«Дені сау ұлт» жобасы: жаңадан құрылған Абай облысында 40 елді мекенде аурухана мүлде жоқ
Өңір жұртшылығымен кездескен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аймақ медицинасының өзге де проблемаларына тоқталды
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шығыс Қазақстан облысының, сондай-ақ, жаңаан құрылған Абай облыстарының тұрғындарымен кездесіп, «Дені сау ұлт» жобасының міндеттері мен мақсаттары туралы мәлімет берді, деп жазады Azattyq Ruhy.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес басталған «Дені сау ұлт» жобасы әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді медицинаны көздейді.
Жалпы, алғанда, бұл ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады:
- медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру;
- эпидемиологиялық болжау;
- отандық фармацевтика саласын дамыту;
- саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту. Бұл бағыттардың барлығы дерлік алдағы жылдары толыққанды жүзеге асырылу керек.
Қазақстанда 493 ауылда мүлде медициналық мекеме жоқ
Бәрімізге белгілі, кез келген жағдайда науқасқа алғашқы көмек көрсететін ол – медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметі. Ажар Ғиният шығыстағы халықпен кездескенде бұл мәселеге ерекше назар аударды.
«Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 293 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі жұмыс істейдә,бұл бүкіл республиканың медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 5%-ы», - деді статистикаға сүйенген ол.
Айта кетерлігі, Ажар Ғинияттың айтуынша, алғашқы медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметінің санын анықтау үшін былтыр Денсаулық сақтау министрлігі елдегі денсаулық сақтау объектілеріне инвентаризация жүргізді.
Түгендеу кезінде Қазақстанда 493 ауылды елді мекенде мүлде денсаулық сақтау ұйымы жоқ екені анықталған. Ал, бүгін мәселесін қозғап отырған Абай облысында 40 елді мекенде, Шығыс Қазақстан облысында 69 елді мекенде медициналық ұйым жоқ екені анықталған. Ал, биыл Шығыс Қазақстандағы халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін 3 млрд теңге бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық.
«Әлемдік және отандық практикада қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері енгізілген Аягөз көпбейінді орталық аудандық ауруханасының үздік тәжірибесін, оның ішінде хирургиялық аз инвазивті араласуларды атап өткен жөн. Бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлері қабылдайды», — деді Ажар Ғиният.
Аймақ халқының көп қорқатын дерті – онкология
Өткен ғасырдағы ядролық сынақтың зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатқан шығыстағы халық үшін онкологиялық аурулар қорқынышқа айналған. Дәрігерлердің айтуынша, халықтың көбі қатерлі ісікке шалдыққандарын кеш анықтайды. Тиісінше, қолданылған емнің де нәтижесі төмен болады. Сондықтан, аймақта онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» атты жоба енгізілген. Оның аясында онкологиялық ауруға күдігі барпациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріліп, зерттеу алынады.
Ауылдағы денсаулық сақтау мәселелері
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша қазір ел ауылдарында 5397 медициналық ұйым, соның ішінде, 2895 медициналық пункт, 790 фельдшерлік пункт, 1282 амбулатория, 227 емхана, 203 аурухана бар.
«Дәл осы Шығыс Қазақстан облысында барлығы 297, Абай облысында 294 медициналық ұйым қызмет етеді. Сонымен қатар осы ұйымдар ғимараттарының тозуы республика бойынша 52,6%-ды, Шығыс Қазақстан облысында – 68%-ды, Абай облысында – 69,6%-ды құрайды», - деп хабарлады Ғиният.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын әзірлеп жатыр. Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін, оның ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункт салу бойынша дайындық жұмысы басталды. Абай облысының ауылдарында 65, Шығыс Қазақстан облысында ауылда 36 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу жоспарланған.
«Сондай-ақ пилоттық жоба шеңберінде республика бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана, оның ішінде Абай облысында – 2, Шығыс Қазақстан облысында 1 аурухана ашу жоспарланған. Ауруханаларда инсульт және кардиология бөлімшелері, тері арқылы араласу орталықтары, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелері ашылады. Көпбейінді аудандық орталық ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау мен күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
Ана мен бала денсаулығын сақтау
Ана мен бала денсаулығын сақтау Денсаулық сақтау министрлігі үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі екені белгілі.
Ажар Ғинияттың хабарлауынша, 2022 жылдың 9 айдында Абай облысы бойынша 8,5 мың әйел босанып, 8,6 мың нәресте дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 8,3 мың әйел босанып, 8,3 мың нәресте туды.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылып, 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделді. Осы бағдарламаның шеңберінде Абай облысында 2021 жылы 250 әйел экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алып, 101 әйел жүкті болды, 65 отбасы сәби сүю бақытына ие болды. Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылы 250 әйел экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алып, 101 әйел жүкті болды, 86 отбасы сәби сүю бақытына ие болды.
Дегенмен, қазір нәрестелер арасындағы өлім-жітімнің көбеюі – өзекті проблеманың біріне айналғанын Ажар Ғиният та ашық мойындады.
«Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға өсті», - деп хабарлады ол.
Осы мәселенің алдын алу үшін 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі бес жылдық тұжырымдама әзірленіп отыр.
Білікті кадр, білімді маман
Қазір Қазақстанда 78 мыңнан астам дәрігер бар. Нақты Абай облысында 1,2 мың маман бар болса, әлі 81 штат бос тұр. Ал, Шығыс Қазақстан облысында 6 мың дәрігер жұмыс істейді, тағы 144 штат бос тұр. Кадр мәселесін шешетін әрине ол жаңа түлектер. Биыл ел өңірлердегі медициналық жоғары оқу орындарының 2 980 түлегі, Абай облысына – 37, оның ішінде ауылға 13 түлек және Шығыс Қазақстан облысына – 224, оның ішінде ауылға 59 түлек бөлінді.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, республикада ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. 2021 жылы 282 маман көтерме жәрдемақы, 222-і тұрғын үй алса, 92 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізген.
Кадр тапшылығын азайту үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында Шығыс Қазақстан облысында мамандар даярлауға 178 орын бөлінді, оның ішінде 20 терапевт, 29 орын – педиатр, 15 орын – акушер-гинеколог, анестезиологтар-реаниматолог – 17 орын, хирургтар – 5 орын.
«Өткен жылы біз медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді көздейтін заң жобасын әзірледік. Медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын 2 есе көтеру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 531 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы тиісінше 250 мың теңгені құрайды», — деді Ажар Ғиният.
Жыл сайын 5 мыңға жуық медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы мен гранттар бөлініп отырады.
«СҚ-Фармация» және халықты дәрімен қамтамасыз ету мәселесі
Отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі әрине халықты үнемі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыру. Осы мақсатта «СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьютор ретінде халықты амбулаториялық деңгейде дәрімен қамтамасыз ету үшін 196 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алған. Бұл ретте өңірлерге сатып алынған дәрілік заттардың 100%-ы діттеген жерге дейін жеткізген, ал стационар деңгейінде 177 млрд теңгеден астам сомаға алынған дәрінің 93%-ы өңірлерге жеткен.
«Шығыс Қазақстан облысында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 15,5 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар, ал стационарлық көмек шеңберінде 12 млрд теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек алынды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру бойынша инвентаризация жүргізілді», - дейді Ажар Ғиният.
2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру аясында Абай облысы үшін медициналық техниканы сатып алуға 8,2 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы үшін 5,2 млрд теңге мөлшерінде бюджет қаражатының ең аз көлемі белгіленген.
«Сондай-ақ 2023-2025 жылдарға өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға Абай облысында 2,8 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысында 3,1 млрд теңге мөлшерінде ағымдағы нысаналы трансферттер көзделген. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру аясында Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулік серіктестігі базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшті», - деп хабарлады Ғиният.