Агломерация туралы заң: шағын және ірі қалалардағы халықты шоғырландыру қалай реттеледі
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Жалпы, агломерация экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты елді мекендердің шағын аймаққа топтасуын білдіреді. Урбандалу процесінің бірі болып есептелген бұл бастама негізінен индустриялық аймақтарға ғана тән құбылыс болып саналады. Агломерация көбінесе жеке ірі қалалардың төңірегінде қалыптасады. Кейде бірнеше агломерациялық аймақ болуы мүмкін. Ол өнеркәсіп өндірісі мен еңбек ресурсының аумақтық шоғырлануын реттейді. Әсіресе, халық көп жиналған, топтасатын Алматы, Астана және Шымкент қаласын агломерациялау мәселесі маңызды бола түседі. Сол себепті де Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, оны заңнамалық түрде бекітіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елді мекендердің жақын орналасуы кейде агломерациямен аяқталады. Экономикалық агломерацияларда салалар мен басқа да экономикалық объектілердің кеңістіктегі шоғырлануынан шығындарды азайту арқылы экономикалық және әлеуметтік пайда табуға болады. Қалалар мен елді мекендер өздерінің тәуелсіздігін сақтайды, ал олардың көптеген құрылымдары туындаған мәселелерді бірлесіп шешуі керек. Агломерация мүшелері үйлестіру функцияларын бір адамға жүктей алады.
Дамыған елдердегі агломерациялар халықтың едәуір массасын шоғырландырады. Агломерациялардың өсуі өнеркәсіптік өндіріс пен еңбек ресурстарының аумақтық шоғырлануын көрсетеді. Агломерациялардың өздігінен өсуі кейде мегополистің пайда болуына әкеледі. Мәселен, ол суперагломерация және жанама агломерация болуы мүмкін.
Қазақстан урбанизацияның тұрақты үрдісі аясында тұр. Миллионер қалалар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің тірегіне, ал облыс орталықтары өңірлердің өсу нүктелеріне айналуы тиіс. Сондықтан агломерацияларды дамыту туралы заңды және қалаларды кешенді дамытудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажет болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын.
Президенттің айтуынша, «инфрақұрылымдағы адамдар» қағидатын сақтау маңызды, бұл ретте перспективалы ауылдарды дамытуға да көңіл бөлінуі тиіс.
«Негізгі мақсат-олардың аймақтық стандарттар жүйесіне сәйкестігін қамтамасыз ету. Бұл тәсілдер аумақтық даму жоспарында бекітілуі тиіс»,- деп есептейді Мемлекет басшысы.
Бір жыл берілген бұл тапсырма бойынша заң жобасын әзірлеу ұсынылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов бұл заң жобасы не үшін қажетін де түсіндірген болатын.
«Бүгінде дамыған елдердің экономикасында ірі қалалардың, мегаполистердің орны ерекше. Әлемдегі ішкі өнімнің жартысы ең 300 ірі агломерацияға тиесілі. Ал бұл қалаларда жер бетіндегі халықтың 20 пайызы тұрады. БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай халықтың үштен екісі қалаларда тұратын болады. Басқаша айтсақ, қаладағы халық санын 2,5 млрд адам толықтырады. Осылайша, шешім қабылдау мен ғылымның, технологиялардың орталығы әлемдегі 200 мемлекет емес, 600 ірі мегаполис болады. Халықаралық трендтерді ескерсек, Қазақстанның ірі қалалары да жаһандық маңыздағы қалаға айна л уға талпынуы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы ірі қалаларды кешенді дамыту туралы тапсырма берді», - деген еді ол.
Премьердің айтуынша, аталған заң жобасы агломерацияға кіретін әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы қатынастарды реттейді.
Бұл тапсырманы орындау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді. Мәжілісте заңды таныстырған министр Әлібек Қуантыров қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар екенін айтты.
«Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59% пайызға, Алматыда 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті.Оған қоса, қалалардың аумақтары да едәуір өсті.Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе өсті, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе өсті, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті.Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблемаларды тудырып отыр» - деді министр.
Ол проблемаларға инфрақұрылымның барлық түріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында байламсыз түрде құрылыс салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты проблемалар жатады.
«Аумақтардың үйлестірілмеген дамуының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауы.Осыған орай, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отыр.Бір айта кететін жайт, әлемде Ұлыбритания, Франция және Қытай сияқты унитарлық мемлекеттерде де, АҚШ, Канада, Германия, Испания және Италия сияқты федеративті мемлекеттерде қалалық агломерациялардың дамуын реттейтін арнайы заңдар бар», - дейді Әлібек Қуантыров.
Ол атағандай, осы саланы реттейтін заң жобаларын әзірлеу үшін Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмалары негіз болды.
«Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Агломерацияларды дамыту туралы» заңды әзірлеуді тапсырды.Оның үстіне, Мемлекет басшысы биылғы 5 мамырдағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында осы заң жобасын үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды.Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, Министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі.Негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі», - деді ол.
Агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері ретінде орталық қаланың әкімшілік мәртебесі, демографиялық сыйымдылық, логистикалық әлеует, экономикалық әлеует таңдалып отыр.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент және, мүмкін, тағы басқа облыс орталықтары да айқындалмақ.
«Заң жобасымен агломерацияларды басқарудың жаңа моделі енгізіліп жатыр.Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылатын болады. Олар – агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс ңстейді. Жергілікті кеңестің құрамына екі әкімдіктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және үкіметтік-емес ұйымдардың өкілдері кіреді», - деді ол.
Жергілікті кеңес агломерацияны дамытуды қолдауға бағытталған міндеттер мен шаралар бойынша ұсыныстар әзірлейді.Осы орайда, орнықты әлеуметтік-экономикалық әрі үйлестірілген дамуды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті кеңес агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлемек.
«Кешенді жоспар қаржыландыру көлемі мен көздерін, іске асыру мерзімдерін, жауапты орындаушыларды, күтілетін нәтижелерді қамтитын болады.Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады.Негізгі және ілеспе заң жобалары шеңберінде өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі», - деді ол.
Мәселен, негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады.
Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысатын болады.
«Орталық қалалардың жергілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді, Бас жоспарының жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді», - деді ол.
Жалпы, ілеспе заң жобасында бюджет және жер кодекстеріне, сондай-ақ қолданыстағы 5 Заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
«Агломерацияларды дамыту туралы» Заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленді.Негізгі заң жобасы 14 баптан тұрады және мыналарды көздейді.
«Агломерация», «агломерация аумағы», «агломерация құрамы» сияқты негізгі ұғымдарды және елді мекендерді агломерацияға жатқызу өлшемшарттарын енгізу. Агломерация халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байланыстары бар қала маңындағы аймақтан тұрады.
Сонымен қатар заң жобасында бес жылдық кезеңге Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылып отыр.Заң жобалары бойынша депутаттар мен комитеттерден 52 ұсыныс келіп түскен.
Заң жобасында Жер және Бюджет кодекстеріне, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Марья Айдарбаева