Жастар бейбітшіліктің бірегей бейнесі бола алады – «Ассемблея жастары»
«Ассамблея жастары» ұйымына кез келген жас мүше бола алады

Елімізде жастарға барынша көңіл бөлініп, оларды қоғамдық іс-шараларға тарту жүзеге асырылады. Елімізде 4 млн-ға жуық жас бар. Олардың 2 млн-ы ауылдарда тұрады. Жастардың еліміздегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласуы қалай жүргізілетінін «Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаевтан сұрап білдік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен өзім қоғамдық қызметке мектепте оқып жүрген кезімде келдім. Мектепте балалар мен жасөспірімдерге арналған ұйымға мүше болып бардым. Туған қалам Жезқазғанда «Болашақ» ұйымы болды. Оқушы үшін осындай қоғамдық ұйымдардың құрамында болу көптеген қасиетті кіріктіруге мүмкіндік береді. Себебі оқушы коммуникацияға үйреніп, өз ісіне жауапкершілік алады. Мектеп кезінде оушының тұлға болып қалыптасып, тәжірибе жинауына қоғамдық ұйым өте үлкен септігін тигізеді. Бұдан кейін де қоғамдық жұмыс жалғасын тапты. Мектеп президенті болдым. Бұл өзіндік басқару әдісін меңгеруді үйретті», - дейді Жұмырбаев.
Оның айтуынша, бүгінде барлық мектепте өзін-өзі басқару тетіктері бар.
«Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Ол мектептегі өзін-өзі басқару дами түсуі керек деген болатын. Ол командалық жұмыс, сыни ойлауды жақсартады. Кез келген жасөспірім үшін қоғамдық жұмыстағы белсенділік тұлға ретінде қалыптасуға әсер етеді. Мен осындай ұйымдар жаңа тұлғаларға өзін-өзі дамытып, барлық әлеуетін қолдануға мүмкіндік берсе екен деймін. Біздің мектептердегі өзін-өзі басқару жүйесінің әлеуеті мен болашағы өте зор. Ол жастар ортасындағы көшбасшылардың қалыптасуына мүмкіндік беріп, азаматтық қоғамның белсенді азаматтарын тәрбиелейді», - дейді ол.
Жастар ұйымының төрағасы атағандай, мектеп пен университет кезінде алған білім мен қасиет болашақта барлық жұмыстың негізіне айналады.
«Әрине, мен одан кейін де қоғамдық жұмысты жалғастырдым. Қытайдың Бейжің қаласында білімімді ұштадым. Онда қазақстандық студенттердің ұйымы болды. 2016 жылы Жезқазған қаласында біз ҚХА-ның «Шаңырақ» атты облыстық жастар ұйымын құрдық. Үйден жырақта жүргенде Ассамблеяның жұмысымен алғаш таныстым. Әлі күнге дейін мен ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту, этникаралық бірлікті сақтау саласында жұмыс істеп жатырмын. «Ассамблея жастары» жастар қоғамдастығын дамытуда үлкен рөл атқарады», - деді ол.
Тимур Жұмырбаевтың айтуынша, «Ассамблея жастары» ұйымы әрбір азаматқа қызмет көрсетуді жетілдіріп жатыр.
«Ұйымның құрылу бастамасының өзі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі. Ол былтыр ҚХА кеңесінің отырысында жастардың басын қосып, біріктіруді тапсырды. Осылайша, «Ассамблея жастары» құрылды. Бүгінде біз бұл брендті белсенді түрде дамытып жатырмыз. Жұмыс өте ауқымды. Біз маңызды 6 бағытты таңдап алдық. Оның ішінде жастарды әлеуметік қолдау, мемлекеттік тілді этникаралық тіл ретінде дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен әскери-патриоттық, мәдениетті дамыту бар. Бұл салалар бойынша нәтижелер де баршылық. Биыл этностардың тұрғылықты жерлері бойынша жұмысты бастадық. Жастардың оқу деңгейі мен этникалық әртүрлілігіне қарамастан, олардың азаматтық рухының бір болуы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Себебі жастардың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Біз оны бірлесе дамытып, бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек», - деді ол.
Тимур Жұмырбаевтың айтуынша, жастардың санасында осындай құндылықтардың сақталғаны дұрыс.
«Біз оны әлеуметтік бірлік пен жағдайды жақсарту арқылы дамытқымыз келеді. Біз Алматы облысындағы Ұйғыр ауданына, Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданына барып, жастармен кездестік. Бізбен бірге қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер де бірге барып, жастардың этникалық және әлеуметтік мәртебесі маңызды емес екенін дәлелдеп, барлығы жетістікке жете алатынын тәжірибеде көрсетеді», - деді «Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы.
Сондай-ақ, ол биыл «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысымен келісімшарт орнатылғанын айтты.
«Бұл тек құжат емес, ол бірлескен жұмыстың дәлелі. Біз әріптестерімізбен бірге өңірлерге шығып, мектептерде әскери-патриоттық ұйым құруды көздейміз. Бұл жастарды біріктіріп, ел үшін қызмет етуге тәрбиелейді. Жұмыс осы идеология бойынша қалыптасып жатыр. Оған қоса, Қостанай облысындағы өрт кезінде біздің ұйым алғашқылардың бірі болып оқиға орнына барды. ҚХА 60 млн теңге көлемінде өрттен зардап шеккендерге жинап берді. Волонтерлар бүкіл елден жиналды. Қостанайда болған жағдайда халық бірлесіп барлығын жеңді. Қазақстандықтардың бірлігі тек облыс тұрғындарын ғана емес, ел халқын тамсандарды. Президенттің өзі келіп, волонтерлардың жұмысын елеп ескергені, оларға рух берді», - деді Жұмырбаев.
Оның айтуынша, Әуликеөлде өртке оранған орманда волонтерлар 100-ге жуық ағаш отырғызған.
«Жылдар өте көле ағаштар бой көтерген кезде жастардың бірлігі мен мейірімінің символы болады деп ойлаймын. Мұндай мысалдар өте көп. Алматының сауда орталықтарының базасында тіл курстарын да ұйымдастырдық. Мұндай жұмыс өзге өңірлерде де жүзеге асырылып жатыр. Біздің жастар тазалық акцияларына, абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысады. Қазақстанның тарихы біз үшін біріктіруші фактор болып есептеледі», - деді ол.
Жастар ұйымының төрағасы атағандай, «Бірге» жобасы аясында Ұлытаудың тарихи орындарымен танысып, әртүрлі этнос өкілдері киіз үй тігіп, шаңырақ көтерді.
«Әрбір уықты әртүрлі этнос өкілі құрды. Бұл белсенді жастардың бірлігі мен ынтымағын көрсетеді. Бүгінде көп жас қазақ тілін өзінің туған тілі деп есептейді. Бұл – өте дұрыс. Осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз. Біздің елдегі жас ұрпақ қазір өте қатты өзгерді. Қазір жастар өте белсенді әрі мейірімді. Жастар талантты және қоғамның дамуына өзінің үлесін қосқысы келеді. Өздерінің замандастары мен өзінің туған қаласы үшін қандай игілікті жоба бар екенін ойлайды. Қазіргі қоғамның ең белсенді әрі алтын қоры осы жастар екенін айтқан жөн», - деді Тимур Жұмырбаев.
Оның айтуынша, елімізде жастардың өсуіне, өнуіне өте жақсы жағдай жасалған.
«Жастардың алған білімін істе жүзеге асыруға мүмкіндік көп. «Ассамблея жастарына» кез келген жас тіркеле алады. Өңірлердегі Достық үйлеріне барып, ұйымның құрамына кіре алады. Қазір біз облыстармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің қатарымызға қосылып жатқан жастар саны өте көп. Өңірлерге сапарларды жиі ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстардың маңыздылығы мен тиімділігін насихаттаймыз. Себебі бос уақытында жастар қоғамдық өмірге белсенді араласса, олардың дұрыс жолда қозғалуы заңды болады. Қазіргі жастарға өздерінің мәселелерін өздері көтеріп, оны шешуге мүмкіндік беру керек. Оларға қоғамдық-саяси мінберлерден сөз беру керек. Оларға статистика емес, қоғамның бір белді мүшесі ретінде қарап, олардың пікірін ескеріп, тұлға ретінде қарау керек. Жастарға осы қажет. Өңірлік деңгейде жастарға сапалы, жоғары сапалы білімге қолжетімділік қажет. Бұл проблема қазір шешіліп жатыр. Шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Мысалы, біз жақында СҚО-да болдық. Онда Аризона универсиетінің филиалы жұмыс істеп жатыр. Егер бұрын мұндай бастама мүмкін емес сияқты болса, қазір бұл қолжетімді. Бұл өңірлік университет аясында ашылған филиал. Осы сияқиты өзге университетерде ашылады деп ойлаймын. Мұнда жастар ең сапалы білімге ие бола алады», - деді ол.
«Ассамблея жастары» ұйымы төрағасының айтуынша, ұйым өз бастамалары аясында жұмысты жалғастырады. Олар келесі жылға да өте ауқымды жобаларды жоспарлап отыр.
«Қоғамдық ұйымға мүше әрбір жастың арманы орындалып, әлеуметтік, коммуникацилық жағдайы жақсарса, азаматтық қоғамға білімді әрі таланты тұлғалар келеді. Жастар барлық әлеуетін қолданып, қоғамдық жұмысқа қатысып, әлеуметтік лифтілерге қолжеткізе, жастардың тиімділігі де арта түседі. Сондықтан біздің ұйым осы бағытта жұмысты жалғасытарды. Себебі жалындаған жастарды қолдап, демеп жіберу өте маңызды. Қазақстан халқы ассамблеясы жастар ұйымдарын белсенді қолдайды. «Ассамблея жастары» ұйымы елдегі маңызды жастар қозғалысына айналды. Жастармен жұмыстың маңыздылығын түсіну барлық жобаны сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді ол.
Тимур Жұмырбаев атағандай, жастар қоғамдық өмірге белсенді қатысып, бетұстары болуы тиіс.
«Қазір жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуына да жол ашылып жатыр. Осы тетіктерді барынша пайдалану керек. Бұл жастар қауымдастығына әсер етеді. Халықаралық ұйымдармен де біз белсенді жұмыс жүргіземіз. Жақында Өзбекстан жастарымен меморандумға отырдық. Қазір Өзбекстандағы серіктермен ынтымақтастықты белсенді жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жастар арасындағы халықтық дипломатия күшіне айналады. Себебі жастар өзінің мінезі мен жас ерекшелігіне байланысты бейбітшіліктің бірегей бейнесі бола алады. Жастар ынтымақтатсық болғанын қалайды. Олар дипломат ретінде де жақсы жұмыс істеп жатыр. Сондықтан халықаралық ұйымдар бойынша елдер арасындағы достастықты арттыруға жастардың да қосатын үлесі зор», - деді Тимур Жұмырбаев.
«Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев атағандай, болашақта ұйым жастардың басын қосуда белсенділікті одан әрі арттырып, халықаралық жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты артыруды көздейді.
Марья Айдарбаева