$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.11.2022, 16:59
Қоғам

Президент сыны: Қазақстанның проблемалық күрежолдары қашан аяқталады

Автожолдардың басым бөлігі 2025 жылы аяқталуы керек

Президент сыны: Қазақстанның проблемалық күрежолдары қашан аяқталады
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында автожолдардың проблемасын көтерді. Президент 5 жылдан кейін жолдардың 95 пайызын жақсарту туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президенттің айтуынша, бюджеттен қанша қаражат бөлінсе де, жолдардың мәселесі шешілмей отыр.

Жақында Атырау облысына жұмыс сапарымен барған кезінде Мемлекет басшысы «Атырау-Астрахань» автожолының құрылысы баяу жүріп жатқанын айтты.

«Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданаралық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Сондықтан жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады», - деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтатын болсақ, «Атырау-Астрахань» тасжолының ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Жоба учаскелері бойынша жұмыстар 2020 жылы басталған. Лянкаран, Тодини, Ант Иншаат, «БК «СинеМидас Строй» ЖШС.2020 жылы 20 шақырым автожол пайдалануға берілді. 2020 жылдан бастап 277 шақырым жол ЕҚДБ қарызы есебінен реконструкцияланып жатыр.

Бастапқыда мердігерлерге реконструкциялау учаскелері бойынша барлық қозғалысты ашу міндеті қойылған болатын. Алайда, жол-құрылыс материалдарының дайындау қарқынын, жол битумы мен дизель отынының тапшылығын ескере отырып, жоғарыда көрсетілген жоспарлар қайта қаралды. 2022 жылдың соңына дейін 277 шақырымның 130 шақырымына жуығында қозғалыс ашылады.

Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан кездегі жыл сайынғы битум мен ЖЖМ тапшылығы жұмыс барысына теріс әсер ететінін атап өткен жөн.

Бұл мәселені Мәжілісте жол құрылысы мәселесі талқыланған кезде депутат Альберт Рау көтерген болатын. Депутаттың айтуынша, мұнайлы ел үшін битум тапшылығының болуы өте ұят дүние.

«Мемлекет басшысы еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жай - күйі азаматтардың әділ шағым тудыратынын атап өткен болатын.  Бүгінгі таңда республикалық автожолдардың 12 мың шақырымына қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.  Ал бұл республикалық маңызы бар жолдардың 50%-ға жуығы. ИИДМ мәліметтері бойынша, автожолдардың 90% -ы қанағаттанарлық жағдайда», - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар, «Күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 2025 жылдың соңына дейін 100% - ға дейін жеткізу керек.

Депутат осы мақсаттарға қол жеткізудің шынайылығы мен дұрыстығына күмәнмен қарайды. Себебі Ұлттық жобада көзделген 40-тың 18-ін немесе жобалардың 45 пайызын іске асыру тек 2025 жылдан бастап жоспарланған.

«2025 жылы «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автожолын қайта жаңарту, «Қарағанды-Успенка учаскесі-РФ шекарасы», «Шалқар – Бозой – Өзбекстан шекарасы»  автожолын салу сияқты ірі жобаларды іске асыру қажет екен. «Жезқазған-Арқалық» бағытының  кей жерлері жай грейдер, дегенмен бұл елдің орталығы мен оңтүстігін байланыстыратын Орталық жол», - деп атап өтті Альберт Рау.

Депутаттың айтуынша, «Орталық-Батыс Астана - Қорғалжын-Торғай – Ырғыз» көлік дәлізін іске асыруға әлі кіріскен жоқ, бұл ретте жобалауға 3 млрд теңге жұмсалды.

«Ұлттық жобаның белгіленген параметрлеріне үлкен күмән бар. Бұл іс-шаралардың орындалу мерзімін немесе жоспарланған көрсеткіштің өзін қайта қарау және түзету қажет дегенді білдіреді. Сонымен қатар, Мәжілістің бейінді комитетінің басшысы министрдің келісімшарттардың жаңа нысандарына көшу туралы өтінішін қолдады, өйткені мерзімдерді ауыстыру жобалардың қымбаттауына алып келеді», - деді ол.

Альберт Рау жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға қатысты проблемалық мәселелерді де атап өтті.

«ИИДМ мәліметтері бойынша, жергілікті маңызы бар жолдардың 80%-ы  қанағаттанарлық жағдайда. Алайда, жүргізілген талдау көрсеткендей, тек 18 мың шақырымы немесе жергілікті жолдардың 26%-ында асфальтбетон жабыны бар. Бұл пайыз қалай есептелді?» - деді депутат.

Осыған байланысты мәжілісмендер қиыршық тастан және топырақтан жасалған жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарға жатқызбау бөлігінде автожолдардың сапасын бағалау өлшемшарттарын қайта қарауды ұсынды.

«Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес Қазақстан жол сапасының көрсеткіші бойынша әлемнің 141 елі арасында 93-ші орында тұр, Кения Мен Танзания бізден жоғары тұр», - деді  Альберт Рау.

«ҚазАвтоЖол» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірқатар проблемалық мәселелерге қарамастан, биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарында ілгерілеу бар.

Батыс Қазақстан және Атырау өңірлерінде тас карьерлері жоқ. Бұл – құрылыс барысында орын алып отырған ең негізгі проблема. Құрылыс жұмыстарына қажет қиыршық тасты теміржол арқылы тасымалдау үшін жартылай вагондар керек.

Уәкілетті органдармен жүргізілген келіссөздер аясында қиыршық тасты тасымалдау үшін жартылай вагондар қамтамасыз ету мәселесі ішінара шешілді. Мысалы, былтыр Батыс Қазақстан облысының автожол объектілеріне 2 мың жартылай вагон қиыршық тас тасымалданса, биылғы құрылыс маусымында аталмыш нысандарға 5 мыңнан астам жартылай вагон келді. Алайда, өндірістік кестеге сәйкес туындап отырған қажеттілік 8 мың жартылай вагонды құрайды.

Былтыр Президент БҚО-ның жолдарын да сынаған еді. Ол сыннан кейін Премьер-министр мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Батыстың жолдарын бағамдады. Барып құрылыстың жайымен танысқан болатын.

«Күре жолдардың жағдайы – Батыс Қазақстан облысындағы ең күрделі мәселелердің бірі. Биылғы жылы біз бұл жұмыстардың ауқымды бөлігін аяқтауымыз керек. Осыдан үш жыл бұрын басталған бұл жобалар қаржының жетіспеушілігінен бітпей қалды. Биыл жолдарды жөндеуге 15 млрд теңге көзделген, егер жұмыс қарқынын тездетуге техникалық жағдай мүмкіндік берсе, қосымша қаражат бөлуге болады. Бюджетті нақтылау кезінде біз “Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы” автомобиль жолына арнайы 6 млрд теңге қарастырдық. Жол жөндеу жұмыстарын 2022-2025 жылдары аяқтау қажет», – деген елі сол кезде  Әлихан Смайылов.

Биыл Батыс Қазақстан өңіріндегі республикалық күре жолдарға 350 мың тонна асфальт төселген.

 БҚО-да күрделі жөндеу жұмыстары екі нысанда жалғасты. Олардың қатарында жалпы ұзындығы 245 шақырымды құрайтын «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» күрежолдары бар.

Бұл тас жолдар 6 учаскеден тұрады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ БҚОФ басшысы Қазбек Мәмбетов БАҚ-қа арналған брифинг барысында хабарлады.

«Бірқатар проблемалық мәселелерге қарамастан, жалпы алғанда, биылғы құрылыс-монтаждау жұмыстарында өткен жылмен салыстырғанда ілгерілеу байқалады. Мәселен, құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған арнайы техника мен маман саны екі есе артты. Қазір екі нысанда 700 маман еңбектеніп, 600 бірлік арнайы техника жұмыс істеп тұр. Жол қызметкерлерінің 90%-ы жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар, 4 асфальтбетон зауыты жұмылдырылды. Егер өткен жылы шамамен 41 шақырым асфальт төселген болса, биыл мердігер ұйымдар 75 шақырым асфальт төседі. Аталмыш күре жолдардың 122 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілді», - деп атап өтті Қазбек Мәмбетов.

Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ БҚОФ басшысы «Подстепное-Федоровка» республикалық трассасын жөндейтін мердігер ұйымдар анықталғанын атап өтті.

Ал орташа жөндеу жұмыстарымен республикалық маңыздағы 110 шақырым жол қамтылды. Жалпы биылғы жылы Батыс Қазақстан өңіріндегі республикалық күре жолдарға 350 мың тонна асфальт төселген екен.

Жалпы жыл басынан бері республикалық маңызы бар күре жолдарда 4 мыңнан астам ақау жойылған. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі аралықта Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы республикалық маңызы бар автожолдар желісінде 5 мыңға жуық ақау анықтапты.

 Республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы барлық анықталған ақаулардың 81%-ын жойған. Мәселен, ақауларды уақытылы жою жұмыстары Р-4 "Астана-Ерейментау-Шідерті", "Щучинск-Зеренді", "Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы", "Семей-Қайнар", "Өскемен-Семей" және күре жолдарда жүргізілді.

Қалған ақауларды биылғы жылдың соңына дейін жою жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ техникалық саясат және сапаны бақылау департаментінің қызметкерлері құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына тікелей жауапты техникалық қадағалау қызметтерінің жұмысын жобаның басынан бастап пайдалануға берілгенге дейін тұрақты негізде тексеріп тұрады.

Департамент қызметкерлері, атап айтқанда, сарапшылардың, зертханалық жабдықтардың және техникалық ерекшелікке сәйкес басқа да пункттерді қадағалайды. Биылғы жылдың 11 айында техникалық қадағалау қызметіне салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 100 млн. теңгеден асты.

Биылғы жол құрылысы маусымы аясында республикалық маңызы бар жолдарға 3 млн тоннадан астам асфальтбетон жабыны төселген.  

Сонымен қатар 18 көпір, 6 мал өткелі, 325 су өткізгіш құбыр салынды.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Меркі-Бұрылбайтал», «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Өнеге-Бисен-Сайхин» және күрежолдарда жалғасып жатыр.

 Бүгінгі таңда 200-ге жуық учаске құрылыс жұмыстарымен қамтылып отыр. Жалпы республикалық маңызы бар 7 мың шақырымға жуық жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды.

Оның ішінде 4 мың шақырым күре жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілсе, қалған 3 мың шақырым тас жолда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жол құрылысына 7 мыңнан астам маман мен 5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Марья Айдарбаева 

Серіктес жаңалықтары