$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.02.2020, 10:49
Қоғам

«Мен тірімін». Шымкент тұрғыны 19 жыл бойы өлілердің тізімінде болған

Оның бұрынғы әйелі сотқа «күйеуім қайтыс болды» деп жалған арыз түсірген екен

«Мен тірімін». Шымкент тұрғыны 19 жыл бойы өлілердің тізімінде болған

Бірнеше бизнесі болған Амирастан Үрүстемов жеке сәйкестендіру нөмірі болмағандықтан ісін жүргізе алмай, банкротқа ұшырағанын айтады. ЖСН жойылғандықтан электронды сандық қолтаңба да берілмей, мемлекеттік мекемелермен жұмыс істей алмаған.

Шымкент қаласының 56 жастағы тұрғыны өзі де толық түсіне алмайтын жайттардың көп екенін айтады. Мәселен, ЖСН жойылса да 19 жылдың ішінде бірнеше рет паспортын еш кедергісіз ауыстырып, шетелге де шығып тұрған. Тек өзінің құжат жүзінде өлгені туралы анықтаманы кезекті бизнесті бастағанда бір-ақ білген.

«2018 жылы «Serp&Molot» ЖШС аштым. 2019 жылы іс жүзінде жұмысқа кіріспек болып Түркістан қаласында салынып жатқан аэропортқа Кентаудан тас пен құм тасуым керек болды. Жұмысты бастамақ болғанда жеке сәйкестендіру нөмірімнің жоқ екенін білдім. Төле би аудандық прокуратурасының қаулысы арқылы 2000 жылы сот мені із-түзсіз жоғалды деп санап, өлді деген шешім шығарған. Бірақ мен тірімін», - дейді Амирастан Үрүстемов.

Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының берген мәліметінше, істің бәрі бұрынғы әйелінің арызы негізінде жасалған. Істің мән жайын зерттей бастаған Амирастан Мамедұлы екі мыңыншы жылдардың басында бірінші әйелімен ажырасқанын айтады. Ал, әйелі алғашқы некедегі қызын алып, Түркияға көшу үшін құйтырқы әрекетке барған көрінеді. Яғни, баланы шетелге шығаруға әкесінің келісім бермейтінін біліп, экс-күйеуін өлді деу арқылы мәселені шешіп кеткен.

«ОҚО Төле би аудандық соты 22.05.2000 жылы А.М.Үрүстемовтың өлімін растау туралы шешім шығарған. 22.05.2000 жылы Төле би аудандық АХАЖ бөлімінде Сіздің әйеліңіз Т.Ш.Османованың арызы бойынша №2-6 акт тіркеліп, қайтыс болу туралы № 0000338 куәлігі берілді. Тіркелген актінің негізінде АХАЖ қызметкерлері көші-қон полициясына қайтыс болған адамдардың тізімін ай сайын береді. Көші-қон полициясы тізімнің негізінде туу туралы куәлік, жеке куәлік, паспортты жояды. Сіздің ЖСН осы қайтыс болған тұрғындардың тізімі арқылы жойылған», - делінген Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының А.Үрүстемовке берген жауабында.

Бірақ сот шешімі 2000 жылы шықса да, Үрүстемовтің өлуі туралы құжаты тек былтыр ғана жойылған.  Ол арыздың рас-өтірігін тексермей, біражақты шешім шығарған құзырлы орган қызметкерлері жемқорлыққа барды деп санайды. Өйткені бұрынғы бизесінен рейдерлік әрекет арқылы айрылып қалса, жуырда бастаған жұмысына «өлім куәлігін» архивтен қайтадан көтерген құзырлы органның адамдары тағы кедергі келтіріп отыр екен.

«Олар мені 2019 жылдың 15 қарашасында тағы да өлді деп таныды. Мені Төле би аудандық сотының судьялары мен прокурорлары хабарсыз кетті деп жариялаған. Яғни, сот және прокурордың берілген барлық құжатқа қатысуы қылмыстық жала және сыбайлас жемқорлық болып табылады. АХАЖ-дың 2019 жылдың 15 қарашасындағы заңсыз әрекеті менің бизнесіме кедергі келтіріп, отбасымның күйзеліске ұшырауына, табыс жағынан кедейленуіне әкелді. Мені жеке және заңды тұлға мәртебесінен айырды», - дейді ашынған Амирастан Үрүстемов.

Өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін ұзақ сенделген Амирстан осыдан 20 жыл бұрын Төле би аудандық сотының судьялары шығарған шешімнің күшін жойғызған. Тірілердің қатарына екінші рет қосылған 56 жастағы азамат бастан өткен қорлығын айтып, Президентке хат та жазыпты. Екінші рет үйленіп, үш баланың әкесі атанған Үрүстемов бәсекелестерім соттың жіберген кемшілігін көлденең тартып, бизнеске кедергі келтіріп отыр дейді.

Әмірболат Құсайынұлы, Шымкент

Серіктес жаңалықтары