«Қошқар ата» қалдықтар қоймасы: Маңғыстау жеріндегі қойма қашан қалпына келтіріледі?

Автор: Azattyq Rýhy

Көлемі 6600 гектар жерді алып жатыр

Фото: Egemen.kz

Кеңес заманында Маңғыстау даласы өндірістік нысандардың мекені болған. Нәтижесі сол бүгінде экологиялық жағдайы нашар жерлердің біріне айналып отыр. Ал өңірдегі экологиялық жағынан қауіпті орындардың бірі ретінде «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы айтылады. Ал ел арасында оны «улы көл» деп атаған «Қошқар ата» қоймасына мынадай мөлшерде қалдық бар делінеді: Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытының 105 млн тоннадан астам қалдығы жиналған және қалдықтар арасында жиынтық белсенділігі 11,2 мың кюри 51,8 млн тонна әлсіз радиоактивті қалдық бар делінеді. Бұл дерек бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген болатын. Мамандардың сөзіне жүгінер болсақ, оңтүстік-шығыс бөлігінде күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары, оңтүстік бөлігінде химия-гидрометаллургиялық зауыттың радиоактивті қатты қалдықтары төгілген. Azattyq Ruhy тілшісі «Қошқар-ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмысы қаншалықты жүріп жатқанын анықтап көрді.

Біз осы орайда жауапты ведомство – Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметтеріне көз жүгіртіп көрдік. Жауапты мекеменің хабарлауынша қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр.

ӘКІМДІК ҚАНДАЙ ШАРУАЛАР АТҚАРЫП ЖАТЫР?

«Қошқар-ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңіне қажетті қаражат әкімдік тарапынан сұратылып, қолдау тапқан болатын. Бұл туралы мәліметті Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мәлімдеген болатын.

«Қошқар ата» қоймасының қаупі туралы проблема бүгінге дейін айтылып келеді. Проблемасы сол әлсіз радиоактивті қалдықтар топырақ бетінде орналасуына байланысты маңындағы 3 елді мекенге қауіпті болып тұр. Оның маңайында шамамен 372 мың адам тұрады. Бейнеу ауданы әкімдігінің хабарлауынша жалпы қалдықтардың көлемі 6600 гектар жерді алып жатыр. Сол себепті өңірдің экологиялық мәселесі – республика деңгейінде өзекті күйінде қалып тұр.

Айта кетейік, 2021 жылы 22 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте «Қошқар-ата» қалдық қоймасын үш жыл ішінде аяқтауды Үкіметке және облыс әкімдігіне тапсырған болатын.

«2021 жылдың 10 қарашасында республикалық бюджеттен 1 млрд теңге аударылып, мердігер 2021 жылы рекультивациялау жұмысын жасау үшін 30 арнайы техника мен 70-ке тарта адаммен 266,2 га жерге 819,3 мың м3 топырақ төселді және жасалаған жұмыстарға техникалық қадағалау жүргізіліп келеді. Бөлінген 1,0 млрд теңге толықтай игерілді», - делінген Бейнеу ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Белгілі болғандай 2022 жылға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, 905 га жерге рекультивация жұмыстары басталған болатын. Бірақ 2022 жылы төлем жасалған жоқ. Үстіміздегі жылдың 20 тамыздағы жағдай бойынша шамамен 160 га жерде жұмыстар жүргізіліп, топырақ төселді.

«Маңғыстау облысының әкімдігімен осы жылдың 28 ақпанында «Қошқар-ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру I кезең жобасына түзету енгізу бойынша техникалық жиналыс өткізіліп, хаттамасы жасақталды. Жұмыстарды мерзімінде орындау мақсатында мердігер сметалық құнын өзгертпей, қалдық қоймасынан 2,5 шақырым жерде орналасқан карьерден топырақты тасымалдауға көшті», - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.

Оның айтуынша 2022 жылдың 11 сәуірінде жобаны түзету туралы үш жақты меморандумға қол қойылды, түзету жұмысын төлеу мердігер есебінен төленді. Нәтижесінде, 2022 жылғы 19 тамызда «Қошқар-ата қалдық қоймасын рекультивациялау» І кезеңін түзету бойынша мемлекеттік сараптамасының (оң) қорытындысы және мемлекеттік экология сараптамасының (оң) қорытындысы алынды.

«Алдағы уақытта «Қошқар-ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру» І кезең» нысаны бойынша 2022 жылға арналған жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Осылайша, алдағы жылдарға әкімдік тарапынан сұратылған қаражат қолдау тапты», - деді Дүйсен Құсбеков.

Өз кезегінде Парламент Сенатының бір топ депутаты Маңғыстау облысына іссапарында осы мәселе кезекті рет қозғалғанын айтып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын.

«Жуырда өңірге іссапармен барған кезімізде жұртшылық тарапынан көтерілген өзекті мәселенің бірі – Ақтау қаласының іргесінде орналасқан «Қошқар Ата радиоактивті қалдықтар қоймасының құнарлығын қалпына келтіру» жобасын іске асыру барысында атқарушы органдар тарапынан орын алған өрескел қателіктер мен кемшіліктер болып отыр.

Ауданы 6600 га құрайтын «Қошқар Ата» радиоактивті қалдықтар қоймасы өткен ғасырдың 60-шы жылдарында салынып 30 жыл бойы жұмыс істеген Химия-металлургия, азот тыңайтқыштары, күкірт-қышқылдары зауыттарының өнімдерінің қалдығын төгу нәтижесінде пайда болған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр 21 қыркүйектегі Маңғыстау облысының әлеуметтік экономикалық дамуы туралы жиында Үкіметке, облыс әкімшілігімен бірлесіп аталған радиоактивті қалдықтар қоймасын рекультивация жасау жұмысын 3 жыл мерзім ішінде атқарып, аяқтауды тапсырған болатын», - дейді Сенат депутаттары.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жобалық-сметалық құжаттама қарастырылып, ауданы 4279 га жерді рекультивациялау жұмысы басталып кеткен болатын.

«Соңғы уақытта құрылыс нарығында блған құрылыс материалдарының, құрал-жабдықтардың, жанар-жағармайдың қымбаттауын және де жобада көрсетілген кейбір жұмыс түрлерімен көлемдерінің өзгеруін ескере отырып, тапсырыс беруші, жобалаушы және мердігер тарапынан (Маңғыстау облысының әкімдігі, ПК «Семипалатинскграждан проект», АО «Павлодарский речной порт») қабылданған шешім бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға өзгеріс енгізіліп, Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды (19.08.2022).

Алынған қорытынды бойынша басты назар аударатын, жұртшылықтың түсінбеушілігін туғызған жайт – қайта жасақталған жобаға сәйкес атқарылатын жұмыстың құны өзгеріссіз қалып, залалсыздандыруға тиесілі жер аумағының бастапқы 4279 Га-дан 1344 Га-ға дейін қысқарып кетуі, немесе 3 есе азайып кеткені. Бұл дегеніміз, қойылған міндеттің толық орындалуына, яғни стратегиялық жоспарлау көрсеткішіне қол жеткізуге күмән туғызады, сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасының тек қана қағаз жүзінде, жұмсалған қаржы бойынша орындалуы, ал іс жүзінде үштен бірі, немесе 30%-ға орындалуы деген сөз», - дейді сенаторлар.

Айта кететін тағы бір жайт – бастапқы жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізу туралы шешім Республикалық бюджеттік комиссияда қаралмағаны депутаттардың сауалынан белгілі болды.

Депутаттардың айтуынша бағдарлама әкімшілігі тарапынан, яғни Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі жобаны биыл қаржыландыру (2,1 млрд теңге) мәселесі, сондай-ақ түзетілген жоба шеңберінде іс-шаралар қабылдаудың орындылығы өзекті болып отырғанын жеткізді.

«Аталған факторлардың салдарынан бүгінгі таңда жобаны іске асыру шеңберінде биылға бөлінген қаржының тек қана 30%-ы игерілгенін және де жыл соңына дейін қарастырылған қаржының толықтай игерілмей қалу тәуекелін де атап өткен жөн.

Осындай, атқарулар барысында жіберілген кемшіліктер салдарынан елімізде қаншама басталған жобалар аяқсыз қалып, түпкі нәтижелер орындалмай қалып жатқаны баршаға аян.

Өңір жұртшылығының көкейінде жүрген, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен атқарылып жатқан бұл жобаның басты мақсаты және түпкі нәтижесі – радиоактивті аумақты түгел залалсыздандырып, халықтың игілігіне жарату, сол себепті жобаны қайта қарастырып, залалсыздандыруға тиесілі жер аумағын бастапқы қалпында (4279 Га) қалдыру, ал қаржы көлемін атқарылатын жұмыс көлеміне сәйкестендіру қажет деп есептейміз», - дейді Серікбай Трұмов пен Бақтыбай Шелпековтің депутаттық сауалында.

БЫЛТЫР ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ 1 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛДЫ

Сенаторлардан түскен сауалға Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Қошқар Ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру – I кезең» жобасы бойынша айта келе жоба аясында жалпы сомасы 17,5 млрд теңгеге 4279 га аумақты қалпына келтіру көзделгенін жеткізді. Жоба былтыр басталып, 2024 жылға дейін жалғаспақ. Ал жоспар бойынша қалпына келтірілетін жер көлемі былай бөлініпті: 2021 жыл – 266,2 га, 2022 жыл – 905 га, 2023 жыл – 1554 га, 2024 жыл – 1554 га.

Былтыр 266,2 га аумақта қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп, оған 1 млрд теңге жұмсалыпты. Олар толық көлемде игерілген. Ал биылға 905 гектар жерді қайта қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қаражат қарастырылған.

«Маңғыстау облысының әкімдігі (бұдан әрі – әкімдік) Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің келісімінсіз жобаны іске асыру кезеңінде жобалық-сметалық құжаттамаға (бұдан әрі – ЖСҚ) түзету жүргізді, онда жобаның негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштері елеулі кему жағына (3 реттен артық) өзгертілді.

Осылайша, 2022 жылы жоспарланған 905 га ішінде, әкімдік 336 га қайта қалпына келтіру туралы мәлімдеді (бүгінгі күні әкімдіктің деректері бойынша шамамен 300 га қайта қалпына келтірілді). Бұл ретте қайта қалпына келтіру жалпы ауданы түзетілген ЖСҚ-ға сәйкес 1344 га құрайды.

Жобаны тиімді және уақтылы іске асыру мақсатында Үкімет әкімдікке мемлекеттік сараптаманың түзетілген қорытындысының күшін жоюды және биылға жоспарланған аудандарды толық көлемде қайта қалпына келтіру ісін қамтамасыз етуді тапсырды», - деп Үкімет басшысы жауап берді.

Белгілі болғандай әкімдік қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың түзетілген қорытындысының күшін жою бойынша қажетті рәсімдерді жүргізіп жатыр. Әлихан Смайылов өз сөзінде осы мсәелеге қатысты жағдай Үкімет пен әкімдіктің тұрақты бақылауында екенін жеткізді.

Сөзімізді түйіндей келе экологиялық апат қазынаға түсер қаржыны қысқартып қана қоймай, сол өңірдегі жағжайды ушықтырып, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсер етеді.Сол себепті жауапты ведомстволар жүктелген міндетті уақытылы әрі жылам шешкені жөн.