«Тендерлік» жемқорлық бойынша көш басында білім басқармалары тұр
Антирейтинг көшін «Азаматтарға арналған Үкімет» АҚ бастап тұр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі «Сатып алудың бірыңғай терезес» жүйесі арқылы жемқорлық тәуекелі жоғары мемлекеттік органдардың рейтингін жасады. Рейтингтің алғашқы ондығына Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Тараз, Атырау, Орал, Алматы қалалары мен Алматы облысының білім басқармалары мен білім бөлімдері кірген.
Антирейтинг көшін «Азаматтарға арналған Үкімет» акционерлік қоғамы бастап тұр. 2019 жылы аталған ұйым 37,7 млрд теңгеге бағаланатын заттардың 70%-ын бір сатушыдан алған.
«Акционерлік қоғам алатын заттарға жөнсіз баға қойып, жеңілдік танытып, кей келісімшарттарды қысқа мерзім ішінде орындап тастайды. Мысалы, А4 форматындағы қағаз бағасы 1600 бен 3870 теңге аралығында тұрады. Корпорациясының Шымкенттегі филиалы бұл қағазды 4334 теңгеден алған»,- деді агенттіктің превенция департаментінің офицері Айгүл Кәріпова.
Мемлекеттік сатып алудағы жемқорлық тәуекелі жоғары ұйымдардың алғашқы үштігіне Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының білім басқармалары кіреді.
«Шымкент қалалық Білім басқармасы жасаған 1979 келісімшарттан 2,5 мың тәуекел (жемқорлық - авт.) байқалды. 1935 жағдайда тауар бағасын көтерген. Сонымен бірге, заттардың 98%-ы бір компаниядан алынған», - дейді Айгүл Кәріпова.
Еске салсақ, 2019 жылы Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары мемлекеттік сатып алу арқылы 1,5 млн теңге жымқырды деген айыппен сотталған еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан