоғары фолликулярлық резерв.

Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Ондай бірнеше мәселе ескеріледі.

  • жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары;
  • соматикалық және психикалық бұзылулар;
  • аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы;
  • денедегі қатерлі өскіндер;

Ал, «Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы, атақты дәрігер Салтанат Байқошқарова осымен бірнеше рет Қазақстанда бедеулігі бар адамдардың нақты тізімі жасалу керек деген мәселе көтеріп жүр.

«Бедеулік мәселесімен айналысқаныма 32 жыл болыпты. Оның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің алғашқы маманы ретінде енгізгеніме 25 жыл толыпты. Біз көбіне ақылы түрде қызмет көрсеттік. 2010 жылдан бастап мемлекетіміз 100 квотадан бастаса, биыл 1 мыңнан сәл асатын квотаға қол жеткіздік. Соған да қуанатынбыз. Бірақ, Президент Жолдауындағы 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені, бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмайды. Бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді. Сондықтан бұл үлкен көмек және пациенттеріміздің барлығы қуанып жатыр. Күтпеген жағдай болды. Біз көп болса 2 есе көбейтер деп ойлаған едік», - деді ол Президент Жолдауы аясындағы әлеуметтік басымдықтарды талқылауға арналға шарада.

Осы орайда ол Президент Жолдауынан кейін министрлікпен қызу жұмыс істейтіндерін жеткізді. Ең басты мәселе – елімізде бедеуліктің тізілімі жоқ.

«Біз жалпы сөзбен «5, 6-шы отбасы бедеулікпен бетпе-бет келеді» деп айтамыз. Алайда, олардың барлығына арқау болатын статистика жоқ. Сондықтан цифрландыру заманында қанша адам бедеулікке ұшырағандығын анықтау қажет. Яғни, бедеу адамдарды тіркеу мәселесін дұрыстап, база, тізілім жасауымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарын, хаттамаларын өзгертуге тиіспіз», - деді Салтанат Байқошқарова.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары