$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан маневрлік қуат көзін қолдану жағынан Ресейге тәуелді – сарапшылар

Ғалымдар электр энергиясын өндірудің көлемін шұғыл түрде арттыру қажет деп санайды 

Қазақстан маневрлік қуат көзін қолдану жағынан Ресейге тәуелді – сарапшылар

Жаңартылатын энергетиканың үлесін 2025 жылы 6%-ға, 2030 жылға қарай 15%, 2050 жылы 50%, 2060 жылы 80%-ға дейін жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар Алматы энергетика және байланыс университетіне жиналып, баламалы энергия көздерін дамытудың жолдарын талқылады. «Green Media Forum» халықаралық медиафорумының басты мақсаты – елдегі және әлемнің дамыған елдеріндегі электор қуатын өндірудің тиімді жолдарына сараптама жасау. Сарапшылардың айтуынша, электр энергиясын тұтыну деңгейі біркелкі емес. Мәселен, кешкі уақытта сұраныс күрт жоғарыласа, түнде электр энергиясын тұтыну төмендейді. Мұндай жағдайда электр стансалары жедел ауыспалы жұмысты қажет етеді. Сол себепті жұмыс істеп тұрған электр стансаларының қазіргі реттеу мүмкіндіктері жеткіліксіз болған соң, жүйелік оператор Ресейдің реттеуші энергия жүйесіне қосылуға мәжбүр. Сәйкесінше, қыруар қаржы көрші елдің өндірушілеріне аударылып келеді. 

«Біз Ресейге тәуелдіміз. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда маневрлік энергия көздері жетіспейді. Биыл Энергетика министрлігі аукцион жариялады. Соның нәтижесінде 900 МВт газтурбиналық электр станциясы Түркістан облысында салынады және 240 МВт станция Қызылорда облысында салынатын болды. Бұл нысандар 2-3 жылдың ішінде дайын болады. Оған дейін біз Ресейге тәуелді бола бермекпіз. Қазақстанда маневрлік энергия көзінің болуы жасыл энергетиканы дамыта түседі. Энергожүйе жел, күн энегиясын арттыруға септігін тигізеді. Мәселен, 50 мВТ-тық күн электр станциясын салсақ та, ауа райы бұлттанып, боран соқса қуат көзінсіз қаламыз. Сонықтан да бізге маневрлік энергия көзі керек. Кешкі сағат 19.00-де адамдар үйіне жұмыстан келіп, барлығы бір мезетте электр қуатын пайдаланғада қауқары жетпейді. Сол кезде Ресейден тартуға мәжбүрміз. Көмір қоры жеткілікті. Бірақ оны жағып, қажетті көлемі алу үшін қосыша бір тәулік кетеді», - деді «Qazaq Green» қауымдастығының Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.

Қазақстанда маневрлік энергия көздері жетіспейді. Мұндай қуат көзіне гидроэлектростанциялары (ГЭС) және газтурбиналық электр станциялары (ГТЭС) жатады. Олар ең жоғары тұтыну кезінде жабуға және жаңартылатын энергия көздері өндіретін тұрақсыз электр энергиясын теңестіруге көмектеседі. Өйткені электр станцияларының бұл түрлері көмір арқылы өндірілетін тоқ көзіне қарағанда экологияға зияны аз, әрі электр энергиясын беру үшін көп уақыт пен шығынды қажет етпейді. ГТЭС 15-20 минутта, ГЭС шамамен екі минутта қажетті қуатты тарата алады. Сарапшы алдағы уқытта электр қуатының тарифі қымбаттайтынын алға тартты. Бірақ бұл тек кәсіпкерлерге қатысты болатынын айтып сендірді. 

Qazaq Green қауымдастығының Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов

«Қазақстандағы тариф – әлемдегі ең төменгі тариф. Президент Тоқаев тариф тек бизнеске көтерілетінін бірден айтқан еді. Әлемде 1 кВТ 150 теңге болса, неге біздің кәсіпкерлер 20 теңгеден төлеуі тиіс? Соған қарамастан, бәсекеге қабілетсіз болады. Тариф қымбаттамаса, модернизация жасауға қаражат та болмайды. Меніңше, тариф 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен өседі. Алғашқы 5 жылдың ішінде 20 пайызға ақырындап қымбаттаса, инвесторлар модернизацияға қаражат құя алады», - деді Нұрлан Қапенов.

Қайткен күнде де баламалы энергетиканың қажет екенін айтқан форум қатысушылары 100 МВт ірі күн станциясының орташа өтелуі 7 жылды, ал оның орташа қызмет ету мерзімі 30 жылды құрайды дегенді алға тартты. Демек, күн станциясы өзін-өзі ақтайды.

«Бізде электр энергиясы жеткілікті, оны өндіруде де қиындық жоқ. Мәселе тек жеткізуде тұр. Жердің аумағы ұлан-ғайыр ғой. 1 киловат қуатты көмірден алу үшін 1 мың доллар жұмсау керек. Ал соны күн сәулесінен шығарсақ, 5 мың доллар жұмсауға тиіспіз. Күннен жылына 2 мың сағат энергия алуға болады. Бірақ жылына 8 мың 260 сағат бар ғой. Сонда қайтпекпіз? Қайткен күнде де бізге баламалы энергетика керек. Америкада бізден электр энергиясын 30 есе артық өндіреді. Оның 3 пайызы күн сәулесінен екен. Бізге осы жол дұрыс. Желден өндірілген электр энергиясынан жылына 2-3 мың сағат қолдануға келеді. Ол үшін желдің жылдамдығы секундына 4 метрден асу керек. Одан төмен болса тоқ өндіру қиынға соғады. Ал гидроэнергияны шағын өзен-көлдерден алуымыз керек», - деді Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Бірлесбек Алияров.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бірлесбек Алияров

Академиктің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі тоқ өндірудің 97%-ы отыннан, қалған 3%-ы су, күн, желден алынады. Дамыған елдердің қатарына қосылу үшін және ЕО экология қатысты салатын салықтық мөлшерінен құтылу үшін баламалы энергия көздерін жылдамырақ арттыру қажет.

«Елде орнатылған қуатты мөлшері – 20 миллион киловатт. Оны тағы 8 мың сағатқа көбейтеміз. Сонда 100 миллиард киловатт/сағат өндіреміз. Электр энергиясын қанша өндіресің, сонша тұтынуың керек. Әйтспесе жүйе бұзылады. Жөнді станция салмағанымызға 20 жыл болды. Соңғысы 1992 жылы Екібастұзда ашылған.  Одан кейін Мойнақта салынды. Ол жердегі станция кешкі уақыттағы 3-4 сағатқа қажетті қажеттілікті өтейді. Алматыға қажет кезде, сол жерден беріледі», - деді академик.

Серіктес жаңалықтары