СҚО әкімдігі дәрігерлерді сотқа берді
15 жас маман Петропавлда еңбек етуден бас тартқан
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мемлекет есебінен жоғары білім алып, келісімшартын орындамаған дәрігерлерді сотқа берді. 15 жас маман Петропавлда еңбек етуден бас тартқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ЕМДЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ 100-ден АСТАМ ДӘРІГЕР ТАПШЫ
Солтүстік Қазақстан облысына жүзден астам дәрігер жетіспейді. Бұл өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан жергілікті билік қалаға келген мамандарға көтермеақы береді. Одан басқа да әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Тіпті резидентурада білімін жалғастырамын деген мамандардың оқу ақысы да төленеді.
«Өңірге дәрігер мамандарды тарту мақсатында Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімін «медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету шараларының жүйесін, тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешім қабылданды. 2021 жылдан бастап қалалық медициналық ұйымдарға келетін медицина мамандарына 1,5 миллион теңге мөлшерінде және аудандық медициналық ұйымдарға жұмысқа баратын жастарға 2,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік қолдау ретінде көтерме жәрдемақы ұсынылады. Бұдан басқа, облысқа келген жас мамандарға «дәрігердің үйінде» жалдамалы пәтер беріледі, медицина қызметкерлері «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатыса алады. Медициналық ұйымдар келген мамандарға құнының 50% мөлшерінде тұрғын үйді жалға алу үшін қосымша ақы төлейді. Қаржылық қолдаудан басқа, әлеуметтік қолдау көрсетіледі, баланы балабақшаларға орналастыруға, ерлі-зайыптыларды жұмысқа орналастыруға және тағы басқа көмек көрсетіледі», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
ШАРТТЫ БҰЗҒАН РЕЗИДЕНТТЕРДІҢ ОҚУ АҚЫСЫ СОТ АРҚЫЛЫ ҚАЙТАРЫЛАДЫ
Облыс әкімдігі 2019 жылдан бастап салалық дәрігерлерді резидентурада оқытуға бюджет қаражатын бөліп келеді. Үш жыл бұрын оқуға түскен 77 дәрігердің 31-і былтыр қолына диплом алған. Олардың 23-і өңірге қайта оралып, жұмыс істеп жүр. Ал 8-і Солтүстік Қазақстанға баруға бас тартқан. Келісімшартқа сәйкес бюджет қаражатын қайтарып берген. Ал 5 резидентке құзырлы органға сотқа дейінгі арыз жолданды.
«Бүгінде 148 адам Астана медициналық университетінің резидентурасында білім алып жүр. Облысқа 2023 жылы 60 және 2024 жылы 28 резидент келеді деп күтіліп отыр. Облыс әкімдігі биыл туындаған сұранысқа сай 16 мамандық бойынша 60 дәрігердің әрі қарай білім алуына бюджеттен қаражат бөлді. Олардың барлығы келісімшартқа сәйкес Солтүстік Қазақстанға келіп, еңбек етуге міндеттеледі. Оны орындамаған жағдайда мемлекет тарапынан жұмсалған қаржының барлығын қайтарып береді. Ақшаны өз еркімен қайтармағандарды сотқа береміз. Өз міндеттемесін орындамай жатқандар бар. Көбі солтүстік өңірдің климаты суық болғандықтан өңірге келгісі келмейді. Жастардың басым бөлігі Астана, Алматы сынды ірі қалаларда тұрғысы келіп, бастапқы ойынан айнып қалып жатады. Алайда біз мемлекеттің қаражатын оңды-солды шашуға жол бермейміз», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
Жыл басында облыста 285 дәрігердің орны бос тұрды. Қала бойынша – 229, ауылдық жерлерде – 56 маман. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы маман тапшылығы мәселесі алдағы екі жылда толығымен шешілетінін айтып отыр.
«Бірнеше жыл бойы біздің учаскеде дәрігер болған жоқ. Кабинеттен кабинет аралап, уақытымыз кезек күтумен өтетін. Қазір жақсы болып қалды. Өз терапевтіміз бар. Енді басқа учаскенің науқастары бізге келетін болды. Олардың да мәселесі жуық арада шешіледі деп үміттенемін», - дейді қала тұрғыны Хадиша Жақиянова.
Әлеуметтік қолдаудан бөлек мамандар баспанамен де қамтылады. Осындай жағдай жасалып жатқандықтан биылдың өзінде аймаққа 185 дәрігер келген. Басым бөлігі облыс орталығында жұмыс істеуді жөн санапты. Солардың бірі - Түркістан облысының тумасы Бақдәулет Арынбеков. Осыдан бірнеше ай бұрын аймақта мамандарға жасалып жатқан жағдайды естіп, бірден еңбек жолын солтүстіктен бастауға шешім қабылдаған. Қазір ол облыстық көпбейінді ауруханада жұмыс істейді.
«Жұмысты бастағаныма көп уақыт болған жоқ. Дегенмен ұжым жас мамандарды жақын тартып, тәжірибе бөлісуден жалықпайды. Қазір науқастарды қабылдап, тиісті ем-дом жүргіземіз. Қажет болған жағдайда отаны да өзіміз жасап жатырмыз. Осы бөлімнің өзіне бірнеше лор дәрігері жетіспейді. Естуімше балалар ауруханасында да тапшылық бар. Өзім сынды жастарға солтүстікке келуге кеңес беремін», - дейді облыстық көпсалалы аурухананың лор дәрігері Бақдәулет Арынбеков.
Солтүстік Қазақстанда 500 мыңнан астам адам тұрады. Облысқа әлі педиатр, анестезиолог, гемотолог сынды мамандар жетіспейді. Денсаулық сақтау басқармасының мамандары өзге өңірлерден маман тарту жұмыстары келер жылы да жалғасатынын айтты.