Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігіне ешқандай шектеу жоқ – Бағлан Бекбауов
Бүгінде шаруа қожалықтарын басқаратын әйелдер саны артып отыр
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов еліміздегі кәсіпкер әйелдерге ешқандай кедергі жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Қазір қоғамда және экономиканың тұрақты дамуында әйелдердің рөлі ерекше екені бәрімізге белгілі. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Осы орайда ел экономикасының басым салаларының бірі - аграрлық сектор», - деді Бекбауов.
Вице-министрдің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан халқының жартысына жуығының негізгі табыс көзі.
«Бүгінде ауыл халқының саны - 7,8 млн адам. Оның 50%-ы әйелдер. Фермада, шаруа қожалықтарында жұмыс істейтін 282 мыңға жуық адам бар. Оның 204 мыңы әйелдер - 36,8%. Жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп жатыр. Сондай-ақ, тек жұмысшы ретінде емес, өндірістегі жетекші әйелдердің саны артып отыр»,- деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде, тоқыма өнеркәсібінде, қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі салаларында әйелдер басқаратын кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.
«Олар жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, ел экономикасының дамуына үлкен үлесін қосып отыр. Бұл Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігіне ешқандай шектеу жоқ екенін көрсетеді»,-деді Бағлан Бекбауов.