Астана қаласының прокуратурасы кәсіпкерлерді 100 млн теңгеге алдап кеткен азаматтың ісін қысқартып тастаған
Кәсіпкерлердің айтуынша көмір жеткізіп беремін деп сан соқтырып кеткен
Азамат Абылхасов есімді азаматқа алданып қалған бірнеше кәсіпкер сиырқұйымшақтанып кеткен мәселеге наразылығын білдірді. Айтуларынша, олар осыдан 5 жыл бұрын «Al tau» деген компаниямен келісімшартқа отырып, көмір сатып алмақ болған. Алдын ала тауардың ақшасын аударып та жіберген. Бірақ соңында оңбай алданғандарын түсінген. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап білді.
«Мен ол адамды танысымның танысы арқылы білдім. Алмат Абылхасов. Онымен бірге анасы Ботагөз Жақиянқызы да бар. Ол кісі өзін фирманың бухгалтерімін деп таныстырды. Көмірді олардан сатып алу үшін алдымен келісімшартқа отырдық. 16 вагон көмірге 18 миллион теңге бердім. Ақшаны алған соң 3 күннен кейін тауарды жіберуі керек болған. Бірақ түрлі сылтау айтып, уақытты созып жүрді. 3-4 ай өткеннен кейін көмір жеткізіп беруім керек болған компания мені алаяқ деп ойлай бастады. Сол себепті оларға өз ақшамнан алғытөлем ретінде берген соманы қайта аударып жібердім. Барлық түбіртек сақтаулы. Мен сияқты 8 кәсіпкерді алдап соққан.
Біздің қылмыстық іс 2017 жылы Астана қаласының Есіл ауданының полиция бөлімшесінде қозғалған. Кейін ҚР Ішкі істер министрлігіне бардым. Олар өздері тергеу тобын құрды. Зерттеп болған соң Астана қаласының прокуратурасына жолдады. Ал прокуратура 2020 жылы істі қысқартып, жауып тастады. Сол себепті екі жылдың ішінде 53 рет шағым түсірдім. Сонда мынадай жауап келеді:
«Бұл іс қарастырылған, заңды түрде қысқартылған, ешқандай қылмыстық құрам жоқ, бәрі азаматтық іс, сол жерге барыңыз. Сот орындаушылары арқылы ақшаңызды өндіріп аласыз» делінген. Бірақ, Астана қаласының прокуратурасы мен ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерімен бейресми сөйлескен кезде «шын мәнінде бұл алаяқтыққа жатады, бірақ бізге бастықтар істі жауып тастаңдар деп айтты» деді. Сонда ол құзырлы органнан да құтылып кетіп отыр ғой. Яғни ол ақша берсе әрі қарай алдай беремін деп ойлайтын көрінеді», - деп ашынды Еркебұлан Нұрғалиев.
Түркістан облысы Арыс ауданы Монтайтас ауылының тұрғыны, зейнеткер Әбдіманап Байыров та, жылдар бойы жинаған зейнетақысын Алмат Абылхасовқа банк арқылы жіберген. Бірақ содан кейін не көмір, не ақша қайтпағанын айтады. Ақсақал соттың шешімі шыққанмен сот орындаушысы қаражатымызды алып бере алмай отыр деп налиды.
«Ауылымызда көмір тапшы. Вагонмен көмір әкеліп сатады. Мен де осы іспен айналысып көргім келген. Алмат Абылхасов деген адамды интернеттегі жарнамасы арқылы таптым. Альфа банк арқылы заңды түрде келісімшарт жасасып, 1 890 000 теңге ақшасын аудардым. Әне жібереміз, міне жібереміз деді де жүрді, көмір де жоқ, ақша да жоқ. Арасында көмірді вагонға тиедік деп жалған нөмірін жіберіп тұрды. Диспетчерлерге барып тауарды сұрасам, келе жатқан көмір жоқ екенін білдім. Осылай мені алдап-соқты. 210 тонна 3 вагон көмір келуі керек еді.
Кейін Павлодар қаласының сотына арыз түсірдім. Өйткені компания сонда тіркелген. Үш рет бардым. Алмат деген бала мүлдем сотқа келмеді. Сот менің пайдама шешім шығарып берді. Шешкенін қайтейін, көк тиын ақша жоқ. Сот орындаушысы оның атында ешнәрсе жоқ, ақшаңызды тартып алып бере алмаймын деді. Жылына 50 мың теңге жіберсе жіберді, жібермесе ол да жоқ. Талабым – ақшамды толық қайтарып берсін. Шымкеттің полиция департаментіне де арыз түсірдім. Ешқандай нәтиже жоқ. Тірнектеп жинаған ақшамыз ғой. Сондағы әйеліміз екеуіміздің зейнетақымыз еді ол қаражат. Барымыздан айырылып қалдық. Ал ол сотталған жоқ. Сонда әділдік қайда?!» - деп ашынды қария Әбдіманап Байыров.
Алмат Абылхасов вагондардың жалған нөмірін шымкенттік Хусан Исраилов деген азаматқа да айтып, уақыт созып келген. Жәрбірленуші үйі мен көлігін сатып, қазір төрт баласымен пәтер жағалап жүр екен.
«2017 жылы Алмат Абылхасовпен танысымның танысы арқылы таныстым. Үйіме де келіп, қонып кеткен. Кез келген уақытта қалаған көмірді жеткізіп береміз деді. Мен үйімді кепілге қойып, несие алдым. Сосын көлігімді ломбардқа қойып, қарыз алдым. Бас-аяғы оған 10 млн теңге ақша аударып жіберім.
Өзім Өзбекстандағы фирма арқылы келісімшартқа отырған едім. Сол көрші елге көмір жіберуім керек болатын. Ал ол фирма бізден алып, мектептерді көмірмен қамтамасыз етуі керек еді.
Басында сол компанияның баухгалтерімін әрі Алматтың анасы боламын деп бір әйел байланысқа шықты. Ол да маған жалған вагонның нөмірін айтыпты. Екібастұз қаласының экономикалық сотына арыз жаздым. Нәтижесі менің пайдама шешілгенмен жылына 1-2 мың теңге жіберіп қойып отырады.
Ақыры ломбардтан көлігімді ала алмай, пайызы көбейіп кетті. Түбі сол көлігім күйіп кетті. Несиемді де жаба алмай, банктің қара тізіміне іліктім. Соңында кепілге қойған үйімді сатып, банктегі қарызымнан құтылдым. Қазір 4 баламмен пәтер жалдап тұрамын.
Ол өте бетпақ адам. Қолыңнан түк келмейді, ақшаңды бермеймін, мемлекет ешнәрсе істей алмайды дейді. Полиция тым құрығанда 15 күнге қамағанда мәселе басқаша шешілер ме еді. Ал бізде бәрі таныспен, ақшамен шешіле ме білмедім. Бірақ ақ-қарасын анықтау үшін соңына дейін барамын деп бекініп отырмын», - деді Шымкент қаласының тұрғыны Хусан Исраилов.
Кәсіпкерлердің дауына қалған Алмат Абылхасовтың атында үш компания және бір қоғамдық қордың бар екені анықталды. Атап айтсақ, «Майкубен көмір», «Al tau», «Maikuben Eхport» ЖШС және «Азамат» Жастар ҚҚ.
Бұдан бөлек, egov.kz арқылы «борышкерлер тізілімі және шет елге шығуға тыйым салынулар бойынша тексеру» бөлімінен 20 шақты компанияға 100 млн теңгеге жуық берешегі бар екені белгілі болды.
Azattyq Ruhy тілшісі ҚР Бас проуратурасына осы мәселеге қатысты сауал жолдады.
«Ішкі істер министрлігімен «Al tau» ЖШС-нің директоры А.Абылхасовқа қатысты ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 195-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Нәтижесінде, 2020 жылдың 30 желтоқсанында Астана қаласының прокуратурасымен аталмыш іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде тоқтатылған.
ҚПК-нің 179-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес жазбаша нысанда жасалған және сот жарамсыз, жалған немесе өтірік деп танымаған азаматтық-құқықтық мәмілелерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға негізделген бұзушылықтар жөнінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз, хабар немесе баянат тіркелуге жатпайды.
Өзіңізге белгілі, тараптар арасында дау тудырған көмір бойынша келісімшарт жасақталған, аталған шарттар сотпен жарамсыз немесе жалған деп танылмағандықтан және тараптар арасында азаматтық-құқықтық қатынас болуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қабылданған процестік шешімді бұзуға негіз жоқ және онымен Бас прокуратура келісті. Бұдан бөлек, «Al tau» ЖШС-ға қатысты өзге қылмыстық істер жоқ екені анықталды», - деп мәлімдеді ҚР Бас Прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Біржан Мажренов.
Алайда жәрібенуші тарап дәл осы Алмат Абылхасовтың үстінен азаматтық емес, қылмыстық істің қозғалуын талап етеді. Сол үшін істі соңына дейін жеткізуді көздеп отыр. Алдағы уақытта олар ҚР Жоғары соты мен Президент әкімшілігіне арыздануды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, жәбірленушілердің бірі Алмат Абылхасовтың қазір көмір емес, бидай жеткізіп беремін деп ел-жұртты алдауға көшкенін айтты.
«Ол қазір алдаудың басқа жолына көшкен. Мен Абылхасовтың бір кісіге бидай жеткізіп беремін деп 10 миллион теңгесін алғанын толық дәлелдеп бере аламын», - деді кәсіпкерлердің бірі.
Azattyq Ruhy тілшісі Алмат Абылхасовтың 4 түрлі телефон нөміріне хабарласты. Тек бір нөмірі қосулы болғанмен тұтқаны көтерген жоқ.